Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруашылыққа жаңа серпін

Шаруашылыққа жаңа серпін

Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендегені егінге әсер етпей қоймасы анық. Оның үстіне – жердің құрғақтығы, қаттылығы мен тұздылығы тағы бар. Аймақта атыз жағалаған ағайынның мәселесі май шаммен қаралып, шешімін табу жолында жұмыстар жасалып-ақ жатыр.

Осы мақсатта сәрсенбіде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма басшысының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты – Жанұзақ Байманов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты – Қанат Біләлұлы мен ФАО жобасының үйлестірушісі – Айжан Қарабаевалар ауданға ат басын тіреген еді.
Маңызды миссиямен келген азаматтар Ғ.Мұратбаев ауылындағы “РЗААГРО” ЖШС бас ғимаратында аудандағы барша егінші, шаруаларды жинап, семинар өткізді, мәселені қаузады.Мамандар ұзақ жылғы еңбегі, тәжірибесімен бөлісіп, жерді қайта құнарлы етіп, ылғалдығын сақтау үшін үлкен септігін тигізер «Қант құмайы» дақылы жайында баяндама жасады. Аталмыш дақыл ішсең – сусын, жесең – тағам. Жалпы әлем елдерінің тәжірибесінде бар дақыл адамзаттың ғана емес мал-жанның да қажетіне жарап тұр. Бұл жайында жиналған шаруаларға Қанат Біләлұлы баяндап берді.
– Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Олар топырақтағы тұздарды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, биоотын, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз, – дедіауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Оның айтуынша, қант құмайы – негізінен Африкада өсетін дақыл, суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жапырағын жая түсетін көрінеді.
– Жаңақорғандық «Агротехнология» шаруа қожалығы қант құмайын іс-тәжірибеден өткізіп көрген. Нәтижесінде 2-3, тіпті 5 метр биіктікте жақсы өсіп шықты. Қант құмайының тағы бір ыңғайлы тұсы – жоңышқадан ерте шығады. Бұдан бөлек, су үнемдеуге үлкен көмегін тигізеді. Өйткені ол жоғарыда айтқандай суды көп мөлшерде ішпейді. Сосын кәнігі жүгері технологиясы бойынша егіліп, бапталады. Бұған артық техника да қажет емес. Алдағы уақытта осы дақылды егер болсаңыздар ең бірінші суды үнемдейсіз, екіншіден егіншіліктің жаңа бағыты, жаңа кәсіп көзін бастасаңыздар да болады. Өйткені қант құмайынан шетелдерде тәтті сироп, алкоголдік сусын, ұн, пішінәй, макарон, тағамда жасауда, – деп Қанат Біләлұлы өз сөзін толықтырды.
Мұнан соң жиынға қатысушы шаруа қожалық өкілдері маманға өз сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Әрі қарай Жанұзақ Байманов Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұсынуымен «Егінші маман» сөмкесін ұсынды. Егін егілер жердің құнарлылығы не зияндығын анықтауға арналған жабдықтар әрбір егіншіге таптырмас жинақ. Бұдан кейін семинар өз мәресіне жетіп, аудан егіншілері ат терлетіп келген азаматтарға алғысын білдіріп, тарқасты.

Серік АҚМЫРЗА
29 маусым 2024 ж. 322 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031