Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Уытты» контент: балаларға шектеу керек

«Уытты» контент: балаларға шектеу керек


«Біз бұрын» деп басталатын әңгімеден сіз де жауыр болған шығарсыз. Кімнің мәселесі кімге қызық дейсіз? Дегенмен сол «бұрын» сөзін айтуға тура келетін жағдай да болады. Мәселен, қазір қозғалғалы отырған жайт. Сіздің де үйде бір-бір телефон ұстап, телмірген бала бар болар Тынышым жақсы дегенмен, оның не көріп жүргенін тексеріп жүрсіз бе? Әлқисса, «біз бұрын»...
...Баламыз ғой. Ол кезде қазіргідей ғаламтор жоқ. Жағымсыз жаңалықтардан хабарсыз болып, күні-түні ойын қуып жүретін едік. Жарықтың өзі уақытымен жанады. Теледидар тек 5-6 көршінің біреуінде бар. Телефонға қарап телмірмедік. Айналамен араластық. Сабақ оқуымызға уақыт жетерлік. Жарық жоқта білте шамның жарығымен көз майымыз таусылатын. Босай қалсақ, арық суарып, кеш батса су таситынбыз. Мектеп бітірер шаққа жақындаған жасымызда да өріске мал айдап, күтіп алатынбыз. Бірнеше жыл өмір сүрмесек те, 2010 жылдан былай қарай туғандар «көзіміз ашылғанда» көзін ашты. Кішкентайынан-ақ телефонға әуестеніп, қазір қолынан түспейді. «Тек қана мультфильм көреді ғой» деп өз-өзін жұбатқан ата-ана баласының сол қалтафонға қалай тәуелді болғанын аңғармай қалады. «Тәрбие тал бесіктен». Оны әр бесіктің иесі өзі реттейді. Айтпағымыз, әлеуметтік желілерде түрлі контент бар. Әсіресе балаларға арналғаны қорқынышты. Оны аңғарып жатқан ешкім жоқ. Сол уытты контенттен балаларды шектеу қажет.

«Балам түнімен жылап шықты»

Әлеуметтік желілердің әлегі көп. Бір ғана Tik Tok-тың өзі не тұрыпты? Сіз қандай бағыттағы видеоны көресіз, соған ұқсас видеолар ұсыныла береді. Балалар тамашалайтын. Like дегені де бар. Ішін ашсаң, толы «бала-шаға». Өздерінше видео түсіріп, оны жүктейді. Бір-бірінікін көреді. Ең сорақысы таңға дейін ұйықтамай, тікелей эфирде сөйлесіп отырады. Сондағы, жастары 5-14 жас аралығындағы балалар. Мұны мен бірнеше рет байқадым. Бірнеше күн бақылап көрдім. Өзара айтатын жаргондары бар. Тіпті түсініксіз. «Кринж» деп бір-бірін жағадан алып жатыр. Сонда ата-анасы қайда деген сұрақ туындайды. «Қазіргілер біліп туады» деген жай ғана желеу. Оған бәрін көрсеткен смартфон екенін қалайша ескермейміз? Экологиядан тағы көреміз. Бірақ ерте есейіп жатқан балаларды сіз де байқап жүрген боларсыз...
Бірде бір видеоға көзім түсті. Инстаграмнан болған соң мұнда әртүрлі жастағылар отырады. Әсіресе орта буын. Әлгі бейнеде ұсқыны жоқ қорқынышты құбыжық былай да былай тербеліп жүр. Астындағы пікірді көрсеңіз, алаңдаулы жұрттың қарасы көп екен. Соның бірі баласының дәл осы видеодағы мультфильмді көріп, қорқып қалғанын айтты.
– Мына видеоның атауын ұмытып тұрмын. Бірақ бұл YouTube желісінде кеңінен таралған. Эффект өте қараңғы. Сол қараңғылықтан бойы ұзын, басы қоңырауша секілді әлдене шығады. Соны 3 жастағы қызым көріпті. Түнімен ұйықтамай жылап шықты. Ертеңі оны қайта көрсетпеуге тырысып, басқа мультфильмдерді қосып бердім. Өз шар­уамды істеп жүрсем, баламның жылаған дауысы қатты шықты. Жүгіріп барсам, әлгі видеолар тағы да қаптаған, – дейді әлеуметтік желі қолданушысы.
Рас, ондай видеоларды мен де көргенмін. Бұрынғы Хагги-Вагги қазір балаларға да қызық емес. Бертін келген Грэнни деген «жалмауыз» бар. Оның ойынын жүктеп, талай бала одан қашпаса, өліп қалатынын айтып, беріле ойнап жатады. Біздер, яки үлкендер, біле білмейтін контенттер қаншама? Егер балаңыз жыламасын десеңіз...


