Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңай олжа оңдырмайды

Оңай олжа оңдырмайды

– Миллионермін, – деп марқайды әлгі келіншек. Өзінің түрі келіскен, шашы қысқа, киімі де қымбат.
– Дубайға бардым деймін, Дубай, – деді тағы да.
Көзі жайнаған Ару аузын ашқан күйі сопиып тұрып қалды.
– Естимісің, алло? – деген «миллионер» бас бармағы мен ортан терегін «тық» еткізді. Көз алдынан көлбей өткен «бақыт» кадры зып етіп ғайып болған бойжеткен есін жия сала:
– Иә, иә. Мен баймын. Мен де осы деңгейге жетемін, – дегені сол-ақ еді, әлгі келіншек қымсынбастан қолындағы бар қаржыны «суырып» алды...
Күн өтті. Ай өтті. Ай соңынан жыл өтті... Соңы.

Жо-жоқ, бұл Арудың оқиғасының соңы. Ал біз әлеуметтік желілерде өріп жүрген «сетевой маркетинг, қара касса мен пирамида» секілді «ауа ақшаның» жай-жапсарына тоқталамыз. Әлеу­меттік желілерде суреті мен бейнежазбасы менмұндалаған қызық жазбалар талайының көзін шалуда. Жалт-жұлт еткен ақшалар бума-бума боп жарқырап тұр. «Өміріңді бізбен бірге өзгерт» деп қояды арасында. Қызыққан жұрт пікір жазып әлек. Біз де жаздық. Жазба авторы байланысатын нөмірді сұрады. Бәрін бажайлап түсіндіремін деп сендірді. Бердік. Бір минут өтер өтпестен қалтафонымыз шырылдады. Көтердік. Әйтеуір бірнәрселер айтып жатыр, айтып жатыр. «Түсінікті ме?» деп сұрап қояды. Болмаған соң директоры хабарласты. Сыңғырлаған телефонды көтермедік. Қояр емес. Ватсаптан сурет, бітпейтін мәтіндерді жіберіп, әбден мазамызды алды. Тіпті әлгілер жағдай сұрасып тұратын жақсы жақынға айналып үлгерді. Апта сайын есімізге оңай олжа табуды үйретуден жалыққан емес. Қанша тырыссақ та мұндай батпан құйрыққа ептей алмадық.
Кепілді кіріс ұсынатындардың қармағына түскендер көп. Жауапты органдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы ақпаратты таратып, қаржы пирамидаларына қарсы жұмысты күшейтіп-ақ жатыр. Бірақ алаяқтардың арбауына түскендердің саны анағұрлым артып, онлайнда ойындағысын жүзеге асырып жатқандар да көбейіп келеді. Бас прокуратураның дерегінше, соңғы бес жылда интернет алаяқтық саны он есе өскен.
Әлеуметтік желідегі алаяқтарға тұсау салу қиын болып тұр. Жауапты органдар алаяқтардың әрекетіне барынша тосқауыл қойғанымен, олар да күн сайын әдіс-тәсілін өзгертіп әлек. Оның ішінде қазақстандық банктер, телекоммуникация, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың сайттарына сілтеме жіберу жиілеген. Әдемі жарнамаға алданып, опық жегендер жетерлік. Сенбесе, сенімге ие болу үшін соңғы уақытта алаяқтар әлгіндегідей экономиканың түрлі секторында табысқа жеткен кәсіпкерлер мен танымал адамдардың есімін пайдаланады. Кейбірі халықтың көзайымына айналған әншілер мен желіде оқырманы көп танымал вайнерлерді жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға қолданып жатыр. Алайда алаяқтардың жарнамасын жасағандар емес, соңында қарапайым халық қана сан соғып қалады. Өйткені қаржы пирамидасы жарнама арқылы жәбірленушісін көбейтеді, ал жарнама жасағандар қомақты қаражатын алады.
