Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойлан,робот бізді алмастырса...

Ойлан,робот бізді алмастырса...

ФОТО: ашық дереккөзден
Осыдан бірнеше жыл бұрын «цифрландыру» сөзін онша-мұнша білмейтін едік. Білте шамның жарығымен күнелткен соң болар, уақытпен жанатын жарыққа қарап мәз болатынбыз. Әсіресе ұялы телефон жоқ, көк жәшіктегі телехикаялар ғана қызық. Бертін келе «робот» деген сөзді ұғына бастадық. Әсіресе шетелдік фильмдерден көріп, таңдай қағатынбыз. Ал қазір ше? Кейде біз «ғылым мен техника ұшқан құстай дамыған бұл заманда» деп айтып қалып жатамыз. Шын мәнінде ғылым-техника қарыштап дамыған жоқ. Тек ізденіс пен даму үстінде.
Роботтар әзірге әлемді жаулап алмаса да, белсенді түрде осыған ұмытылып келеді. Роботтардың көтерілісі туралы алғашқы шығарма жайында білесіз бе? Чех жазушысы Карел Чапек бірде түсінде пьеса көреді. Робот-андроидтар адамдарды толығымен жойып жіберген екен. Бұл оқиға осыдан жүз жыл бұрын болған. Кей деректе оның ұзақ уақыт бойы басты кейіпкерлерді қалай атауға болатынын ойланғаны айтылады. Осы мәселені жазушы өзінің ағасы суретші Йозеф Чапекке айтқан. Ол жазушыға «робот» сөзін қолдануды ұсынады. Чех тіліндегі robota – «мәжбүрлі жұмыс» сөзінен алынған. Осылайша, жер бетінде «робот» ұғымы пайда болыпты.
Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді. Мұның дәлелі, бүгінгі заманауи роботтар. Адамзат баласы өзінің қолынан келмейтін көп шаруаны осы құрылғылар арқылы игеруде. Соңғы шыққан роботтар, тіпті, адамның кейпінде сөйлеп, ойлап та жүргенін жақсы білеміз. Бүгінде роботты еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Робот-хирург көмегімен күрделі ота жасалады. Соңғы 20 жылда «da Vinci» хирург роботтарының көмегімен әлем бойынша 3 миллионға жуық науқасқа ота жасалған. Da Vinci – дәрігерге ота жасау аймағын HD-сапада көруге мүмкіндік беретін хирургиялық жүйе. Ол ота аймағында кедергісіз жұмыс жасау үшін кішкентай пішінмен жасалды. Ал аспаз робот жеке робот емес, оны тұтастай асхана деп санауға болады. Аспаздың орнын басатын роботтың адамға сәйкестендірген екі қолы бар. Осы екі қолының көмегімен ақылды құрылғы мәзірде тапсырыс берген пәрмен бойынша бұйрықты орындайды. Адам қанша уақытта дәмді ас әзірлей алса, робот та дәл сол уақытта және дәмді тамақ жасауға қауқарлы. Бұл робоасхана сатылымға 2018 жылдан бастап шыға бастаған.
Бақташы робот дегенде бар. Соңғы сынақ кезеңінің нәтижесі бойынша, SwagBot мал бағуға, заттарды орынынан жылжытуға, бау-бақшаға қарауға өте тиімді. Бұл құрылғыны жасау үшін Сидней Университетінің ұстаздары аянбай тер төкті. Фермерлік шаруашылықты жандандыру үшін бұл салада роботтардың бірнеше түрі дайындалған. Бау-бақша жемістерін егіп, оны баптап, жемісін теріп алуға жағдай жасайтын ол бүгінгі күннің таптырмас құрылғысы. Бау-бақша техникаларының қатарына қосылған тағы бір робот – AgBot. Оның қызметі – бақшаны химиялық және механикалық тәсілмен барлық арамшөптен арылту. Онымен қоса, егін топырағын тыңайтады.
Қойма роботы – қоймадағы жүкті бір орыннан екінші орынға қозғалту үшін ойлап табылған құрылғы. Жұмысшыларға айлық төлегеннен гөрі осындай құрылғыларды сатып алып өз жұмыстарын ілгері жүргізіп жатқан компаниялар көп. Мысалы, Қытайдың Everwin Precision Technology компаниясы жұмысшыларының 90 процентін дәл осындай роботтарға ауыстырды.
Ал тасымалдаушы дрон – жүктерді жеткізу қызметі үшін таптырмас құрылғы. Жаңа Зеландияның Domino’s Pizza қызметкерлері жұмыстарына көмек ретінде осы құрылғының көмегімен пицца жеткізуді әлдеқашан бастаған.
Үлкен кітапханаларда адамдар іздеген кітабын бірден таба алмайды. Осындай уақытта роботтың көмегіне жүгінсек, бірнеше минуттың ішінде іздеген кітабымызды оңай таба аламыз. Бұл роботтар Канзас-Ситидегі Миссури университетінде сынақтан өтіп, жоғарғы деңгейдегі құрылғы деп мадақталған. Шетелдік ойын-сауық орталықтарының көлік тұрақтарында қарауылдың қызметін күзетші роботтар атқарады. Жартыметрлік күзетшінің кеудесіне камера орнатылып, GPS қойылады. Бұл Сан-Франциско және Калифорния қалаларында алғаш қызметін бастаған екен. Жауынгер робот дегенді естіп па едіңіз? Бұл робот аралар тыңшының қызметін атқару үшін жасалды. Соғыс жағдайында және әскери оқу жаттығуларда өте тиімді.