Бақылауға алыңыз!

Әр нәрсені бір көрсететін YouTube каналының балаларға арналған нұсқасы бар. Оны ата-ана міндетті түрде орнатуы керек. Себебі, мұнда әр жастағы балаға лайық контенттер ұсынылып отырады. Баласына алаң болған ата-аналар үшін Android та, iOS та ата-аналар бақылауын әзірлеген. Ол не деп отырған боларсыз... Ата-аналар бақылауы – кәмелетке толмаған балалардың жасына сай емес контентті көруін шектейтін бағдарламалық жасақтама. Мұны орнатсаңыз, балаңызға порнография, ішімдік не өзге де зиян дүниелердің жарнамасы шықпайды. Жасақтама өздігімен бұғаттап тұрады. Сонымен бірге бұдан басқа да қажет не қажет емес сайттар тізімін әр ата-ана өзі жасап қоя алады. Мұндағы ақ сайт – рұқсат етілген, қара сайт – тыйым салынған. Мұны баптауларға кіріп, өзіңіз жасай аласыз. Келесі функция – уақыт шектеуі. Айталық, балаңызға смартфонды ұзақ қолдануға болмайтындай етіп қоя аласыз. Егер күндіз лимитті тауысып тастаса, одан кейін кіргісі келген сайттар бұғатталып қалады. Болмаса, түнгі 21.00-де ұйықтауы қажет болса, смартфонынан сол уақыттан кейін белгілі бір бағдарламалар не интернетті қосылмайтын қылып қоюға болады. Бұл үй ішінде тәртіптің сақталуына да жақсы әсер етеді. Балаңыз белгілі бір мобайл қолданбаны қолданбасын десеңіз, оны да реттей аласыз.
Ең алдымен кез келген телефонды қолдана бастағанда, қолданушы аккаунтын ашасыз. Яғни Apple ID болмаса Google аккаунтын тіркейсіз. Есіңізде болсын, 13 жасқа дейінгі балалар үшін тіркеуді ата-анасы жасап беруі керек. Егер жаңа телефон болса, бірден баптауын қоса жасайсыз. Ал ескі телефон болса, жүйелік баптаулардағы өзіңіздің есептік жазбаңыздан шығып, жаңасын қосасыз.
Android баптауы: «Баптаулар» → «Қалпына келтіру не тазалау» → «Баптауларды тазалау» → «Бәрін тазарту». Бұдан кейін баптаулар ішінен «Жаңа аккаунт ашу» деп, баланың аты-жөнін, жынысын, жасын, электронды поштасы мен құпиясөзін енгізесіз. Осыдан соң өзіңіздің Google аккаунтыңызға кіріп, балаңыз екенін растауыңыз қажет. Содан соң жаңа аккаунттан қосфакторлы аутентификацияны қосып, резервтік телефон ретінде өзіңіздікін көрсетесіз.
iOS үшін: «Баптаулар» → «Негізгі» → «Тазарту» → «Контент пен баптауларды тазарту». Apple смартфондарында балалардың Apple ID-і ата-ананың аккаунтындағы «Отбасылық рұқсат» функциясы арқылы қосылады. Ол үшін «Баптаулар» → «Apple ID» → «Отбасылық рұқсат» → «Отбасы мүшесін қосу» → «Балаға есептік жазба ашу». Осыдан соң балаңыздың деректерін енгізесіз. Егер «Отбасылық рұқсат» функциясы істемей тұрса, демек қосылмай тұр деген сөз. Соны қосуды ұмытпаңыз. Контентіне шектеу қойыңыз. Азаптау фактілері, сексуал сипаттағы бейәдеп контенттерді көрмеу үшін бұл функция өте керек. Android: Family Link-тің баптауларынан баланың профайлына өтіп, «Google Play-дегі әрекеттер» бөлімінен ойындар, қолданбалар, фильмдер, музыка және өзге де контенттерді қалауыңызға қарай фильтрлеңіз. «Google Chrome фильтрлері» деген жерден «Ересектерге арналған сайттарды бұғаттау» опциясын таңдаңыз. «Google іздеу жүйесінің фильтрлеріне» кіріп, «Қауіпсіз іздеуді» қосыңыз. iOS: Мұнда «экран уақыты» функциясы арқылы реттейсіз. «Баптаулар» → «Экран уақыты» → «Контент және құпиялық» → «Контентке шектеу қою» деп таңдайсыз. Кейін музыка, фильм, қолданбаларға жас ерекшелігі қойылады. Ал ересектерге арналған контентті «Уеб-контент» деген жерден реттеуге болады. Боғауыз сөздерді естіртпес үшін Siri-ді баптау қажет.


