Жақсылар кеңес құрғанда...
«…Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мiнiп, Қоныс та қарар ма екемiз!
Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екемiз, – деген жыр жолдары кешегі көзсіз ерлік, бүгінгі қалтқысыз қызметтің баянын, елеусіз қалмасын аңғартып тұрғандай көрінеді. Бірер күн бұрын жырау сипаттағандай, жақсылар кеңес құрып, кешегі би-батырдың сарқыншағындай ел басқарып жүрген білім саласының бірқатар ер азаматы құрметке бөленді.
– Әрбір қазақ өзін қаны таза, қарымы бөлек, мінезі ерек санары анық. Себебі біз әлмисақтан Тұран жазығын ат тұяғымен таптаған, Алтай мен Атыраудың арасын бас амандығы үшін сатпаған, абыз-аталардың аманаты мен сенімін ақтаған ұлдың ұрпағымыз. Бүгінгі Қазақ армиясы – сондай қауымның ізбасары, мұрагері. Осында жиналған барлығыңыз ел басына күн туар болса, қаламды қаруға алмастыратындарыңызға кәміл сенемін. Себебі бейбіт заманда елдің мүддесі үшін, балалардың болашағы үшін қалай еңбектеніп жүргендеріңізді, қандай тәуекелге бара алатындарыңызды байқап жүрміз. Осы орайда жиынға қатысып отырған барша мектеп басшыларын, ұстаздарымызды мерейлі мерекемен құттықтаймын, – деді Әділхан Оңдасынұлы.
Бұдан кейін директорлар мен білім беру ұйымдарында жемісті еңбек етіп жүрген ер азаматтар марапат төріне шықты. Әннен шашу шашылып, нәзік жанды мектеп директорлары ыстық ықыласын тілек арқылы төкті.