Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Диабет балаларда жылдам басталады

Диабет балаларда жылдам басталады

Жер бетінде 250 миллионға жуық адам қант диабетімен ауырады екен. Деректерге сүйенсек, әлемдегі әрбір 500-ші сәби мен әр 200-ші жасөспірім қант диабетіне шалдыққан. Біздің елде де кейінгі он жылда қант диабетіне шалдыққандар саны екі есеге артыпты.
Ал аудандағы ахуал қалай? Қазалы Теміржол ауруханасы бойынша 18 жасқа дейінгі 7785 бала бар. Олардың екеуі қант диабетімен ауырады, көрсеткіші -0,2 % құрайды. 2024 жылдың алты айында бұл диагнозбен науқас тіркелмеген. Осы орайда балалар дәрігері Шара Байбазароваға жолығып, диабет туралы жан-жақты білуге, оқырманды құлағдар етуге тырыстық.

– Шара Кәрібайқызы, жалпы қант диабеті дегеніміз не? Оқырманға жатық тілмен жеткізсеңіз...
– Қант диабеті – ұйқы безінің бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруымен осы инсулин гормонының жетіспеушілігінен пайда болады. Осы себепті барлық зат алмасу түрлерінің, айрықша қант алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауру. Қант диабеті инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып 2 түрге бөлінеді. Ең басты себептердің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану болып табылады. Сол сияқты қажеттен артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеліп соқтырады. Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікке тіреледі. Сырқатқа шалдығудың көп себептері тұқымдық бейімдеушілік екенінде айтып өткен жөн. Тұқым қуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында өте көп таралып отыр. Тағы бір себебі экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің зиянды әсері. Бұл ауру жас талғамайды. Әйтсе де бұл сырқат егде адамдар арасында көп кездеседі, оның басты себебі организмді қоректендіретін қан тамырларының, әсіресе ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің азаюы. Қант диабетінің кең таралуына – ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы да әсер етеді. Қант диабетінің балалардағы ерекшелігі ауру қатты екпінді басталады. Балаларда аурудың жеңіл түрі кездеспейді. Асқынуға бейімді. Бұл қауіпті асқынулар – гипергликемиялық және гипогликемиялық комалар. Екі типтегі диабетте де қанда қант деңгейі жоғарылайды, гиперкликемия пайда болады.

– Қант диабеті екі типке бөлінеді екен. Оларды қалай анықтауға болады?
– Қант диабеті – тағамды қорыту кезінде қанға түсетін қантты ағзамыздың жасушаларына сіңіру қиынға соғатын жағдай. Қант – дене жасушаларының негізгі энергия көзі. Инсулин қантты қаннан жасушаларға жылжыту және оны энергияға айналдыру үшін қажет. І типті қант диабетінде ұйқы безі инсулин бөлмейді. ІІ типті қант диабетінде инсулин жеткілікті болуы мүмкін, бірақ дұрыс жұмыс істемейді. І типті қант диабетінде инсулин шығаратын ұйқы безінің жасушалары жойылып, инсулиннің абсолют тапшылығына әкеледі. Бұл бұзылудың себебі аутоиммундық процестердің нәтижесінде вирустардың (тұмау вирусы, Коксаки, паратиф, коронавирус және т.б.) әсерінен иммундық жүйе өз тіндерін танымай, қарсы антиденелер шығарып, өз ағзасының ұлпаларын жояды. Бұл жағдайда инсулин синтезіне жауапты жасушалар антиденелермен жойылады.

– Қант диабетіне пайда қандай фактор душар етеді?
– Біріншіден, вирустық инфекциялар: қызамық, желшешек, паротит, Коксаки вирусы, вирустық гепатит, коронавирустар. Екіншіден, ана сүті – өтемаңызды фактор. Финляндияда жүргізілген зерттеу қант диабетінің осы түрімен ауыратын барлық баланың нәресте кезінде ана сүтімен қоректенбегенін көрсеткен. Үшіншіден, балаға ерте бастан сиыр сүтін беру. Сиыр сүтінде ақуыз бар. Бұл зат ұйқыбезінің бета жасушаларын бұзатын антиденелердің пайда болуына ықпал етеді. Төртіншіден, аутоиммундық реакция факторлары, генетикалық (туабіткен) бейімдік. Ата-анасы (біреуі немесе екеуі) осы ауруға шалдыққан болса, балаларында қант диабетінің осы түрінің даму ықтималдығы жоғары болады. Бесіншіден, психологиялық күйзеліс. ІІ типті қант диабетінің пайда болу себебіне келсек, көп жағдайда артық салмақ, қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау. Бұл факторлардың генетикалық бейімдікпен үйлесуі қауіпті. Бұған қоса, бұрынғы Халықаралық қант диабеті федерациясының президенті Пьер Лефевр атап өткендей, «қант диабетінің әлдеқайда жасарып кеткені ерекше алаңдатады». Кейінгі он, жиырма жыл көлемінде майлы фастфуд өнімдерінің көбеюі, компьютер мен теледидар алдында шамадан тыс көп уақыт өткізу, қимыл-қозғалыстың азаюы балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздікке алып келді. Семіздік – диабетке бастайтын жол.

