Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт бірлігі бәрінен қымбат

Ұлт бірлігі бәрінен қымбат

Қазақ елі бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ отан. Сол үшін 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. Жалпы бұл мереке Кеңес Одағында ең танымал және ең сүйікті мейрамдардың бірі болды. Алайда ел халқының тек бестен бір бөлігінен басқасы Халықаралық ынтымақтастық күнінің неліктен 1 мамырда атап өтетінін білмейді.
Бұл күн – Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Елдің барлық өңірлерінде дерлік 1 мамыр тойланады. Мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.
Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанын тойлайды. Елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.
Өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.
Сонымен көктемнің соңғы айының алғашқы күнін атап өту дәстүрі қайдан келді? Егер тарихқа бет бұрсақ, мамыр күнін большевиктер ойлап тапқан жоқ. Тіпті Американың Чикаго қаласында митингте шыққан жұмыскерлерден бас­талмады. Бұл мерекенің тамыры тереңде жатыр.
Ежелгі римдіктер үшін 1 мамыр Майя құдайдың құрметіне салтанатты түрде құрбандық шалатын мереке болды. Ежелгі итальян мифологиясы бойынша Майя көктем құдайы, жемістіліктің қамқоршысы. Күнтізбедегі мамыр айы да Майяның құрметіне аталған. Майя Вулкан құдайдың әйелі және Меркурий құдайдың анасы деп саналады. Еуропада ерте орта ғасырлар дәуірінде мамыр түні бүкіл елден сыпырғыштарына отырып алып, ешкімнің қолы жетпейтін «Тақыр» тауына ұшып келіп, пері ойнақ ұйымдастырған мыстандардың мерекесі деген халықтық наным қалыптасты. Германияда мен Скандинавияда 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні әулие Вальпургийдің құрметіне Вальпургиева түні деп аталатын құнарлы және гүлденген көктемге арналған көне пұтқа табынушылық мерекесі ретінде атап өтті.
Ал ортағасырлық Еуропада әкімшілік жылдың соңы дәл 30 сәуірге түсетін. Осы күні сауық-сайран барынша салтанатты өтті. Шаруалар жыл сайынғы қауымдастықты жинап, жаңа қауым басшысын таңдады, малдарды жайылымға шығарды. Бұл дәстүрді аспанға оқ атып, қоңыраулатып, шуылдап өткізді. 18 ғасырдың басында І Петр немістерге қарап 1 мамырды дәстүрлі түрде мерекелете бастады. Бұл күні императордың жарлығымен халықтық ойын-сауық ұйымдастыру қажет болды. Содан 1 мамыр мерекесі бүкіл елге таралып, қоғамның әртүрлі топтарына енді. Ал қазіргі біздің заманда атап өтетін мереке 1886 жылы 1 мамырда Американың Чикаго қаласында басталды. Сол күні мыңдаған жергілікті жұмысшы 8 сағаттық жұмыс күні туралы заң енгізуді талап ете отырып, ереуілге шықты. Бұл митинг бірнеше күн жалғасты және полициямен қақтығыстарда көптеген жұмысшылар қаза болды. Сонымен қатар әртүрлі дереккөздерде құрбан болғандардың саны 4-тен 50-ге дейін жетті деген мәліметтер бар. Сонда 1889 жылдың шілде айында Екінші Халықаралық Конгресс, осы қасиетті күнді Чикагодағы америкалық қызметкерлердің капиталистік және эксплуататорларға қарсы ерлік күресін еске алу үшін, жыл сайын «бүкіл дүниежүзілік пролетариат» мерекесін атап өту туралы тағдыршешті шешім қабылдады. Бір қызығы, осы мейрамның тарихи отаны болған Америкада пролетарлық мамыр күні қалыпты жұмыс күні ретінде саналады.
Бұрынғы Кеңес Одағы жұмысшыларының халықаралық ынтымақтастық күні болған 1 мамыр көптеген жылдар бойы «саяси бояуға» ие болды. Бұл мереке халық шаруашылығында, ғылым мен мәдениеттің нақты саласында жетістікке жеткен саяси қайраткерлердің, өндіріс озаттарының портреттерімен, ұрандар, шақырулармен безендіріліп, айтарлықтай ауқымды тойланды. Жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні алғаш рет 1890 жылы Австрия-Венгрияда, Бельгияда, Германияда, Данияда, Испанияда, Италияда, АҚШ-та, Норвегияда, Франция­да, Швецияда және басқа да елдерде атап өтілді. Коммунистер 1 мамыр мерекесін бірінші рет 1890 жылы Варшавада атап өтті. Халық Кеңес дәуірінде іс жүзінде мемлекеттік мерекеге айналған 1 мамырды бүкіл әлем жұмысшыларының ынтымақтастығы үшін емес, мамыр мерекелері мен Жеңіс күні тамаша еңбек дәстүрлерін және өткен соғысты еске түсіріп, бақшаларды аударып картоп, сәбіз, пияз өсіруге мүмкіндік беретіндігі үшін жақсы көрді.
1 мамыр КСРО кезінде ауқымды тойланған. Сол кезде халық «Бейбітшілік, еңбек, мамыр» деген ұран жазылған плакаттар мен гофрленген картоннан жасалған үлкен қалампырларды қолдарына ұстап, салтанатты түрде көшеге шыққан екен. Сондай-ақ, кейбір балаларға және парадқа қатысатындарға КСРО құрамына кіретін елдердің ұлттық киімдері тігіліпті. Ал үлкендер пальтосының жағасы мен плащтың түймесіне қызыл бантиктер тағып жүрсе, қыздар шаштарын қызыл лентамен өріп, қолдарында жалаушалар мен гүлшоқтарын ұстап жүрген.
Кеңес одағы республикалары үшін 70 жылдан астам уақыт бойы мамыр мейрамының «Бейбітшілік, еңбек, мамыр!» ұраны жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні болып қалды. Ал кейіннен Кеңес Одағы тарап, әрқайсысы өз алдына мемлекет болып құрылғаннан кейін, тәуелсіз мемлекеттердің кейбіреулері мерекеге біршама өзгеше мән беріп, өз халықтарының әдет-ғұрыптарын сақтай отырып бұл күнді демалыс күні ретінде қалдырды. Бүгінгі күні Халықаралық 1 мамыр мерекесі әлемнің 66 елінде өздерінің дәстүрлеріне сай атап өтіледі. Киевте осы күні коммунистер алаңға шығады, ал халық орманға демалуға барып, кәуәп дайындайды екен.
Мамыр айының алғашқы күні Қазақстан да жарқын мерекелердің бірі – «Қазақстан халқының бірлігі күнін» атап өтеді. Әлемде біздің еліміз сияқты бір шаңырақ астында әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанына мақтана алатын елдер көп емес. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бейбітшілігіміз мығым. Сол үшін Қазақстан көптеген елдер үшін үйлесімділік пен бірліктің үлгісі болды.
Айнұр ӘЛИ
30 сәуір 2024 ж. 138 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031