Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы аясаң, аяма

Баланы аясаң, аяма

Фото: ашық дереккөзден
«Жеңіс» саябағын өздеріндей жаста тазалап, ағаш егуге көмектескенімізді айтқанымда, балаларым аң-таң күйде қалды. «Неге, анашым, саябақты сіз тазалайсыз?», «Жұмысшылар қайда?», «Ата-анаңыз неге рұқсат береді? Жылан шағып алса, не істейсіз?» деген сұрақтарын естіп, таң қалдым. Ұғынғаным, олардың пікірінше еңбек ету – қалыпты емес, қауіпті жағдай. Дұрыс шығар. Алайда адамның қалыптасу құралы саналатын еңбекке енжарлық қайдан пайда болды? Байыптап көрдік.

Еңбек – бәрін жеңбек
Алғаш туған бала еңбек әрекетін қарапайым көріністен бастайды. Хакім Абайдың айтатын, жас баланың анадан туғанда ішсем, жесем, ұйықтасам дейтін әркеті уақыт өте келе ,білсем, көрсем, үйренсем деген құмарлыққа ойысады.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенді айтқан бабаларымыз еңбек еткенге абырой басын иетінін ұрпағына ұлықтауды ұмытпаған.
Кешегі Кеңес Одағы тұсында жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеу – үлгілі үдеріске айналды. Мемлекет маңыз беріп, саясаттың ажырамас бөлшегіне айналдырды.
Зерттеу жұмыстарына көз салсақ, еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге, өзіне қажетті құндылықтарды қаттаумен бірге, нәтижелілік, ой еркіндігіне мүмкіндігі артады.
Адам өмірінің барлығы еңбекке байланысты. Еңбекті өмірден, өмірді еңбектен ажыратылмайды. Адам туылғанда анасының омырауын іздеп жылауы – еңбек. Қажеттілік үшін жасалған қамның алғысы. Өзіне керекті азық үшін әрекетке барды. Осылай қимыл-қозғалыс жалғаса береді. Ойыншық керек болса, қолын созады, жаңа затты аузына салып көреді. Үлкендер барлығының ретті болғанын қалаймыз. Сол үшін сәбилердің әрекетіне тыйым салып жатамыз. Оларға тыйым жасау психикасына, қозғалысына бөгет болады.
Баланы – жастан
Балалардың еңбекке деген оң көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге, бір-біріне кедергі келтірмеуге, сыйлауға қалыптастыруда еңбекке баулудың маңызы зор екенін айтады Алтынай Зәкірова.
Тәрбиеші қызмет ететін орында жас ерекшеліктеріне байланысты түсінік беру, еңбекке үйрету, ортақ мүлікті пайдаланудағы жауапкершілік, өз-өзіне қызмет көрсету, әртүрлі жұмыстар, ойындар арқылы тәрибелеуге баса назар аударылады. «Мақта қыз бен мысық», «Көйлекті маған кім берді?» «Қайдан келдің, бауырсақ?», «Әке мен бала» сынды шығармалар арқылы тақырыпқа бойлайтын әдістер әсері мол.
«Күншуақ» тобының тәрбиеленушілерінің барлығы «Гүл өсірсең терлеп, Бұның аты – еңбек. Кесте тіксең зерлеп, Бұның аты — еңбек. Қиындықтың бәрін Еңбек қана жеңбек» деген жолдарды жатқа айталды.
Педагог К.Д.Ушинский мен Е.И.Тихеева­ның ойынның – бала үшін шынайы еңбек екендігін ғылыми дәлелдермен негіздеген.

