Тағы да TIK TOK...
Фото: ашық дереккөзден
«Жаһандану», «даму» дегенді қалай түсінесіз? Иә, алдымен көз алдымызға цифрлық сауаттылығымыз артып, қағазбастылықтан арылып, алпауыт елдермен тіресе жаңа заманның талабына сай болу елестейді. Жөн-ақ, қатардан қалмай, жармасып, таласып келеміз. Алайда сол дамудың оңтайлы тұсы көп болғанымен масылдықты ерттеп алған олқылығы да артып келе жатқанын ескере бермейміз.
Қазір Тik-tok деген әлеуметтік желі көпшіліктің сүйіктісі болып барады. Аша қалсаңыз түрлі трендтегі видеоларға шолу жасайсыз. Ал сіз салған бейне қызық болса лүпіл мен пікір саны тіпті артады. Яки, лайк басылған сайын сіздің видеоңыз дүйім жұртқа ұсыныла береді. Мұны барлығы «рек» деп атайды. Түрлі-түрлі атаумен тіркеліп, қызық контент ұсынғандардың аудиториясы да көп болады. Мұнда өзге әлеуметтік желіден өзгешелік бар. Ол – тікелей эфирден табыс табу. Қалай деймісіз?
Оқырман санын жинау үшін қызықты видео жүктеудің қажеті де жоқ. Ол үшін арнайы бағдарламалар бар. Тіпті танымал тиктокерлердің тікелей эфиріне кіріп, қолдау көрсетсеңіз оқырман санын көбейте аласыз. Егер 1000 оқырманнан асса сіздің де тікелей эфирге кіру мүмкіндігіңіз пайда болады. Енді тақырыпқа ойысайық. Тікелей эфир – Тик-токтың терминінде «стрим» деп аталады. Сол стримда отырған адамға қолдау көрсету үшін сыйлық жібересіз. Сыйлық жіберген сайын ол адамның тікелей эфирі рейтингке шығып, дами бастайды. Ал ол сыйлық тегін тұрмайды. Ең арзан сыйлық 1 монетадан басталады. Мұндағы ең қымбат сыйлық – Tik-tok live деп аталады. Сондағы монетамен 34999 деген цифрға ие. Одан соң – арыстан. Хит сыйлықтың бірі. Бағасы монетамен – 29999. Ал енді мұны сатып алу үшін қанша теңге жұмсалады? 70 монета – 470 теңге, 350 монета – 2340 теңге, 700 монета – 4670 теңге, 1400 монета – 9 40 теңге, 3500 монета – 23330 теңге, 7000 монета – 46660 теңге болса, 17500 монета – 116640 теңге. Ал әлгінде айтқан ең қымбат сыйлықты жіберу үшін – 233280 теңге қалтаңыздан қағылады. Мүмкін мұның барлығына ақша құртып жұрт отырмайды ғой деп ойларсыз. Енді қараңыз, сол сыйлықты егер сізге жіберсе аккаунтыңызда арнайы «Киви кошелек» ашылады. Сол жерге доллар болып түсіп тұрады. Әрине, оның бірнеше проценті Тик-токтың қалтасына кетеді. Жартысынан азын өзіңіз жинап, ақшаны шешіп алуға болады.
Бір қызығы, карта немесе телефон нөмірі арқылы оңай сатып алынған монета сізді баурай береді. Құдды азартқа кіргендей боласыз. Қымбат-қымбат сыйлық жіберіп, өзіңізді көрсеткіңіз кеп тұрады. Есімін жазбауды сұраған Тик-ток қолданушысы бізге осылай деп ағынан жарылды.
