Келелі кеңес
Өткен аптада аудандық орталық кітапханада «Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы өткізілді. Тәрбиелік маңызы зор шараны «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы “Аналар кеңесі” және облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды.
Ақ жаулықты аналар басқосқан жиынға аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған аналар кеңесінің құрамы, жиырмаға жуық көпбалалы, жалғызбасты ана мен жас отбасының келіндері қатысты. Өнегелі ой мен тағылымды пікір айтылған жүздесуді «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық “Аналар кеңесінің” мүшесі Рахима Ахметова ашты. Қазіргі қазақ әйелінің, қазақ қызының қоғамдағы рөлі, елдің еңсесін көтеруге атсалысып жүрген аналардың жұмысына тоқталды.
Көпбалалы батыр ана Ұлдай Рашева жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдіре отырып, алдағы уақытта бірлесе шара жүргізуге дайын екенін жеткізді. Аналар тарапынан өнегелі кеңес пен тағылымды пікір айтылды. Бүгінгі күнгі туындаған мәселелерді талқылап, оңтайлы шешу ұсынылды. Кездесуде “Аналар кеңесінің” мүшесі Құралай Асаубаева ақиық ақын М.Мақатаевтың “Ақ кимешек” әнін нақышына келтіре шырқап берді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА