Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаптаған ханым, мыңғырған мырза

Қаптаған ханым, мыңғырған мырза

Фото: ашық дереккөзден
Осыдан жиырма екі жыл бұрын Халықаралық қазақ-түрік университетіне қабылданғанда, анадолылық ұстаздардың нәзікжандардың барлығына «ханым», ерлерге «бей» яки «мырза» деп сөйлейтіні тәнті еткен. Тосырқадық. «Ешкім естімесін» дегендей елеңдедік. Ал қазір «ханымды» жатырқамай, «мырзаға» қалыпты қарайтын күйге ендік.

«Ханым» деу кімге лайық?

Қолданысқа кеңінен еніп кеткен «мырза» мен «ханымға» «мұрын шүйірмейміз». Ақпараттық арна, байланыс құралдарында айту бел алды. Аудармаларда да жиі кездестіреміз. Той-жиындарда бағытымды бұрамыз.
Кейде «ханымның» активті қолданысқа енуі калька деуге келетіндей. Қазақтың бай фольклорына қанығып өскен ұрпақ «ханымның» мағынасын жақсы біледі. Тіліміздегі «ханым», «ханша», «ханшайым», «ханзада» атауларының барлығы «ханға» байланысты айтылатыны белгілі.
2008 жылы шыққан, Т.Жанұзақов басқарған редакциялық топ құрастырған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» жүгіндік. Кітапта, бірініші, «Ханым – ханның әйелі, зайыбы» деген анықтама берсе, екінші, «Шетелдік біреуге қарата сөйлегенде оның тегі мен атағына қоса айтылатын сыпайы түрдегі қаратпа сөз» делінген. Қараңыз, ғылыми негіздеме қолданыстағы белсенді сөзің қате екенін, оны тек шет мемлекеттіктерге қолдануға болатынын «тайға таңба басқандай» таспалап тұр.
Алғашында Франция мен кейбір Еуропа елдерінде ресми қарым-қатынаста қолданған сөз аясы өзгеріп, жоғарғы тап немесе текті отбасына жататынын білдірсе, кейінірек сөйлеу этикетінің формулаларында қолданылатын сөздер категориясына ауысады. Кейде «үй иесінің» баламасы ретінде де қолданылады.
Қазақ ханымдары дегенде Әбілқайырдың жары Бопай, Жәңгірдің жары Фатималардың аты аталады. Баршамызға таныс Бегім ана, Жәнібек ханның жары Жаған, Қасым ханның анасы Аққозы бегімдер туралы айтылғанда, оның бектің жары екендігін ұғынамыз.
«Мырза» сөзі жоғарыда аталған кітапта мынандай мағынаға ие.
«Мырза – құрметтеуді, сыпайыгершілікті білдіру мақсатында сауатты, білімді адамдардың есімдеріне және әмірші әулеттері аттарына қосылып айтылатын сөз. Ауыспалы мағынада – қолы ашық, жомарт адам».
Сондай-ақ сөздікте «Мырзатек – түзу өскен сымбатты ақтерек», «Мырзалық – жомарттық, қолы ашықтық, кеңпейілділік», «Мырзасы – мырза болу, жомартсыну» деген сөздер мағынасы да кездеседі.
Бұл сөзді естігенде, Алаштың атымтай-жомарттары Құнанбай, Алшынбай, Тана би ойыңа оралады. Ал қазіргі кезде бүтін бір ауылға, бір салаға қаржы құйып, игілігін тигізіп жүрген азаматтарға «мырза» сөзін телудің төрелігі тура болар.