Үйрен де, жирен
Алдымен ауылда, кейін аудан орталығында өткен балалық шағымыз туралы ойлағанда, үлкендеген тигізген қолқабысымыз, олардың ынталандырған әркететтері еске түседі. Қала да, далада да солай болатын. Қозғалыс, жұмысқа қабілеттілік бертін келе түрлі қызығушылыққа арқау болып, мақсаттарымызға жеткізуге машықтандырды. «Үйренгенің өзіңе жақсы» немесе «Үйрен де жиренді» қабылдау қазір қиын.
«Әке көрген оқ жонатынын» ескерсек, бала амалының қайнар көзі ересектерге еліктеуден бастау алады. Қолынан телефоны түспей, өзгелердің бақытына қызыққан ана, теледидар астында, желдеткішті қосып қойып, санасы жетпейтін саяси құбылысқа қарсылық білдіретін әкенің әрекеті оған мүмкіндік бере алар ма?..
Бүгінгі оқушы сенбілікке шақырылмайды. Сыныпты тазаламайды. Жөндеу жұмыстарына жұмылдырылмайды. Олай ету Конвенцияға қарсылық. Еңбекке баулудың тәрбие жұмыстарынан бөлек жалғыз мүмкіндігі – көркем еңбек пәні.
Балалардың шығармашылық жігерін жанып, шеберлігін шыңдауға жетелейтін пән 1-9 сыныпта жасөспірімдерді жан-жақты еңбекке жетелеп, алғашқы өнертабыстарын жасауға қол жеткізсе, 10-11 сыныптарда жаңа бизнес жоспарлар құруға дағдыландырады.
Аптасына бір рет өтетін пән сағаты аз болса да, жүгі жоғары. Сыныптағы бала жасы 20-ға жетпесе, ұл, қыз болып бөлінбей, бірге сабақ өтеді. Сірә, қаржылық қиындықтан туған жағдай болса керек. Онсыз да отбасында ата-анасы уақыт таппаған баланың қабілетін жетілдіретін жалғыз пәннің әупірімдеп, «өлместің күйін» кешіп жатқанына кім кінәлі?..

Әркім өз статусында қалуы керек
– Еңбек еткісі келетін баланың қабілетін шектеу орынсыз. Барлық адам қабілетті келеді. Бастапқы жұмысы өміріне әсер етуі мүмкін. Бірақ бала істейтін жұмыс жеңіл, ыңғайлы, қауіпсіз болуы тиіс. Барынша ата-анасы, жақындарының көз алдында болғаны дұрыс.
Бүгінгі қазақ қоғамында Кеңестік кезең терең сіңіріп тастаған «бұйырғаны болады» деген сыңаржақ пікір қалыптасқан. Әрекет етпеген адамда берекет қайдан болсын. Талпынып тұрғанда тауын осылай шағып жататынымыз бар, – дейді Жанар Қуанышбай, психолог. Ол перзенті жұмыс істеп тапқан табысты өз мақсатына жұмылдырып, масыл болатын ата-аналарға да кәсіби көзқарасын білдірді.
«Әр адам өз қаражатын өзі басқарып үйренуі тиіс. Бала – әке, әке – бала статусына ауыспағандары дұрыс»,– деген ұстанымда.

Өбектеу өзектен тептірмесін
– Кішкентайларды ес біле бастағаннан еңбектенуге баулу маңызды. Бұл физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да тиімді. Ұзақ жыл мектепте мұғалімдік қызмет атқара жүріп, балаларды еңбекке баулыдық. Өзіміз де бағыт-бағдар беріп, жандарында болдық. Еңбекке бейім бала математикалық дәлдікке де үйренеді. Табиғат аясындағы жұмыс денесін шынықтырса, мектеп, үй ішіндегі шаруа ұйымшылдыққа, дене сымбатының қалыптасуына әсер етеді. Қазір балалар жұмсалмайды. Тым қатты өбектеу келешекте өзектен тептірмесе етті, – дейді ардагер ұстаз Мәрия Жібекәлі.