Бұдан басқа роботтар қандай тапсырманы орындай алады? Бухгалтерияда, сатып алуда, IT және қазынашылық салаларында да қолданылады. Қызметкерге виртуалды көмекші жасап береді, ол қайталанатын әрекеттерді үздіксіз орындай алады. Бухгалтерлік есептен мысал: тоқсан сайын ішкі есепке алу жүйесіндегі салық деректерін электрондық шот-фактуралардың мемлекеттік порталындағы деректермен салыстыру керек. 2 Excel файлы жүктеліп, салыстырылады. Бұған уақыт бөлу керек. Адам қателесуі, ауыруы, ұмытуы мүмкін. Робот мұны берілген алгоритм бойынша автоматты түрде жасайды. Ол файлды жүктеп алып, егер сәйкессіздік бар болса, бухгалтерге жібереді. Қазақстандағы жұмыс берушілер 3-5 күн ішінде enbek.kz сайтында еңбек шартының жасалғаны және бұзылғаны туралы ақпарат беруге міндетті. HR қызметкерлері мұны қолмен жасайды. Қателесу немесе мерзімін өткізіп алу оңай. Персонал көп болса, бұл үлкен мәселеге айналады. Көмекші-робот келісім-шарттарды өзі-ақ тіркейді. Роботтар электрондық шот-фактура тауарларды немесе қызметтерді алуға арналған құжаттармен байланыстыра алады, дебиторлық берешек туралы есеп жасай алады және контрагенттер мен борышкерлердің сенімділігін тексере алады.
Ірі теміржол компаниясы еңбек шарттарын тіркеу процесін роботтандырды. Еnbek.kz сайтында ескі келісім-шарттарды енгізу керек болған, олар өте көп екен. Мамандардың есебі бойынша, 3 адам құжаттарды сайтқа бір жыл бойы жүктейді. Ал робот оны бір айда бітірді. FCMG компаниясы маркетологтарға Nielsen жүйесіндегі есептермен жұмыс істеуді жеңілдететін процесті автоматтандырған. Роботтар аналитикаға қажетті деректерді жарнама кабинеттерінен жүктеп алады.
Ғаламтор дерегіне сүйенсек, 2030 жылы «Күншығыс» елінде роботтардың жұмыс істеуіне байланысты 2,4 миллион адам қызметінен қысқартылмақ. Яғни, болашақта адамның қол күшін жасанды интеллекті бар роботтар алмастыратын болады. Бұл – адамзат үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Себебі бүгінгі болжам ертеңгі күні жүзеге асатын болса, одан кейін халықта технологиялармен емес, адамдардың жұмыссыздығымен күрес басталмақ. Сарапшылардың пайымдауынша, роботтандыру бірінші кезекте өнеркәсіп, қызмет көрсету мен сауда-саттық саласындағы 7,4 млн қызметкерді орнынан босатады. Расымен солай ма? Ол уақыт еншісінде. Бір қызығы, робот қызметкердің уақытын күніне 30 минуттан 2 сағатқа дейін үнемдейді екен.
Еске сала кетейік, Астанадағы дәрігерлерге операция жасауға роботтар көмектесіп жатыр. Науқастардың жамбас және тізе буындарына ота жасалуда. Роботтың пайдасы ол қателесуге жол бермейді дейді мамандар. Роботтың аты «Страйкер Мако» деп аталады. Бұл дәрігердің көмекшісі қызметін атқарады. Яки, нақты қай жерге қалай ота жасау керегін жоспарлап береді. Егер дәрігер ота барысында қандай да бір қателік жіберсе робот бірден өшіп қалады екен.
Ал бұған дейін Астанадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында жамбас және тізеге роботтың көмегімен ота жасалмаған. Мәскеуден келген мамандар роботтың артықшылығын көрсетті. Робот – операцияның дұрыс жасалуына көмектеседі. Дәрігерге қателесуге жол бермейді. Қарапайым тілде айтсақ, хирург роботтың қолын ұстап тұрады. Қанша кесу, қалай кесу керегін, протезді қою, барлығы роботтың нұсқауымен жүргізіледі.
Жалпы, құлтемірден қауіптенуге негіз жоқ. Олар адам қиялынан туған дүние. Демек, адамның қасында дәрменсіздігі басым. Роботтардың бар болмысы бір ғана нүктеге байланысты болғандықтан, тоғын қазір ажыратсаңыз қазір істен шығады. Жаппай роботтандыру дамыған мемлекет тұрғындарына ғана тән. Әлемнің көп бөлігінде болашақта да адам еңбегін пайдалану жалғаса береді. Роботты қолдану не қолданбау жұмыс берушіге экономикалық тұрғыдан тиімді болуына байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Айнұр ӘЛИ
21 мамыр 2024 ж. 172 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031