Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ай көрдім, аман көрдім...»

«Ай көрдім, аман көрдім...»

Түн бұрынғыша жарық емес, тас қараңғы. Ызғар мен ымырттан аспанда еміс-еміс ай көрінеді. Жаңа туыпты. Осы сәтте ойыма «Ай көрдім, аман көрдім...» деген сөздер бірінен соң бірі орала берді, орала берді.

Бала күнімізде атамыз жаңа ай туса айға қарап сәлем беретін. Одан соң қолын жайып «Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» деп дұға ететін. Ал біз болсақ атамыздан бір саты төмен тұрып, қаз-қатар тізіле қалатынбыз. Онымен бірге қол жайып «Әмин» деп бет сипаушы едік. Сонда атам «Жаңа ай туғанда сәлем беріп, Алладан дұға ету керек» дейтін. Ол кезде онша мән бермеппіз. Сондағы үлкендердің ай туғанда осылай күбірлеуінің себебі неде еді?
Неге ай деп отырған боларсыз? Жалпы қазақы наным-сенімде айға қатысты біршама ырым бар. Мәселен «Ай толған сәтте жолға шықпа» дейді. Оның бастауы да сүннетке тіреледі. Ай толған шақ – адамның қаны тасып, жүйкесі сыр беріп тұратын жайсыз кезең саналады. Мұндай шақта ораза тұтқан адамның қан қысымы өз-өзінен төмендеп, басылады, сабырлық пайда болады. Ал қазақ мұндай қатерлі кезеңде ұры-қарының, жол тонаушының қолына түсіп қалмау немесе кездейсоқ жанжалға килікпеу үшін бейтаныс жерге жол жүруді жөн көрмеген. Яки бұл орайда да халық сүннеттен озбаған. Дегенмен айға сәлем беріп, дұға ету қазір сиреп барады. Онымен қоса мұны Аллаға серік қосу дегенге балайтындар жетерлік. Расымен солай ма? Дініміз не дейді?
Жаңа ай туғанда «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік» деп айтатын. «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп дұға тілейтін. Пайғамбарымыз жаңа ай туған уақытта дұға жасаған. Ал біз соңынан ерген үмбеті осы дұғаны әр ұлт өз тілінде қайталайтын. Қазақ тілінде жалпы «Аллаһым жаңа айды бізге құтты, қайырлы ет. Исламда, иманда, амандықта болуымызды берік ет» деп жаңа айға дұға еткен. Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрде «Ассалаумағалейкум» деп айдың атын атайды. Мәселен Ережеп айы, Шағбан айы немесе Рамазан айы деп сәлем беріп, «Сені де, мені де жаратушы бір Алла. Иә, Аллаһым осы айды бізге берекелі ет, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп тілеген. Дегенмен қазір мұның ұмытылып бара жатқанынан бөлек дұғаны дұрыс тілемейтіндер де кезігеді. Олар тек айға ғана дұға етіп, Алланы айтпайды. Жарылқайтын ай емес, жарылқайтын Алла. Пайғамбарымыз ай толғанда үш күн ораза тұтуды өсиет еткен. Өйткені жер бетіндегі сулардың тасуы мен қайтуы айдың толуына байланысты екені белгілі. Құрамы 80 процент судан тұратын адам қаны да ай толғанда тасуға бейім тұратынын қазіргі ғылым да дәлелдеп отыр.
Айға сәлем беру ғұрпы туралы Шохан Уәлиханов өз еңбегінде де баяндайды. Онда «Ертеде қазақтар жаңа туған Айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды» деп жазған. Ғұрыптың мәні – әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді.
Ата-бабамыз жаратылысынан Жарату­шының хикметін тани білген. Кез келген құбылысты жақсылыққа ниет етуге, ізгі дұға тілеуге себеп етуге бейімдік қазақтың табиғатынан бар. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік» деп айдан айға аман жеткеніне шүкіршілік етсе (ал шүкіршілік тек Жаратушыға айтылады), «Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» деп тағы да Жаратқаннан жәрдем сұраған. Мұның барлығы қазекемнің жан дүниесінің тазалығы, ғибадатқа деген шынайы құлшынысының көрінісі. Себебі ғибадаттың ең абзалы – дұға.
Айнұр ӘЛИ

25 маусым 2024 ж. 158 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031