«Өзім білемге» салмаңыз...

«Қолына телефон ұстатпасам, мазамды алып бітеді. Оданда тып-тыныш шайымды ішіп отырғаным жақсы. Қолына ұстатамын да жіберемін» дейтін ата-аналар бар. Оларға әлгі контенттің кесірін айтсаң, «Өз балам, өзім білем» дегенге басады. Қош. Желіде баласы туралы ақпарат, сурет саларда ата-ана рұқсат ала ма? Осы сұраққа жауап берген респонденттердің ішінде 54 пайызы рұқсат сұрамайтынын айтқан. Жалпы қатысушылардың 58 пайызы әлеуметтік желіге баласының суретін не видеосын салып отырады екен. 48 пайызы баласына қатысты қызық оқиғаларды жазса, 36 пайызы олардың қызығушылықтарын салады. 28 пайызы баласының атын атап көрсетеді. Ал баласының желі парақшасының бар-жоғына қатысты қандай нәтиже бар? Сауалнамаға қатысқандардың 52 пайызы кемінде, бір желідегі аккаунтын біледі екен. Респонденттердің балаларының 70 пайызы TikTok-та отырса, 62 пайызының – YouTube-та, 27 пайызына ВКонтакте де парақшасы бар. Ата-аналардың айтуынша, балалары жеке суреттерін ашық салады (59%), хоббиі жайлы мәліметтер бөліседі (52%), жасы туралы ақпарат береді (36%). Бірақ мектебі, телефон нөмірі, үйі жайлы деректерді сирек салады екен. Қатысушылардың ішінде 28 пайызы қажет болса, парақшасының құпиясөзін біліп ала алатынын айтқан. Ал 24 пайызы құпиясөзді біледі, бақылап отырады. Статистика ата-аналармен жүргізілген сауалнама нәтижесінде жасалған. Сауалнамаға қатыспағаны қаншама?
Бірде бір танысым көмек сұрап хабарлас­ты. Шоттарындағы ақшаның өзімен өзі басқа картаға аударылып кеткенін айтты. Тексере келе, бұл онлайн сауда жасалғанын байқадым. 12 жастағы ұлы ойын ойнайды екен. Сол ойындағы ақылы функцияларды пайдаланып, үйіндегі ата-анасының шотынан ақша аударып отырған. Бұл кейбірі ойлап отырған азарт емес. Кәдімгі атыс-шабыс ойыны. Белгілі бір аумақты не автоматты сатып алу үшін шынайы ақша аударымын талап ететін дүние. Солай ол ақшаны кейін қайтара алмадым. Бір айлық бір күнде өзгелердің қалтасын қомпайтты да кетті.
Статистика бұл мәселені де анықтады. Әр оныншы ата-ана, әйтеуір бір рет болса да, балаларының қателігінен ақшасынан айырылған. Ата-аналардың 38 пайызы қол­данатын сервисті балаларының да пайдаланатынын айтқан. Ал 11 пайызы онлайн-дүкендерді бірге қолданады екен. Ал 10 пайызы онлайн-кинотеатр, стримиң ресурстарды балаларының да қолданатынын көрсеткен. Клоуд сервистерге қатысты дерек – 9 пайыз тіркелген. Бұл дегеніміз ата-ана тарапынан бақылау қатты болуы керегін білдіреді. Олай болмаған жағдайда баласы ақшасын жұмсап жіберуі әбден мүмкін. Рес­понденттер қанша қаражат жоғалтқанын да айтқан. Мәселен, жартысына жуығы 4000-16 000 теңге аралығында деп көрсетіпті. 27 па­йызы 4000 теңгеге дейін депті. Десе де, көлемді сома жоғалтқандар да жоқ емес. Мысалы 1 пайызында 400 мың теңгеден астам ақша кеткен. Ақшаны балалар білместікпен жұмсауы мүмкін. Өйткені қазір фишиң сайт көп. Бірақ кейбірі саналы түрде де жаратады. Әлгінде айтып өткен оқиғадай.