Алаяқтардың схемасы ұқсас. Біріншісі, кредит пен өзге де міндеттемелерді өтеуге көмектесу. Бұл үшін олар қарыз алушыға мәселені шешу немесе кредит төлеу бойынша міндеттемелерді өзіне алатындарын айтып, кредит сомасының бір бөлігін жіберуге үгіттейді. Шын мәнінде, клиенттің қарызы өтелмейді. Керісінше, банк алдындағы берешегі өсе береді. Екіншісі, ұтыс қою арқылы пайда табу. Букмекерлік кеңселерде ұтыс арқылы үлкен ақша табуға уәде беретіндер де «маңғыт, аузыңа саңғыт» қылып кетеді. Үшінші, нарықтық құнынан әлдеқайда төмен автокөлік сатып алуға шақыратындар жеке немесе компания атынан хабарласып, ақша аударымын жасатқаннан кейін-ақ ізін суытады. Төртіншісі, смартфонның соңғы моделін арзан бағаға сатып алуға сендіріп, аванс ретінде тиісті ақшаның жартысын алдын ала банк картасына аударуды сұрайды. Қалған соманы басқа есепшотқа аударуды талап етіп, мұны аудару кезінде мәселе туды деп түсіндіреді. Артынша алаяқтар әрбір смартфон үшін тағы қосымша ақы төлеу қажеттігін жеткізеді. Қысқасы, соңында смартфон да жоқ, алаяқтың өзін де таппай қаласың. Бесіншісі, құжаттарды тездетіп алуға «көмектескісі келетіндер». Олар да әдеттегі схемамен жұмыс істейді. Алтыншысы, нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетін жоғары кірістілікке уәде ету. Бұл бизнесті қатысушының кірісі жаңадан қосылған адамдардың салымы есебінен қалыптасады-мыс.
Қазір белгілі бір қаржыны шотқа салып, қара касса ойнағандар бар. Аңқауы соған сеніп жүр. Біреуден қарызға ақша алып, әлгілерге беріп жүр. Онысымен қоймай, тыныш жатқанын ізінен ертіп жүр. Кімге пайда? Мұндай ақша қайдан келуде, бас қатырып көрдік пе? Расымен жеңіл ақшаны көргенде «жолдан тая­тынымыз» жасырын емес. Сондай жандардың бірі сенгіштігіне әлі де өкінеді.
– Несиеден шаршадым. Ай са­йын, келеді де тұрады. Оны өтеуге ақша таба алмай дегбірім қашты. Бір күні танысым осылай ақша табуға болатынын айтты. Содан не керек, адамының өзімен тілдестім. Жолын айтты. Адам тіркемейтінімді тағы ескертті. Сауда да сатпайды екенмін. Алғашқысы жақсы болды. Төменгі сомадан басталған ойынның аударар қаржысының көлемі де ұлғая берді. Таныс-тамырымнан қарызға 100 мың теңге көлемінде ақша сұрап, аудардым. Өсесің, өнесің, асасың, тасасың деді. Бірақ түк пайда көрмедім. Одан бері хат-хабарсыз қалдым. Екі еселенген ақша да жоқ. Хабарлассам телефон тұтқасын көтермейді. Тағы да қарыздың үстінен қарыз алып, санымды соғып қалдым, – дейді ол.
Кейіпкер аты-жөнін жасыруы­мызды өтінді. Тек ойнаған қара кассасы нақ пирамиданың өзі. Оны оңнан солға қарай тізбектелген тіркеу суретінен байқадық. Төңкеріп қарасақ, бастап ақша салған адам үшбұрыштың басында тұр. Одан кейін екі-екіден тіркелгендер пирамиданың пішінін бейнелейді.