Бала бала болуы шарт
Тақырып турасында ата-аналардың да пікіріне құлақ түрдік.
– Баланы жұмсауға түбегейлі қарсымын. Екі ұлдың арасында өскен қыз бала болдым. Анам жұмыс істетпеді. Тұрмысқа шыққан соң, көргенімді жасап кеттім. Қиындық тудырған жоқ. Санасы бар барлық адам солай істейді деп ойлаймын. Ағайын туыстарымыз бар. Анасы жұмысқа кетеді. Үйіндегі бүкіл жұмыс ұлдарының мойнында. Қамыр илейді, ас әзірлейді, кір жуады. Айлық сәбилерді бағу да үлкендердің мойнында. Ал сол ағамыз әйелінің барлық ішкі әлеміне араласып, қыздарына да «сүйкімі кеткен».
Балалық адамға берілетін ең әдемі кез. Оны бұзуға, өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ деп ойлаймын, – дейді Марал Ілескен.
– Үлкен қызыма барлық жауапкершілікті артып, ерте есейттік. Пайдасы тиді. Рахметін айтады. Бірақ тым жасық болып қалды. Салдарын балалығын ұрлаған амалымнан көремін, – дейді Айдана Құмарбекова.
– Ет те тырнақтан мезгілі жеткенде ажырайды. Еңбек ету – әр адамға міндет. Қызым Бота маған көмектеседі. Байқаймын, саудаға бейімі бар. Тұтынған, пайдаланған заттарын сатып жібереді. Ұлым Бауыржан 3-сыныпты бітірді. Биыл аулаға көкөніс отырғызып, оны күтіп-баптап, ақша табуды міндеттедім. Танымдары кеңісін деп, шетелге алып шығамын. Қымбат киім кидірмеймін, қымбат телефон алып бермеймін. Көлік, басқа да жақсы дүниелерді сыйлауға жағдайым жетеді. Әр нәрсенің құны бар. Өзіне қажеттіні өзі тауып үйренсін, – дейді кәсіпкер ана Гүлбану Әлиева.

Қандай жұмыс лайықты
Баласының еңбек еткенін қаласа да, қауіптенетін ата-ана көп. Кәмелеттік жасқа дейін баланың барлық жағдайын қамтамасыз ету – ата-аның міндеті. ҚР Еңбек туралы заңында мектеп жасындағы жасөспімідердің де табыс табуына тосқауыл қойылмаған. Бірақ барлық бала 22:00- 06:00-ге дейін ата-анасының жанынан табылуы шарт.
14-16 жас аралығындағы балаларға аптасына 24 сағат, 16 жастан бастап кәмелетке толғанға дейін аптасына 36 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілген.
Балалар киноға түсе алады. Театр қойылымдарына қатысуға мүмкіндігі бар. Циркте өнер көрсетуіне болады. Атқаратын істері санасының дамуына, денсаулығына зиянын тигізбеуі керек. Он үш жастан асса, оқудан бос кезде ақша таба алады. Он алтыдан асса, жұмысқа орналасып, біліктілігін арттыруына болады.
Ел заңында балаларға рұқсат етілмеген жұмыстар бар. Олар түнгі клуб, ойын залдары, темекі, ішімдік, психотроптық заттар қолданылатын барлық орын. Қаржыға жауапты қызметтер, зиянды өндіріс орындары, вахтада еңбек етуге жол берілмейді.
Балалар ақысы қалай төленеді? Еңбек шарты тек 15 жастан асқан балалармен жасалады. Ақысына көрсетілген, белгінген сома жоқ. Сондықтан, жұмыс берушімен келіскен жалақыны ала алады. Жалақы кемі ең төмен жалақы көлемінде болуы тиіс. 18 жасқа толмағандар да кәмелетке толғандармен теңестіріледі, еңбек заңында белгіленген жеңілдіктерді пайдалануға құқылы.

