Қанша бетперде киіп жүрсіз?
Шынайы болғанға не жетсін дегім-ақ келеді. Бірақ, кейде, кей жағдайда жасанды мінез де қажет сияқты. Ал, сіз не дейсіз, оқырман? Сізде жасанды қылық бар ма?
Айналаңыздағы адамдардан «Көрсетші бір, көрсетші, қылығыңды шынайы, мінезіңе жасанды... шыдай берем қашанғы?» дегенді естіп жүрген жоқсыз ба? Иә, бұл сөзді тек ақын Алмастың өлеңінен ғана оқыған жақсы, ал жақын адамдарыңыздан естісеңіз, бұл бетперде киіп жүргеніңізді білдіреді. Ақын Алмас Темірбайдың «Жасанды әйел» деген өлеңін оқып шыққан соң, «менде жасандылық бар ма?» деп өзіме сұрақ қойдым айнаға қарап оңашада. Кірпігім мен тырнағым жасанды емес. Ернім мен кеудем силиконмен жөнделмеген. Барлық ортада бірдей, айқайлап (ерсі болса да) шынайы күлемін. Драмалық киноға барғанда көзіме жас келсе, қасымдағы адамдардан қысылмайды да, жасырмайды да екенмін. Әлденеге өкініп, қиналғаным да жасанды емес. Еркек алдында өтірік ұялып, жасанды сызылуды да білмейді екенмін. Айнадағы өзіме қарап, «Әр әйелде болады мың сан қылық, қылықтың ең жаманы жасандылық. Жасандылық маған жат» дедім. Жалпы, тамыр-таныс, дос-құрбы ортасында да мен «Мен кейбіреулер сияқты жасандылық жасамаймын» дегенді жиі айтам. Бірақ, жақында бір афоризмдер жинағынан «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген нақыл сөзді оқыған соң ойланып қалдым. Маған арналғандай ма?.. Сосын «Мүмкін мен өзімді жақсы танымайтын шығармын. Сондықтан да «жақсымын» деп айқайлап жүрген болармын» деп ойладым. Өзімді тану үшін психологиялық тестің көмегіне жүгіндім. Сөйтсем, шынында да мен өзімді өзім танымайды екенмін. Жасанды мінез бар екен. Өйткені, тест нәтижесі менде екі бетперде бар екенін анықтады. Сізде ше, неше бетперде бар? Асықпаңыз, «Жасандылық маған жат» деп айтпас бұрын, өзіңізді тексеріп көріңіз. Ол үшін, төмендегі сұрақтарға шынайы түрде жауап беріңіз.
Әр «ия» деген жауаптың тұсына 2 ұпай жазыңыз, ал «жоқ» деген жауапқа ұпай жазылмайды. Сонымен, дайынсыз ба?
1. Мен әйелімді (күйеуімді) немесе сүйіктімді достарыммен, ал достарымды сүйіктіммен таныстырмауға тырысамын. Таныстарыма да ол туралы көп мәлімет бермеймін. Солай ма?
2. Шақырылған барлық отырысқа бара бермеймін. Таңдап қана және мүмкіндігім болса ғана барамын.
3. Қызыл түс – менің сүйікті түсім.
4. Қызметте жетістікке жетудің кілті – бастықтың көңіл күйіне қарай әрекет ету, ең бірінші сол кісінің көңілінен шығу, тілін табу деп білем.
5. Теміржол вокзалында немесе метрода, шулы ортада қасымдағы адамға ақыл-кеңес айтсам, мінін көрсем басқаларға да естіртіп, дауысымды қатты шығарамын.
6. Досыммен (құрбыммен) телефонда әңгімелескенде көпшілік ортасынан сытылып шығып, оңашада сөйлесемін.
7. Отбасында, жұмыста ынтымақ-бірлікті сақтап қалу үшін табан астында өтірік ойлап табу мен үшін қиындық тудырмайды. Мұндай жағдайда өтірік айта аламын.
8. Достарым көбінесе мені «нағыз әртіс» дейді. «Мамандықты дұрыс таңдамағансың, сен әртіс болуың керек» дейді әзіл-шыны аралас.
9. Егер шын қаласам, кез келген адамның көңілін баурап, жүрегін жаулап ала алатыныма 100 пайыз сенімдімін.
10. Мені жақтырмаған адамға ұнауға тырыспаймын.
11. «Мұндай мінезіңді бұрын қалай байқамағанмын?», «Сенің үйде басқа, сыртта мүлдем басқа адам екеніңді достарың білмейді-ау?!», «Кеше басқаша сайрап едің, енді неге сөзіңнен тайқып отырсың?» дегенді аракідік естіп тұрамын.
НӘТИЖЕ 0-6 ұпай Бетпердеңіз жоқ. Бетперде киюді ойламайсыз да. «Барым да, нарым да – осы» дейтін адамсыз. Ешкімнің көңіліне қарамай шындықты айтып саласыз. Көңіл хошыңыз болмаса, ұнамаған ортадан ешкімге есеп бермей-ақ кетіп қала аласыз. Досыңыз тұнжырап отырса, мұңын айтса, егер оған өзі кінәлі болса, біреудің кінәсі үшін көңіл күйіңізді өзгертпейсіз.
8-12 ұпай Сізде екі бетперде бар. Оның біреуі – көңіл күйіңіз нөл боп тұрса да ортаның ыңғайына қарай киетін күліп тұрған бетперде, екіншісі – көздеріне мұң ұялаған бетперде. Әр ортаның қалауы бойынша, сол ортаға лайықты бұл екі бетпердені үнемі өзіңізбен бірге алып жүруге кейде өзіңізді мәжбүрлейсіз. «Амал жоқ» дейсіз іштей күбірлеп. Өйткені, жақын адамдарыңызды ренжітіп алудан қорқасыз. Мүмкін бұл дұрыс та шығар, әйткенмен, екі бетпердеңізді шатастырып киюден абай болыңыз.
14-20 ұпай Бетперде сізде өте көп, түрлі-түрлі. Кім қандай болғаныңызды қалайды, соның қалауындағы бетперде сізден табылады. Үнемі бетперде киіп жүруге әдеттенгеніңіз соншалықты, оның артында қандай адам жасырынып отырғанын өзге түгілі, кейде өзіңіз де білмей қаласыз. Бір күнде бірнеше бетпердені алмастырып кию – үлкен шеберлікті қажет етеді. Шеберлігіңізге жұрт ғана емес, өзіңіз де тәнті боларсыз, бірақ бұның зардабы да бар екенін есте ұстаңыз. Тым болмаса ұйықтар кезде бетпердеңізді шешіп жатуды ұмытпаңызшы. Айналаңыздағы адамдарды алдағаныңызбен, өзіңізді алдамасаңыз болғаны.
Психологиялық тест осылай дейді. Иә, шынайы болғанға не жетсін дегім-ақ келеді. Бірақ, кейде, кей жағдайда жасанды мінез бетпердесі де қажет сияқты. Ал, сіз не дейсіз, оқырман?
ernur.kz