Пирамиданы ұйымдастырушылар ақшаны алу үшін неғұрлым күрделі сызбаларды ойлап табады. Мәселен, ұзақ мерзімді жобаға инвестициялау. Бұл процеске сәйкес, компания инвестиция тарту үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ал бағдарламаның ерекшелігі – үш айдан 120 айға дейін тұрақты ақша салып тұру. Одан бөлек, туристік жолдамалар, ұтыс ойындары түріндегі бонустар да болады. Қатысушы ай сайын немесе тоқсан сайын үш-төрт жылға ақша салады. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар бұдан 20 жыл бұрын өзекті болған сызбаларды қазір пайдаланбайды. Яғни, құқыққа қарсы әрекеттерін жасыру үшін өздерін желілік маркетинг ретінде таныстырады. Осы мақсатта түрлі сертификаттар, зергерлік бұйымдар, косметика таратылады. Алаяқтардың тағы бір құйтырқы әрекеттерінің бірі – автокөлік немесе басқа да қымбат мүлік алуға ақша жинауға көмектесеміз деп уәде беретінінде. Бұл үшін жинақтау бағдарламасы бойынша ақша салуды талап етеді. Одан бөлек, эксклюзивті клубқа мүшелікке тарту – нақ осы қаржы пирамидасының бір түрі. Круиздерге, экскурсияларға шығамыз деп уәде етеді.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бизнесті бастау бойынша тренингтер, маркетингтер, копирайтингтер ұйымдастыратындарға да күмәнмен қарау керек. Бұл ретте алаяқтар кіру жарнасын төлеуге міндеттейді. Бүгінде алаяқтар ойлап тапқан тағы бір сызба – ол өздерін тұтыну кооперативі ретінде көрсетуі. Яки, кооператив атын жамылған қаржы пирамидасы пәтер немесе көлік алуда жеңілдетілген шарт ұсынады. Соның бір жарқын мысалы – Amanat Home инвестициялық пирамидасы. Өздерін тұрғын үй-инвестициялық ұйым ретінде көрсетсе де, құзырлы орган олардың іс-әрекеттері қаржы пирамидасына тән екенін анықтаған.
Одан бөлек, интернет-ресурстарды тексеруге болатын «Байқа, пирамида!» тelegram-боты іске қосылған. Ол азаматтарға қаржы пирамидаларының әрекетінен қорғануға көмектеседі. Күмәнді ұйымның қызметін тексеру үшін олардың интернеттегі сілтемесін ботқа енгізсе, жеткілікті. Тәулігіне бес рет сұрау салуға болады. Айта кеткен жөн, елде аталған қызметпен айналысқандар Қылмыстық кодекстің 217, 217-1 баптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Одан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Аспаннан ақша жауа ма? Жоқ. Ал сіз соны ескердіңіз бе? Тағы да жоқ. Қиялға шомып, ауадан ақша жасауға құмармыз. Асыл болғымыз келмейді. Маңдай термен нәпақа табуға масылдығымыз басым. Қазіргі нарық мұндай олжаны көтермейді. Қызыл диплом қолда болмаса да кәсіп ашып, нәсібін көруге зор мүмкіндік жасалған. Ең алдымен адамға талап қажет. Содан соң, жігер керек. Сонда ғана аспаннан ақшаны жаудыра аласыз.

Түйін: «Жұртты жарылқаймын» деген қаржы ұйымдарын түбірімен құрту мүмкін емес. Себебі, алданатын «ақымақ» барда, олардың қарасы батпайды. «Қазір біреуге-біреу сенетін заман емес» дейді. Онда неге жақынымызға емес, әдемі сөйлегенге сенеміз? Аңқаумыз ба? Мүмкін сенгіш шығармыз? Бір үзім нанға жиған ақшаны бала-шағаның аузынан жырып алып қалайша «далаға» тастай саламыз? Санымызды сан рет соқсақ та қазылған орға қайтадан неге құлай саламыз? Аспаннан ақша жаумайтынын ескерсек, сіз іздеген батпан құйрық, айдалада жатқан жоқ.
Айнұр ӘЛИ

25 маусым 2024 ж. 163 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031