– 15-20 мың теңгемді жұмсап осы әлеуметтік желіге оқырман жинадым. Саны 7 000-ға жетті. Оқырманың көп болған сайын абыройың да артады екен. Өйткені тікелей эфирге шыққанда барлығы соған қарайды. Екі адам бір-бірімен батл ойнайтыны бар. Онда халық басқан лайк пен жіберілген сыйлық арқылы ұпай жиналады. Егер жеңілсе, қарсыласының барлық тапсырмасын орындайды. Әрине, бұл алдымен жұртты қызықтырып, қымбат сыйлықтар алу үшін ұйымдастырылады. Бірде сол желіде танымал болып үлгерген үлкен әпкеге кірдім. Жас баламен ойнап отыр екен. Сол кез айлық алған болатынмын. Көзді жұмып алғашқы сыйлық жібердім. Одан соң тағы, тағы жібере бердім. Көріп отырған адамдар мені «топ» деп мақтаған сайын ақшамды құртып, өзіммен-өзім жынды адамдай есімді жоғалттым. Тағы сыйлық жіберемін деп сатып алуға картаға кірсем, ақша жеткіліксіз дейді. Сонда небәрі 30 минуттың ішінде 67 мың теңгемді құртып қойған екенмін, – дейді желі қолданушысы.
Иә, бұл сыйлықтарды бір-біріне жіберіп, донатор (демеуші) болып, монета мен долларларды айналымға түсіріп, жақсы пайда көзін тауып отырғандар бар. Олар ойынның жілігін шағып, майын ішкен, тәжірибе жинақтаған адамдар. Ал жаңадан қосылған жанның әлгі кейіпкер секілді манипуляцияға түсетіні анық. Тіпті бір күнде 100-200 мың теңгесін салып, артынша өкініп қалғандардың саны жетерлік.
Тик-токтағы табысты айттық. Енді ойысар тақырып сол жердегі заманауи қайыршылар болмақ. Бір күніңізді арнап, сол тик-токтың тікелей эфирін шолып шықсаңыз, түрлі адамдарды көресіз. Бір келіншек бар. Үнемі балаларын тастап, қалаларда қыдырып жүреді. Отырып алып, жатар орны мен ішер ащы суына ақша сұрайды. Жұрт жарылқай қоймаса, «500 теңгеге билеп беремін» деп жар салады. Тағы бір келіншек бар. Жалғызбасты анамын деп зар жылайды. Күні-түні сол эфирде отырып ақша сұрайды. Алайда жұмыс істегенін көрмейсіз. Кеше бір әйелге көзім түсті. Жесір қалдым деп еңкілдей жылаған ол несиесіне ақша жинап отыр екен. Халық бірге уайымдап, ақша салып, айлық несие төлемін өтеп берді. Ал кешкі уақытта еңкілдей жылаған әлгі келіншек кафелетіп, билеп, қыдырып жүр. Тіпті 100-200 теңгеге жұлқына билеп, есі кеткен есерсоқтарға да тап боласыз. Қыз кейпіндегі ерлер де осында. Халықтан ақша жинап, мүшелерін ауыстыру үшін сайқымазақ болады. Әлгінде айтқан қымбат сыйлықтарды жіберіңдер деп халыққа міндеттейді. Ұйқысыз күндер өткізіп, тікелей эфирден шықпайды. Ал жұрт қызығып соларға кіреді, ауызға келгенін жазады. Бір-бірімен сөзге келеді, соттасады. Құр кетіп жатқан уақыт-ай дерсіз.
Қош. Заман ағымына сай дамып жатырмыз дейміз. Иә, дамыдық. Бірақ мойынға жүк болып мініп алған масылдығымыз бізді әбден қайыршы етіп бітті. Бұрындары базар алдында, көше бойында отыратын цыган қайыршыларды ендігі әлеуметтік желілерден көріп қалсаңыз таңғалмаңыз.
Қазір көбі «Тик Токтың» құрсауында жүр. Уақытын босқа өткізген бір бөлек, азартқа кіріп, қалтаңыз тарылғанын білмей де қаласыз. Неше ай бойы осы желідегі тікелей эфирлерді қарадым. Лотерея ойындары мен карта, секундқа ақша тігу секілді эфирлерде толған адам. Ұтқаны да, ұтылғаны да осында.
Бірінші ойын – билет алу арқылы лотерея ойнатқандарды көз шалды. Онда аз сомадан бастап, миллионға дейін ақшаны көрсетіп қояды. 1 билетті 500 немесе 1000 теңгеден сатып аласыз. Кей эфирде билет құны 100 теңгеден. Қызығы сол арнайы әйнек құтыдағы билет саны шектеулі болады. Ал анаған қызыққан жұрт сол билетті алып, лотереядан бағым жанады деп соңғы тиынына дейін көрсетілген нөмірге төлем жасайды. Бірақ сол сәтте әлгі адамды эфирден бұғаттап тастайды. Бастапқы ойындарда жақсы ойнататындар кезікті. Дегенмен «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегенді алға тарқан көбі сене бастады. Әлгі ойынға ене бастады. Жасыратыны жоқ, мен де лотереяның лохотрон екенін біле тұра төлем жасап, алданған жұрттың жай-күйін сезінгім келді.
Бірде тікелей эфирлерді шолып отырып бір лотереяға көзім түсті. Онда соңғы билеттер қалған екен. Жүргізуші қалың көрерменнің көзінше барлығын санап, бас-аяғы 50 билет қалғанын айтты. Сол билеттердің ішінде 200-500 мың теңге көлемінде ұтысы бар. Сенбейін десең, пікір толы жақсы сөздер. Ұтқандар да рақметін айтып мәз. Содан не керек, мың теңгеден әлгі 50 билетті сатып алдым. Пікірге «төлем жасадым» деп жаза бергенім сол еді эфирден мені бұғаттап тастады. Ыстық тердің маңдайдан қалай ытқып шыққанын көрсеңіз ғой. Ащы күлкі езуіме еріксіз келе берді. Нөмірге тіркелген Ватсапқа жазсам, жауапсыз. Қоңырау шалсам, өшірулі. Басқа «Тик Ток» аккаунтпен кіріп, әлгі эфирге бардым. Әлі сол 5 билет тұр. Ақша салғандарды бұғаттап отыр. Пікірге жазып үлгергенім болмаса, тағы да бұғаттап тастады. Сол сәтте мессенджерге бір қыз жазды. Алданып қалған екен. Жаман аурумен ауыратын ол еміне ақша жинамақ болады. Емі миллиондаған қаржыны қажет етеді. Бастапқысын блогерлер арқылы халықтың қайырымдылығынан жинаған ол соңғы емдеріне қолдау таппайды. Ойында ештеңе жоқ, әлгі жеңіл ақшаны ұтып алып, кезекті емінен өтуді көздейді. Дегенмен мен алданған алаяқтарға тап болады. Маған қоңырау шалып, ішкі мұңын айтқанда, жылап, шер шығарғанда өзімді қоярға жер таппағаным рас.
Бұлай алданған адамдардың қатары көп екені айдан анық. Тек қолынан келер шарасы жоқ. Өзі аз айлыққа күн көріп, қымбат азық-түлікпен күнелтіп жүрген жандар сан соғып жатыр. Әрине, ойнағаны дұрыс емес дерсіз. Дегенмен қаржыға мұқтаждық әлгі үлкен сомаларды көргенде есіңнен таңдырары сөзсіз. Уақыт өте алданғаның ұмытылады. Еңбекпен тапқан адал ақшаңның орны қайта толады. Есесіне, жеңіл ақшаның оңай келе қоймайтынын ұғынасың. Алданғандар барлығын Аллаға тапсырып, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал алаяқтар әлі күнге дейін тайраңдап, талайдың көз жасына қалуда. Ар азабы ешкімді, ешқайда жібере қоймас. Жазалауды қолға алу керек. Біздегі ой халыққа тиімсіз тұсын бұғаттаса дейміз...
Айнұр ӘЛИ