Тояды қарның тіленбей
Қазір еңбек етіп, қосымша табыс табатын балалар да бар.
Олардың қатаранда Әділет Ерланұлының айтары төмендегідей.
– Жұмыс істеп жүргеніме екі жыл болды. Достарымның барлығы ақша табады. Оны дұрыс деп ойлаймын. Үлкен тойханада даяшымын. Көлік жуу, шаңсорғышпен тазалау жұмыстарын да істеп көрдім. Болашақта жан қиналмайтын, ақысы да көп жақсы жұмыс табамын деп ойлаймын, – дейді.
«Мектеп жасындағы, тіпті студент қыз балаларды, әсіресе, түнгі жұмысқа жібермеген дұрыс. Өзім көрген жағдайлар осындай ой түйдірді», – дейді ол.
Әділетпен толқындас Дидар Амангелді мүмкіндігі болса, диплом алмай, жұмыс істемеген жөн дейді. Себебі еңбек келісімшартын жасаспаған жұмыс берушілер әділетсіз әрекеттерге барып, ісін бағаламаған.
Қазір он бес жастағы Арайлым Жанұзақ – аниматор, он төрттегі Мархабат Мирболат – фотограф, дизайнер. Оныншыны аяқтаған Ақниет Нұрәлі жазда қалада тұратын туысына барып, кішкентай баласын қарамақ. Қалалық Әлинұр Қайрат бақшалыққа қолқабыс етіп, қаржы табуды көздеп отыр. Айтуларынша, мүмкіндік кез-келген жерде бар. «Жұмыс жоқ, ақша аз» деу сылтау ғана.

Әр елдің салты басқа
Әлемдік педагогикада еңбексүйгіштікке бау­лу маңызды рөлге ие.
Мәселен Қытайда балабақша бүлдіршіндері спортқа, киім тігуге, тоқыма тоқуға, ас әзірлеу сынды жұмыстарға ерте жастан дағдыланады. От, ауыр, үшкір, өткір заттарды тұтынуға мүмкіндік берілген. Тіпті тәрбиешілер мен балалар химиялық, физикалық зертханалық жұмыстарды да жасай алады. Бұл ұстанымның бүгінде «Аспан асты елінің» абыройын асқақтатуға қандай мүмкіндік беріп отырғанын бәрі біледі. Солтүстік Кореяда балаларды ауылшаруашылығы жұмыстарына жіберу әлі бар. Жазғы демалыста әр оқушы әскери машықтан өтеді.
Жапонияда оқушылардың өздері отыратын сынып бөлмелерін, мектеп ауласын, дәретхананы да тазалау үрдісі бар. Канада мектептерінде аспаздық өнер, мүсіндеу сабақтары қосымша жүргізіледі.

Қозғалмаған бала – қоғамға қауіп
Қазір дәрігерге жүгінетін балалар мен жасөспірімдер көп.
Дәрігер Жанат Қалмаш балалар арасында тұмау, ас қорыту жүйесінің бұзылысы, салмақ жетіспеушілігі, клиникалық семіздікке шалдыққандар көбін айтады. Қан аздығы, қан айналым бұзылысы, кальций мен фолий қышқылының жетіспеушілігі бар. Көз аурулары да көбейген. Күн көзін көрмейтін, айналасына зер салмайтын баланың бойында кешуілдеу, әлсіздіке жоғарыдағы аурулардың барлығы кездесуі мүмкіндігін алға тартады. «Бұл орайда перзентіне тым қамқор болып, тежеуден гөрі, дұрыс бағыттау маңызды. Телефон беріп, дамуын тежеген ата-аналардың амалының салдарын көріп жатқан жағдайымыз бар», – дейді ол.
Түйін: соңғы жылдары мүмкіндігі шектеуі балаларды еңбекке баулуда жеткен жетістігі жоғары болған жағдайларды жиі естіп-көріп келеміз. Бұл денсаулықты шыңдайтын, қиындықта сынбайтын еңбек пен қозғалыс нәтижесі. Болашағыңды ойласаң, бүгініңді байыпта дегенді ескерсек, еңбекке баулу, оны бағыттау әр адам үшін маңыздылығын ұғынамыз. Еңбекпен шынықпаған баланың бүгінгі өмірден алатыны аз, болашағы да бұлыңғыр. «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз текке айтылмағыны анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

04 маусым 2024 ж. 213 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031