«Ойыншық па, саған Ақ тырна?»...
– Бұрын біліп істеген, білмей істеген күнәларың үшін ертең «жазаланасың» – деді бойы ұзын, аппақ киімге оранған жігіт.
– О несі, әй, – деген талайы абдырап қалды.
Бес күн ішінде бірнеше зираттың басына «саяхат» жасайтын керуен автобусының бас сұңқары болған әлгі жігіт жоғарыға қарап, көзін алартып қояды. Қолындағы құтысынан суды аузына толтыра құйды да қарсы бетте отырған сұсты әжейдің бетіне бүркіп жіберді.
– О несі, әй, – деген талайы абдырап қалды.
Бес күн ішінде бірнеше зираттың басына «саяхат» жасайтын керуен автобусының бас сұңқары болған әлгі жігіт жоғарыға қарап, көзін алартып қояды. Қолындағы құтысынан суды аузына толтыра құйды да қарсы бетте отырған сұсты әжейдің бетіне бүркіп жіберді.
– А-а-а-а...
Ертең таң ата тысқа шыққан әлгі әже шалынып құлапты-мыс. Содан аяғы «істен шығып», жүруге шамасы болмады.
– Міне, кеше сізге айтқан жазаның түрі осы еді. Келесі әулие басына барғанда қояды, – деді ол кеудесін керіп.
Расымен, манағы «ақсақ әжеміз» келесі аялдамада-ақ шауып кетті. «Апыр-ау, бұл не деген құдырет?!» деп ғажайыпқа масайған қауым тағы шулады. Ол кезде баламын ғой. Біразы бұлдыр болып есте қалмапты. Сонда ауылдан Тараз қаласына барып, сол жақтағы жақындарымыздың жетегіне еріп кете беріппіз. Дым көрмегендей аузымыз ашылып, құдды ертегілер елінде жүргендей-ек. Сол уақыт «сұңқар» мен «аққулардың» көкке ұшып, соңынан бірнеше «үйірін» ертіп әулие-әмбиені еркін аралаған кезі. Оған баратындар, сенетіндер көп еді ғой, жарықтық. Ал қазір солар қайда?
... Саған ойыншық па, «Ақ тырна»,
Көңіліңе қаяу келсе жақтырма.
Ақшаңды бердің бе, лақтырма,
Жоқ, басқа молда таптың ба?
Әй, ойыншық па, саған «Ақ тырна»...
Бұл шындығы мен әзілі аралас өлең жолын білмейтін адам кем де кем. Осыдан 10-15 жыл бұрын «Шаншар» әзіл-сықақ театрының хит болып тұрған кезі. Әзілі өтімді, қозғаған мәселесі өнімді. Күлдіреді. Күлдіре тұрып шындықтан шымшып алады. Бұл «Тәуіп» атты пародиясынан сол кезде өзекті болған «сұңқарлар» мен «аққуларды» келемеждегенін көкірегі ояу, көзі ашық әрбір адам бірден түсінген еді. Түсінбегені керуеннен түсіп қалмады.
Әулие аралап, аққуларға өткенің мен болашағың жайында болжау айтқызғанда түбінде шикіліктің барын аңғармады талайы. Оның ішінде біз де бар едік. Қызық, баста орамал, қолайлы киім, иықта атың жазылған ақ мата. Сол матаға қарап атыңды атайды. Айнала қоршап отырған «алаңға» әдеміше келген, етек-жеңі ұзын «аққу» келіп бірдеңелерді сыбырлап айта бастайды. Одан соң өшірітте «аталары» «айтарым бар» деп тұрса керек. Соның ішінен біреуін таңдап, өзі емес, жанына аруақ кіріп, жиналғандардан біреуін таңдайды. Ол орнынан тұрып, қолын жаяды. Сонау өткенінен басталған өлең жолдары, болашағын жырлаумен аяқталады. Тіпті, зиярат етушіні сол әулие-әмбиелер, өмірден озған ата-бабалары, әке-шешелерінің рухымен тілдестіреді. Қалай дейсіз бе? Аруақ әлгі сұңқар не аққу арқылы сізбен «сөйлеседі». Қайтіп? Ал о жағы белгісіз.
Өлең-жырға қаныққан адам мәз. Кей тұстары сәйкес келгенде тағы таң қалып, «уланады». Өйткені зиярат етушілердің біреуі – бір шикіөкпеге зар болса, енді бірі – дертіне ем іздеп әлек. Ал ендігісі – жолым ашылып, басыма бақ қонсын деген ниетпен барады. Осындай жанды жерді пайдаланған олар торына аңқау пендені оңай түсіріп отырған. Не үшін дерсіз, бәлки. Алдымен бір автобуста 50-ден аса адам болады. Балаларға, үлкендерге деп белгілі соманы қойған. Мәселен ересектер 18 мың теңге берсе, кішісінікі одан сәл арзан. Енді әлгі ақшаны 50-ге көбейтіңіз. Айына 2-3 рет ыңғайлы уақытта ұйымдастырылып отырған бұл керуеннен түскен пайда қайда? Әрине, сол кезде осы «саяхатты» ұйымдастырған қордың қалтасын томпайтты.
Бертін келе жаңа технологияға ентелей жеттік. Компьютер, қалтафонға назарымыз ауып, әлгілер жайында ойлау тіпті естен шығыпты. Арада 15 жылдан аса уақыт өтті. Сол кезде аспанға қанат қағып, жақсылықтың нышаны болған «символдардың» қарасы көрінбейді. Қызықтырған осы тақырып аясында дін өкілімен аз-кем әңгімелескен едік.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Қазіргі халықтың сауаттануына орай олардың өтіріктері өрге баспады. Сол кездегі «Ата жолы» секілді ұйымдарды экстремистік топ ретінде таныды. Қазір бұлардың жұмысына ресми түрде заңмен тыйым салынған. Дегенмен рухани жағынан әлсіз адамдар алданып жатады. Өз кезегінде мұндай істер толығымен тоқталған жоқ. Әлі де бар. Бұлардың ғылыми не ата-бабалар ұстанған рухани дәлелі жоқ. «Анда апару керек, мында бару керек» деп талайын алдады. Халықтың санасы жетілген сайын бұлар да алдау амалдарын жетілдіріп отырады. Қара әулие, ақ әулие, сары әулие сияқтылар болды. Бірақ қазір жоқ. Олар сол кездері халықты бір рет қана алдап, талайы сан соқты. Алайда әлі күнге дейін моральдық әлсірегенде балшы, құмалақшы жағалайтындар бар. Қазақ өзі «41 құмалақ» деп атын дұрыс қойған. Яғни құмалақтың нәжіс екенін айтады. Тағы бір мақалда «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп айна қатесіз қолданады. Осыдан-ақ құмалақтың нені ірітенінін, лас екенін бағамдай беруге болады. Одан соң әулие, зират аралау, белгілі бір мақсатта елді жинап, зират және зиярат әдебін сақтамай ер мен әйел араласып қабір аралауы шариғатта тыйым салынған.
Түйін
– Бізді неге МАИ қызметкерлері тоқтатпайды? – деді керуен автобусының артқы жағында отырған қара торы жігіт.
– Өйткені біздің автобусты ақ шымылдық жауып тұр. Жолда жүргенімізді сырттай ешкім көре алмайды, – деді сұңғақ бойлы «сұңқар». Сол кездегі мұндай құдіретті «шымылдықтың» сана мен технология дамыған тұсында тігісі сөгілерін кім білсін?! Бастысы – өлілерге сиынуды қойып, ақиреттің есебі барын ұғындық.
Айнұр ӘЛИ