Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әсемдікке әуестік

Әсемдікке әуестік

Әсемдік деген ұғым әу баста әйел деген түсінікпен біте қайнасқан. Қызыл мен қуыршаққа құмартқан қыз бала әдемілікке әуестігі бертін келе ұлғайып, онан сайын айналасын ажарландыра түседі. Әр буынның ой түкпірінде осындай іңкәрлікке тұнған әдемі әлемі болады. Заманына қарай амалын қылатын адам біткеннің өткенге ой жүгірткенде, санасын сәулелендіретін әдемі әсерлі жылдар өтсе де, жадынан ешқашан жоғалмайды.


Үлкен қуыршақ

ХХ ғасырдың 80-жылдарында дүниеге келген біздің буын туралы сөз айтылғанда, оларға тән ортақ ұқсастықты аңғарасың. Шағын ауылда дүниеге келген бізге ата-анамыз, сол уақыт өлшемімен қарағанда, өте жақсы жағдай жасап, жайлы тұрмыс сыйлапты. Шетелдік киімдердің, ойыншықтардың түр-түрін тұтындық. Ауылдағы жалғыз сауда орнында меңгеруші болған анамыз қат, санаулы киім алып беруге тырысатын. Киім болмады емес, болды. Қаз-қатар тізілген ұзын сөреге қарапайым киім ілгішке ілінген тауар түрлері толып тұрғанымен, ең таңдаулылары қолжетімді болды деу қиын. Оны бала көңіл сезініп, өсті. Қызық, ол кез бен бүгінгі күннің айырмасы да сонда. Қазір өнім түрі жеткілікті, қаржы қолбайлау болса, ол кезде ақы бар, алатын зат жоқ. Одақтың өзінен шыққан өнімнің санаулы болатыны мемлекеттің ішкі саясаты болған шығар. Таразылайтын таным ол кезде тым таяз еді.
Ұмытпасам, 1989 жылы Орал қаласына қыдырып бардым. Анамның жұмыс орнынан басқа жерді көрмеген маған, қазіргі Батыс Қазақстанның бас қаласындағы «Универмаг» аталатын үлкен сауда орталығына бару, Голливуд фильмдеріне экраннан еніп кеткеннен кем болмады.
Не деген көп заттар. Киім керек пе, шаруашылық заттары, керек-жарақ, тұрмыстық техниканың түр-түрі. Бір затты ұзын-сонар жерге жайып қойған. Бір бөлім тек шалбар сатады, бір бөлім көйлек деген сияқты. Қызық, қыста киетін киімді де көрсетіп қойыпты. Шыжыған шіліңгір шілдеде оны кім алады екен? Қалалықтардың түсінігі әлде басқа ме екен?.. Басым алғашқы әсер мен сан-сақ ойды қорыта алар емес.
Әлі есімде, сол жолы үлкендермен қызықтап жүріп, әйнек қабырғалар маңына орналасқан киім манекеніне көзім түсті. Үн түнсіз тоқтап қалдым. «Керемет! Мынандай да ғажап болады екен... Маған папа-мамам неге кішкентай қуыршақ алып беріп жүр, егер мынандай қуыршақ болатын болса». Қиял қияға қыр асты. «Егер мынаның бірін ауылға қайтарда алып кетсем, барлығы менімен ойнауға таласар еді. Бастысы, мамамнан сөз естіп, шілтерлі киімін, терезежапқышты қимаймын. Үлкен киімдер бола береді».
Қалыңдық киімін сататын қатардағы қысқа желектер бізге әлі жетпеген. Ауылдағы барлық тойға шақырмаса да, баратын басым олардың ұзын болатынын білетін. Қысқа желектерді қуыршақтарға арналған киім деп ойладым. Орамал орап, пердені қыржымдаудың да қажеті жоқ болар еді. Алған үлкен қуыршағыма желекті ойша киіндіремін. Үстінде анамның желбірлі ақ көйлегі бар бейнесін елестетемін.
Сол жаздағы барлық арманым – үлкен қуыршақты болу болды. Жатсам-тұрсам мазалайтын осы қиялды ұяңдығым ешкімге жеткізе алмай, ішке бүккен күйі, ауылға қайттым. Қазіргі кезге дейін пластикалық мүсінге деген құрметім айрықша. Өткен күнде бұйығып жатқан бала арман әсерінен туындаған сезімнен қалыптасса керек.

