Тазалық талапқа сай болса
Фото: Қазалы ауданының баспасөз қызметі
Өңірде көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы басталғалы біршама жұмыс істелді. Мұны жергілікті тұрғын мен еңбек ұжымдарының белсенділігінен анық аңғарасың. Әр сенбіде сенбілік жұмыстар жалғасын тауып, талай тірліктің басы қайырылуда. Иә, туған жердің тазалығы күн тәртібіндегі бірінші мәселенің бірі болып тұр. Себебі ол – айналаны қоқыс қалдығынан тазартып, халықты ауызбіршілікке шақыратын игі іс.
Өңірде көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы басталғалы біршама жұмыс істелді. Мұны жергілікті тұрғын мен еңбек ұжымдарының белсенділігінен анық аңғарасың. Әр сенбіде сенбілік жұмыстар жалғасын тауып, талай тірліктің басы қайырылуда. Иә, туған жердің тазалығы күн тәртібіндегі бірінші мәселенің бірі болып тұр. Себебі ол – айналаны қоқыс қалдығынан тазартып, халықты ауызбіршілікке шақыратын игі іс.
Сенбіде ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сенбілікте Әйтеке би кентінің орталық көшелері мен шет аймақтар күл-қоқыстардан тазартылып, ағаш түптері мен бағаналар әктеліп, сырланды. Сонымен қатар орталық көшелер жаңбыр суынан тазартылды.
Сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аралап көріп, Әйтеке би кентінің әкімі Мұрат Әбсұлтановқа орталық көшелердің санитарлық тазалығына қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Жалпы сенбілікте барлық елді мекен бойынша 28,6 шақырым аяқ су арықтары тазартылып, қоқыстар арнайы орынға шығарылды.
Айта кеткен жөн, бастау алған науқан барысында әр аптаның сенбі күнін тазалау жұмысына арнау жоспарланған. Қоғам назарын қоршаған ортаны қорғауға, экология мәселесіне көңіл бөлуді мақсат еткен акцияға барлық мемлекеттік және жеке мекемелер толық атсалысуда. Ауданға қарасты елді мекендер де науқаннан шет қалып жатқан жоқ. Әр тұрғын жұмыла жұмыс істеуде. Таза үй, таза аула, таза көше кімнің де болсын еңсесін көтеріп, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Сол үшін әр тұрғын сенбілікке салғырт қарамауы тиіс.
– Таза қаланың тынысы кең. Үйреншікті үрдіске айналған сенбілік өңіріміздің көркеюіне үлесін қосуда. Әр күн, әр ай тазалық күні, тазалық айы болуы тиіс. Тазалық сақтау айлық шаралармен шектеліп қалмауы керек. Әрбір өзін, отбасын сыйлайтын адам тазалық жұмысын жылдың барлық мезгілінде жүргізеді. Қаланың әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың көркеюге қосқан үлесі. Табиғатты қастерлеу мен бағалау – сенбілік жұмысынан көрінетіні анық. Ауданда санитарлық-тазалық айлығы аясында сенбілікті бірнеше мәрте ұйымдастыру жоспарланып, тазалық жайы күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналды. Жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің игі бастамасымен әр мекемеге белгіленген көшені абаттандыру, тазалау жұмысы қарқынды жүруде. Әр сенбі таңертеңгі сағат 9.00-дан бастап сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдығын шығарған ұжымдастар мен қызметкерлер ортақ үйдің әсемденуіне жұмыла кіріседі. Алайда әр тұрғын тазалықты үйінен бастап, бір кісідей атсалысса құба-құп болар еді, – дейді Жадыра Скендірова.
Тазалықты тек сенбілікке жүктемей әр тұрғын өз ауласынан бастауы керек. Баланың да санасын кішкентайынан тазалыққа бейімдеуі қажет. Әрине, әр адам туған жердің перзенті. Оны түлету жолында қоғамға қызмет істеуі керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Әр ауданның тұрғыны осылай сенбілікке белсенділік танытса, аймақ көркеймей ме? Туған жер гүлденсе – тұрғындар да шат.
– Сенбілікте көшелерге бекітілген тиісті мекеме қызметкерлері сенбілікке шығып, қоғам үшін қажетті іске жоғары деңгейде қатысуда. Бұрын күл-қоқыстан көз ашпайтын көшелер қалыпқа келтіріліп, кемшілік түзелуде. «Тазалық – денсаулық кепілі». Ал өмір сүріп отырған айналаң таза болса – көңіл де көтеріңкі. Өскен ұя, тұрғылықты мекенді мұнтаздай таза ұстау – рухани жаңғыруға бастар жол. Сондықтан туған жердің тазалығына әрбір тұрғын жауапты. Қазір аудан көркейіп, дамудың үстінде. Жасалған, қолға алған барлық бастамалар көңілімізді көншітеді, – дейді кент тұрғыны Ербол Ақшатаев.
Иә, «Тазалық – денсаулық кепілі». Оны қарапайым сөз емес, ұлағаты мол, мағыналы сөздің бірі ретінде түсінуіміз қажет. Себебі тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Тазалық талапқа сай болса, тынысымыз да ашылары сөзсіз.
А.АЙДАРҚЫЗЫ