«Балам қатарынан қалмасын»

Дәл осындай сөз балам деп еміренген әрбір ата-анаға тиесілі. Қызығы, әр бесінші ата-ана баласына 4 жастан асқан шақта гаджет алып береді екен. Респонденттердің 32 пайызына электрон девайсты алғаш рет 4-6 жас аралығында ұстатқанын айтса, 24 пайызы 2-3 жасынан бергенін айтыпты. Қатысушылардың жартысынан астамының баласы күнделікті интернетте 1-4 сағаттай уақыт өткізеді. 23 пайызы бос уақытының бәрін интернетте өткізеді деседі. Ата-аналардың 80 пайызы интернеттегі іс-әрекетін бақылап отыратын болса, 65 пайызы уақыт бойынша шектеу қойғанын айтқан. Әрине, заман ағымына қарай технология тілін білгені жақсы. Өйткені оған да бейімделу маңызды. Тіпті электрон девайсты пайдаланып, дамуға жол ашуға болады. Бірақ таразының екінші басында құрылғылардың балаға кері әсері тұратынын да естен шығармау керек. Қатысушылардың 66 пайызы телефонды ұзақ ұстағаны үшін баласына ұрсатынын айтқан. 42 пайызы ойынға қатты берілгеніне уайымдаса, 20 пайызы баласының отыратын топтары мен тұтынатын контентіне көңілі толмайтынын білдірген.


Тым құрыса Tik tok-ты бұғаттаса...

Қазақстанда TikTok желісін жабу ықтималдығы немесе осы платформаға қол жеткізуді шектеу мәселесі талқылануда. Жақында ғана Мирас университетінің ректоры Нұркен Халықберген парламент депутаттарына Қазақстанда TiкTok әлеуметтік желісін жабу туралы ұсыныс тастады. Бұл әлеужелі Қазақстанда өте танымал. Елде 20,1 миллион халық тұратын болса, 2024 жылы қазақстандық TiкTok қолданушыларының саны 14 миллионға жеткен. Ректордың айтуынша, мәселе контентте емес, қолданушыларға манипуляция жасалмайтынына сенімнің жоқтығында екенін нақтылады.
– Бұл алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін білесіз бе? Неге Қытайда балалар үшін TikTok-та шектеу қойылған да, басқа елдің бәрінде ол жоқ? Неге Қытайдағы TikTok-та тек ағартушылық бағытындағы контент салынады да, ал бүкіл әлемде порнографиядан бастап не сұмдықтың бәрі бар? Бұл коммуникация арнасын толығымен жауып тастау керек немесе балаларға шектеу қою керек, – деді ол.
Иә, қазақстандықтарға берілетін ЖСН-жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы және ұялы байланыс операторларының көмегімен мұны оңай іске асыруға болады. Ректордан кейін TikTok жайлы пікірін Ерлан Саиров та жария етті. Ол жақында қабылданған онлайн-платформалар туралы заңды қолданып, балаларға жағымсыз ықпал ететін, адами құндылықтарға қарама-қайшы TikTok контентіне шектеу қоюды айтты. Қытай секілді балаларға арналған арнайы әлеуметтік желі форматын енгізу туралы үкіметке ұсыныс жасады. Дәл сол күні мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева TikTok-та заңға қайшы контент көлемі ұлғайып келе жатқанын мәлімдеді.
Қазақстанда TikTok-қа шектеу қою ықтималдығын талқылаумен қатар әлемнің түрлі елдерінде де платформаға тыйым салу немесе соны жоспарлау жүріп жатыр. TikTok-тың Қазақстандағы ресми өкілдері, қолданушылардың, әсіресе жастардың қауіпсіздігін – TikTok бірінші орынға қоятынын мәлімдеді. Мұны қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желі өте көп күш жұмсайды. Соның ішінде қауымдастық Ережесіне қайшы контентті жойып отырады. Былтыр TikTok Қазақстанда Ережені бұзған төрт миллионнан астам бейнероликті өшірген. Ұсыныс нәтиже бере ме? Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

Түйін: Баламен ашық тілдесіп, кибер­қауіпсіздік жайлы мейлінше ертерек сөйлесу керек. Мұндай онлайн-қауіп жайлы айтатын ата-аналар бар. Мәселен, 29 пайыз ата-ана бақылауы бар бағдарлама қондырған. 25 пайызы браузер тарихын қарап, баласының қандай сайттарға кіріп, не іздегенін қарап отырады екен. Көбіне 4-11 жас аралығындағы балаларды ата-анасы бақылауда ұстайды. Қазір балаға телефон керек. Әйтсе де, сатып алып бермес бұрын оны дұрыс пайдалану жайлы ақпарат беріп, түсіндірген жөн. Шыққан сілтеменің бәріне кіре бермеуді, орнат деген бағдарлама не қолданбаны жүктей бермеуді үйрету маңызды. Бізге бәрі оңай көрінгенімен қиберқауіпсіздікке қауқарымыз әзірге жоқ. Осындайда бала күніміздегідей қалтафонсыз күндерді аңсайсың. Бірақ даму да керек. Дамимыз деп «уытты» контент баламызды айналдырмаса болғаны да...

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
25 мамыр 2024 ж. 184 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031