– «Ауру – астан» деп жатамыз. Диабетке душар қылатын тағамдар туралы білсек...
– Фастфуд өнімдері, газды тәтті сусындар, консервіленген дайын өнімдер, тәттіні (көмірсу) шамадан тыс пайдалану қант диабетіне алып келеді.Ата-аналардың өз баласының денсаулығына немқұрайлы қарауы,жауапкершілікті толық мойнына алмауында. Бұлай дейтінім жас организмге зиян екенін біле тұра балаға өздері кола, чипсы алып береді.

– Бұл аурудың алғашқы белгілері қалай байқалады?
– Суды шамадан тыс көп ішу, әлсіздік, кіші дәретке жиі шығу, салмақ тастау.

– Балалардағы қант диабетін емдеу және асқынудың алдын алу жолдары қандай?
– Балалар мен жасөспірімдердегі қант диабетінің алдын алу үшін ең алдымен ата-аналар баланың тамақтану сапасына назар аударуы керек, тәттілерді шамадан тыс пайдаланбау, гиподинамия және артық салмақ қосуды болдырмау қажет. Вирустық инфекциялардың алдын алу және уақтылы емдеу, интоксикацияны жою маңызды рөл атқарады. Қант диабетінің бірінші түрін емдеу жолы біреу-ақ. Ол инсулин қабылдау. Қазір инсулиннің көптеген түрі бар. Олар тұрақты инъекциялар режимінде, помпалы инсулин терапиясы әдісімен немесе инсулин препараттарының тұрақты инфузиясы режимінде де қолданыла береді. Бұл – толықтырушы терапия, яғни науқастар ағзада жетіспейтін инсулинді сырттан алады.
Қант диабетінің бірінші түрінде науқастар ішкен тағамының көлеміне қарай инсулинді қажетті мөлшерде салады. Қандағы қантты қалыпқа келтірудің ең маңызды шарты – рационал тамақтану. Ең бастысы, дұрыс тамақтану жүйесі қандағы глюкозаның тамақтанғаннан кейін көтерілмеуіне мүмкіндік береді. Мұндай тамақтану барлық адам үшін пайдалы. І типті қант диабетінің алдын алу екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі аурудың басталуына дейін жүзеге асса, екіншісі аурудың клиникалық кезеңі пайда болған кездегі профилактика.
Бастапқы профилактикада ата-анасы қант диабетімен ауыратын балаларға генетикалық зерттеу жүргізу керек. Құрсақішілік және балалар мен жасөспірімдердің инфекцияларының алдын алу. Ұйқы безінің бета жасушаларын бұзатын аутоиммунды процестерді тудыруы мүмкін (сиыр сүті, азотты заттар – нитраттар, токсиндерді) балалар тағамынан шектеу. Жоғары сапалы суды пайдалану. Балаларға газдалған тәтті сусындар мен пластик ыдыстағы кола, фанта, спрайт, лимонад, шырындар мен жасанды сүт бермеу.Екінші кезеңдегі алдын алу шарасы ұйқы безінің бета жасушаларының зақымдану дәрежесін анықтаудан, аутоиммунды агрессиядан қорғауға бағытталған дәрілік терапиядан және инсулярлық аппаратқа күш түсірмеу мақсатында төмен дозалы инсулин терапиясынан тұрады. Қант диабеті – бұл қандағы қанттың (глюкозаның) жоғарылауымен сипатталатын ауру.Қант диабеті балалар мен жасөспірімдердегі барлық эндокриндік аурулар арасында бірінші орында.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.
Әңгімелескен,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
25 маусым 2024 ж. 184 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031