Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала жұмыстарына дайындық басталды

Дала жұмыстарына дайындық басталды

Жуырда Қазалы ауданы әкімдігінде 2022 жылдың вегетациялық кезеңіне және көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысына арналған мәжіліс өтті.
Басқосуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Әсет Тоқтамысов, «Қазсушар» мекемесі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова және дербес бөлім мен шаруашылық басшылары қатысты.
Мәжілісті аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, күн тәртібіндегі мәселенің өте маңызды екенін атап өтті.
– Бүгін Сырдария өзеніндегі болжанып отырған су тапшылығы жағдайында ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын қайта қарап, вегетация кезінде дақылдарды суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілетін болады.
Өткен аптада ауданға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының іссапары барысында да өздеріңізбен кездесіп, бұл мәселелерді талқылаған болатынбыз. Депутаттар ұсыныстарды Үкімет деңгейінде көтеріп, барынша қолдау көрсетуге уәде берді.
Сондай-ақ 5 ақпанда Қазақстан ­Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен өткізілген мәжілісте вегетациялық кезең аса күрделі су тапшылығы жағдайында өтетіндігі айтылды. Биыл Көксарай су қоймасына мүлдем су жиналмайды деп болжанып отыр.
Бұл бағытта Үкімет басшысынан ­бастап, тиісті министрліктер мен облыс әкімі жоғары деңгейде жұмыс істеп, су тапшылығын болдырмау үшін көрші елдермен келіссөздер жүргізілуде.
Биылға межеленіп отырған күріш егісін суармалы сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туары анық.
Өздеріңіздің ұсыныстарыңызға сәйкес, ауданда «Вегетациялық кезеңде егістікті суармалы сумен қамтамасыз ету» жөнінде жұмысшы тобы құрылды. Ең тиімді шешімдерді қабылдай отырып, барлық мәселелерді оңынан шешетін боламыз деп сенемін, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты «Арал-Сырдария» бас­сейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов Сырдария өзені бойындағы су шаруашылығы жағдайы, «Қазсушар» мекемесі Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров ауылшаруашылығы дақылдарын вегетация кезінде суармалы сумен қамтамасыз ету, «Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Әсет Тоқтамысов су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығында су қорларын тиімді пайдалану, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын қайта қарау бағытындағы жұмыстар жөнінде хабарлама жасап, бүгінгі таңдағы нақты жағдайды баяндады.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірлерге беріліп, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Қасқырбай Әлімбай, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, «РЗА Агро» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Имандосов ойларын жеткізді.
Шаруашылық басшылары бірінші кезекте ауданда күріш алқабын мұнан әрі қысқарту көптеген қиындықтарға әкеліп соғатынын жеткізді. Біріншіден, егістік алқабы азайған жағдайда жердің тұздылығы артып, жарамсыз күйге түседі. Екіншіден, ауданда жұмыссыздық деңгейі артады.
Бұдан бөлек, егістікті әртараптандыру, субсидия төлеу, «Қараөзек» су қоймасының маңызы, Қуаңдарияның арнасын Сырдария өзеніне қоспау, бүркемелеп суарудың тиімділігі және егістіктің картографиясын бюджет есебінен жасау жөнінде мәселелер талқыланды.
Мұнымен қатар, Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғы­лы­ми қызметкерлері тарапынан шаруашылық басшыларына әртарап­тандыру бағытында суды аз тұтынатын, тұзды жерге төзімді құмай, түйежоңышқа секілді өсімдік­терді егу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Талғат Дүйсебаев шаруа­шылық басшы­лары­ның сұрақтарына жауап беріп, өз ұсыныстарын да жеткізді.
– Сырдария өзеніндегі судың жағдайы жыл сайын күрделеніп бара жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Алдағы уақытта су деңгейі азаймаса көбеймейтін секілді. Оның үстіне, ғалымдардың айтуынша, болашақта әлемде су тапшылығы орын алады. Сондықтан біз егістік егуде жаңа технологияларды пайдалана отырып, өсіруіміз қажет. Мұны мен жайдан-жай айтып отырғаным жоқ. Себебі Израиль мемлекетінің жері біздің жерден де өте нашар. Дегенмен ол ел дүниежүзіне 70 түрлі жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін экспорттайды. Сол сияқты біз де ғалымдармен бірігіп жұмыс істеп, осы жерге бейімделетін дақылдарды егуіміз қажет, – деді Талғат Тұрсынұлы.
Маңызды мәселелер талқыланған мәжілісті аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қорытындылап, Қазалыға арнайылап келген сала басшылары мен мамандарға алғысын айтты.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ,
Аудан әкімінің
баспасөз хатшысы
26 ақпан 2022 ж. 459 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031