Еліткен этикет

Көпшілікке таныс коуч Құралай Ошақбаева отбасылық тұрмыстық қиындыққа көп кездескенін, кейіннен өзін танып, оянып, айналамен арпалысуды доғарып, ішіндегі «айдаһар» – жамандықпен күресіп, оған ден қойғанда, өмірінің жақсы арнаға ауысқанын айтады. Қазақтың арасында «ханым» сөзінің кеңінен сіңісуіне атсалысқан ару бұл сөзді жатырқаудың қажеті жоқтығын жеткізді.
Құралайдың әріптесі Айгүл Жұбаназарова пікірге түбегейлі қарсы.
«Адамды құрметтеу, еңбегін бағалау – өркениетті елдерге тән қалыпты норма, қарым-қатынас қағидасы, сыпайылық көрінісі. Алайда «ханым», «мырзаны» барлық адамға кез-келген жерде айтудың жөні жоқ деп білемін. Оған негіз де жоқ емес», – дейді ол. Психолог маман екі қоғамның тоғысында өмір кешіп жатқан жұртшылық жаңашылдыққа ұмтыламын деп, кей жағдайда қиындыққа кездесіп жатқанын айтады.
«Әдетте қазақтың ерлері салқынқанды, сабырлы келеді. Ата-ана, туыстық байланыс та солай. Бетіне айтпайды, сыртынан қолынан келген барлық жақсылығын жасайды. «Іштей сүйетін» күйеуі бар келіншек отбасында да ата-әжесінің қызы болып, жеткілікті махаббатқа қанықпауы мүмкін. Жылылық іздеген ол бір ауыз «ханым» сөзіне елітіп, «өзімді таптым» деп, қарызға қалай белшесінен батқанын білмей қалып жатыр», – дейді сөзінде.
«Туысымның жақсы тұрмысы, берекелі кәсібі бар еді. Жақында жарнамасы жер жарған желілік бизнеске кіріп, барлығынан бас тартыпты. Айтуынша, мұнда тер төкпейсің, қиналмайсың, ақша өзі келеді. Бастысы, барлығы оны Асылбек мырза деп атап, құрмет көрсетеді, жер-жерлерді аралайды екен. Сұрастырып көрдім, компанияның Қазақстанға кіргеніне 15 жылдан асса да, одан байып кеткен адам болмаған. «Байыдым» дегендердің де былықтары әшкере болған. Менің ойымша, әдемі сөйлеп, елітіп ерту бір отбасын бүлдіріп қоймай, бүкіл елі құртады», – дейді Сағит Асқарәлиев.
««Ханым» дегеннің несі жаман. Маған ұнайды. Асқақтай түсемін. Жарымның да үйде ғана емес, көпшіліктің алдында солай атағанын қалаймын. Мен оны «мырзам» деуден ұялмағанда, ол неге ұялады. Шетелдерге шығып жүрміз. Бұл сөздің баламасын естідік. Ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын», – десе Гүлбану Ешімова, тіл маманы Сәнімкүл Ізекенова: «Айтып отырғаныңыз, Кеңестік кезеңдегі жаппай «товарищтендірген» тенденцияның бүгінгі көрінісі. Қазір кейбір мектептердің өзінде мұғалімдерді «мырза», «ханым» деп атайтын үрдіс бар. Сонда басқа мұғалімдер төменгі тап, аталған білім ошағындағылар ғана «ақсүйектер» ме деген ойда қаласың. Қалай болса, солай сөздерді пайдалануға болмайды. «Сөз қадірі – өз қадірің» дегенді ұққан ұрпақ қолданысын, орнын білуі тиіс», – дейді.


Сауалды жастарға қойдық

«Мен қазір «ханшайыммын», болашақта «ханым», жоқ, «бірінші ханым» боламын. Иә, солай, өмір сол күнге жеткізсін», – десе, Ерке Нұрбек, Самат Ақпан: «Маған біреу «мырза» десе арамызда тосқауыл тұрғандай сезінемін. Одан да әкемнің аты, тегімді айтқаны дұрысырақ сияқты», – деген ойда.
Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің термесінде «Ерін күткен әйелді, ханым десе болады» деген жолдар бар. Академиялық білімі бар ақын-шайыр бұл жерде «ханымның» мағынасын білмеді деу әбестік. Ерін күтіп, еліне қызмет ететін азаматты ардақтаған арудың ханның жарындай құрметке лайық деген әдемі теңеуден өрілген өрнекті жол.
Кім қандай сөзді қалай қабылдайды, еркі. Біздікі, қоғамдық пікірден туған ойды жеткізу ғана.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

25 мамыр 2024 ж. 223 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031