Жұпыны жылтыр, көрікті карнавал

Өзімізге дейінгі адамдарға қарағанда, өте жақсы күндерді кешірдік. Арнайы карнавалдық киімдер болмаса да, ауылда қандай үлгіні айтсаң, артығымен дайындап беретін Аққалам, Сайлаукүл сынды тігінші апалар бар. Осы күні шығармашылық жұмысы шетелдерде бағаланып жүрген мықтылардың көбі сол бір алтын қолды жандардың «шедеврының» шаңына ілесе алмайды-ау.
Ескі суреттерді қарап отырсақ, қызықты ертеңгіліктер, іс-шаралар өтіпті.
Балабақшадағы шыршада біріміз беларусь, біріміз қазақ, біріміз үнді болып киініп алыппыз. Ал тышқан, қоян, арыстан сынды ертегілер кейіпкерлеріне киім іздеп әуре болмаймыз. Суретшілік қыры бар тұрғындар бейнесін салып, басымызға киіп алсақ жеткілікті. Барлығы түсіне қояды. Әліппемен қоштасуда да әріптер жазылған плакаттан жасалған бас киімді көбіміз кидік.
Осыдан бірер жыл бұрын балабақшаға баратын қызыма ақ көйлек алып беріп, жаңа жылға кигіземін дегенімде, тәрбиеші олай болмайтынын айтқанда, таң қалғанмын. Барлық бала бір түстен киінеді екен. Байқаймын, дәстүрге айналған үрдіс болса керек, ата-аналар чатындағылардың бірде-бірінен қарсылық мәндегі пікір келіп жатқан жоқ. Кейін үйрендік. Асықтың киімі, бұлттың киімі, жапырақтың киімі, гүлдің киімі деген сияқты түрлері көбейе береді екен. Талап солай. Ата-ана баласы үшін барын жасауға дайын. Үрдіс 4-сыныпты, 11-сыныпты бітірген балаларда да белең алған. Бірдей киім, аяқ киім. Шаш үлгісі. Қаруар қаражатқа қарамай, басқалардан қалмау керек. Сондай-ақ сынып болып, топ болып, бірыңғай киім кию де сәнге айналған. Тіпті түлектердің ата-аналары да салтанатта біртүстес киім киетін көрінеді.
Барлық шараға қыз біткен пердеден тігілген қазақша киім, айшығына шырша ойыншығын майдалап турап, желімдеп жасаған әшекейлі сәукеле киетін, ер балалар грузин шайынан шыққан жылтырдан ою ойып, мектеп формасына тағатын көрініс қазір күлкілі.
Жеткіншек баласы ән айтатын апа кішкентайына арнап тіктірген киімін бүкіл ауыл балалары киген. Бір жолы алған адамын таба алмаған киім иелері келер іс-шарадан танып, тауып алғанын айтқан болатын.
Нағыз дағдарыс кезеңі болған 1993-1995 жылдарда да жаңа жыл тойланды. Бір мерекеге тігілетін шырша орнына жергілікті жыңғылдың әкеліп, сәнденгенін де көзіміз көрген. Аяз атаның қалтасына салатын сыйлық ретінде сынып болып жинаған шоколадты үлестіргені де бар.

