Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » СУ ТАСҚЫНЫ: дабыл мен деңгей

СУ ТАСҚЫНЫ: дабыл мен деңгей

Көптің көңілін алаң еткен қарғын су әлі де әбігерге салуда. Мемлекет болып, ұлт болып ұйыса қимылдап, түйткілдің түйіні тарқауда. Су шайған жұрттың көңіліне демеу болып, көмек те, керек те беріліп жатыр. Дегенмен әлі де су алу қаупі бар аймақтар алаңдатып отыр. Күндерек сөйлесін.
«Қазгидромет» РМК гидрологиялық мониторинг деректерінше, 11 мамырда сағат 09.00-дегі жағдай бойынша Жайық өзенінің деңгейі көтерілді. «Жайық-Индербор» және «Жайық-Махамбет» гидропостында деңгей сыни белгіден асып түсті. Су тасқыны жағдайы ҚР ТЖМ құтқарушыларының бақылауында болды. Құзырлы ведомство республика бойынша су тасқынынан зардап шеккен 54 389 адам өз үйіне оралғанын, ал 5 281 адам, оның ішінде 2 242 бала әлі эвакуациялау пункттерінде қалып отырғанын нақтылады.
«5281 тұрғын үй мен 2242 аула аумағынан су бұрылып, сорылды. 18,2 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,7 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді», – делінген ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Жедел желі телефонына 2 261 қоңырау түсті.
Айта кетсек, 11 мамырда ТЖМ Атырау облысында Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты кейбір елді мекендерде су басу қаупі әлі де сақталып отырғанын хабарлады.
Сербия үкіметі Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда үй салу үшін 1 миллион еуро бөлді.
«Бұл үлес ынтымақтастық деңгейін және шетелдік донорлардың біздің қызметімізге деген сенімін, көмекті бөлу кезіндегі ашықтығын көрсетеді», – деп хабарлады «Қазақстан халқына» қоры.
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Бүгінде 20 601 отбасы 7,4 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
Мал шығыны үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 1,1 млрд теңгеден асты. 11 мамырдағы жағдай бойынша 130 отбасы ескі тұрғын үйлерінің орнына жаңа баспанаға ие болды. Бұл ретте Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға берілетін 239 жаңа үй салынып жатыр. Сонымен қатар 568 отбасы 710 млн теңгеден астам сомаға тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. Жалпы алғанда, зардап шеккен өңірлерде 9 995 тұрғын үй тексеріліп, 7 522 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді.
Залалды өтеу жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.
Мемлекет басшысының ТЖМ өкілеттіктерін беруге қатысты тапсырмасына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты бақылауды жүзеге асыру бөлігінде табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мәселелері бойынша бақылау функциялары бар жеке ведомство құрылады.
Министрдің қолы қойылған тиісті қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті республикалық мемлекеттік мекемесін құруды көздейтін «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
«Құқықтық актілер туралы» Заңның 18-бабына сәйкес бұл жоба ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылған.
Құжаттың түсіндірме жазбасынан жобаны іске асыруға 1 млрд 638 млн 715 мың теңге (2024-2028 жж.) мөлшерінде қосымша қаражат кететіні белгілі болды.
Жобаны іске асыру құрылған ведомствоға орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерінде бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ауыл маңында 3 км қорғаныс бөгеті салынды, оның 800 м бекінісі жаңартылып жатыр деп хабарлайды ТЖ жөніндегі жедел штаб.
Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлхашев хабарлағандай, Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Талдыкөл ауылын су басу қаупі жоғары.
«Жағалауды нығайту жұмыстарына 25 бірлік арнайы техника, 28 әскери қызметші және ҚР ТЖМ 15 қызметкері жұмылдырылды. Жергілікті тұрғындар мен сарбаздардың күшімен жерге 28 мың қап төселді. Талдыкөл орта мектебінде 300 орындық эвакуация пункті дайындалды», – деді Сейілбек Зұлхашев.
Қазіргі уақытта фермерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне су басу қаупі туралы ескерту берілді. Қауіпсіз жерлерге 200 бас ешкі мен қой, 300 бас сиыр көшірілді.
Атырау облысының Индербор ауылында қосымша қорғаныс бөгетін салу жұмыстары жүріп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, бұған дейін жергілікті бақылау бекеті үйінді құрылыс учаскелерінің бірінде судың келуін тіркеген.
Авариялық-құтқару жұмыстары ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Серік Шапкеновтың үйлестіруімен жүргізілуде. Жұмыстарға құтқарушылар топтары, ТЖМ әскери қызметшілері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.
Тасқын су зардабын жою жұмыстарын қауіпсіз жүргізу үшін кенттің бір бөлігі электр қуатынан ажыратылған.
– Қазіргі уақытта төгілу салдарын жою мақсатында Жайық өзеніне су айдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, апатты учаскенің айналасында үш деңгейлі бөгет салынуда, жағдай бақылауда, – деді Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.
Аудан басшысының айтуынша, Индербор ауылының бір бөлігі жарықсыз қалады. Сондай-ақ, резервтік бөгет салу жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов және ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов бар. Ауданның арнайы техникасы жұмылдырылып, облыс орталығынан қосымша техника тартылған.

Айнұр ӘЛИ

14 мамыр 2024 ж. 166 0

Ебін тапқан, екі асайды

27 шілде 2024 ж. 38

Ажарлы мекен Аранды

27 шілде 2024 ж. 37

Анаға тағзым

27 шілде 2024 ж. 41

Меже мен мүмкіндік

27 шілде 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031