Тірі маникен

Мен армандаған маникенді біздің ауылдағы кішкентайлардың барлығы көрді дей алмаймын. Көз алдымда қалған сұлбаға қатты еліктеймін. Бойымды түзу ұстап, шашымды жинап, мойнымды созып жүруге ұмтыламын. Осындай арманымдағы аруды алғаш рет өмірде көрдім.
11-12 жасым. Ауылдағы Чекалин ағаның үйіне алыстағы Атыраудан қонақтар келді. Сыныптасым Клараның айтуынша, үлкен папасы Оспан мырза белгілі кәсіпкер. Жұбайы Гүлмаржан Сәлімгерейқызы атақты дизайнер. Жаңа киім үлгілерін пішіп, ұсынады екен. Мұндай мамандық болатынын сол кезде білдім. Ұлан-асыр той. Ауылдағылардың барлығының аузында жаңа қонақтар. Өнерін өміріне өзек еткен адам құрметке лайық болатыны туралы түсінік маған да сол жолы қалыптасқаны белгілі.
Аталмыш қонақтар жалғыз келмепті. Нақты санын білмеймін. Бірақ жандарына ере келген модель қыздың мүсіні бөлек, ұзын бойлы, қынап таққан белдігі қыпша беліне сондай жарасып тұр. «Мама, қара пальто киген тәте неге әдемі, біздің ауылдың қыздарына ұқсамайды», – дегенімде анам, оның сән үлгісімен айналысатын адам екенін, олар артық салмақпен күресуде түрлі жұмыстар істейтінін айтты. «Тірі маникен» мені қалаға қарай жетеледі. «Шіркін қалада тұрсам, салған суретімді кластағылар емес, басқалар да бағалар еді. Киетін киім үлгісін өзім дайындап, оны көпшілік алдына, журнал мұқабаларына өзім киіп түссем несі жаман» деп қоямын іштей.

«Көзілдірік» операциясы

3-4 сыныптардың бірінде оқитын кезіміз. Үлкендер «оправа» деп атайтын қара көзілдік, күміс түстес шынжырлы алқа қызықтыратын.
Біздің батыс жақ беткейімізде тұратын көршіміз Бектұрған ағаның үйіндегі Нұргүл менен екі жас үлкен болса да, ұяң, биязы қыз болатын. Бір күні сол көршім күннен қорғайтын көзілдірік тағып алғанын көрдім. Қызығып сұрап едім, сағатқа айырбастайтынын айтты. Осы күндердің бірінде көрші ауыл Қожабақыдағы үлкен үйге барғанымда, үйдегілерің көбі электронды жаңа сағат тағып алыпты. Соның бірін сұраусыз алып кеттім. Бірлікке жетісімен, олжамды Нұргүлге көрсеттім. Көзілдірікті берді. Алайда әрекетімізді біліп қалған анасы Айдай апа айғайға салып, екеуімізді де оңдырмады. Сағат қайта қолыма тиді. Болған жайды досым Гүлжанатқа жеткізгенімде, ол арманымды орындай алатынын айтты. Бір күннен кейін атасы, соғыс ардагері Тәжікен ақсақалдың бір көзі лупа көзілдірігін әкеліп, сағатты алып кетті. Туыстар жоғалған затты іздеп, кінәліні тапқанда, Тәжікен атаның үйінде де үлкен ұрыс болған.
«Сұлулық құрбандықты қажет етеді» деген ұстанымдағы өтірігім мен ұрлығым өміріме үлкен сабақ болды.
Түйін. О баста кімдікі болғанын білмейтін, кейде қысқартылып, қалыпқа келтірілген киім киіп өссек те, асқақ арманымыз аласармады, биікке ұмтылдық. Алысқа қол создық. Кейінгі уақытта ата-анасы алып берген киімді, бір үйдегі үлкен баланікін екіншісі кимейтінін көріп жүрміз. Әркімнің өз пікірі, ұстанымы болуы керек. Орынды. Бұл жерде «ескі зат үйге жақсылық әкелмейді» деген түсініктегі таңдауға ерік берген үлкендердің де кінәсі бар ма деген ойда қаласың. Әлде оны қабылдамау қазіргі «көріпкел» коучтар айтпақшы, сол бір іргетастан қаланған «кедей ойлаудың» кесірінен бе екен, кім білсін?..

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 мамыр 2024 ж. 261 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031