Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мархабат ЖАЙЫМБЕТҰЛЫ, Парламент мәжілісінің депутаты: Кіндігіміз де, түндігіміз де – ауылда

Мархабат ЖАЙЫМБЕТҰЛЫ, Парламент мәжілісінің депутаты: Кіндігіміз де, түндігіміз де – ауылда

Әрбір тұлға – жеке тарих. Саналы ғұмырын қандай етіп өткізуі адамның өз қолында. Адал еңбек пен білімге арнап, болашақтың қамын күйттеп, келешектің кемел болуын аңсайтын азаматтар аз емес. Туған мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, келелі мәселелерді кең көлемде көтеріп жүрген Сыр перзентінің бірі – Парламент мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетұлы. Көптеген түйткілдің тінін тарқатуда қызмет етіп жүрген ел ағасымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
  Мархабат Жайымбетұлы, алып анадан туады, ауылдан да шығады. Қазақтың қарашаңырағы ауыл баласының бүгінгі мүмкіндігі қандай? Жетістікке жету үшін не істеу керек?
 – Иә, қазекем «Алып анадан туады...» деген тәмсілді бекер айтпаған. Десе де бұрынғы ұлы ойшылдардың бірі «Құдай бермегенді Сорбонна бермейді» деген екен. «Сорбонна» деп отырғанымыз атақты Париж университетінің орталығы. Сондықтан, әр қазақтың бірін – ауылдікі, екіншісін қаланікі деп бөлу жөн болмас. Бәріміз де сол қарапайым ауылдың перзентіміз. Кіндігіміз де, түндігіміз де – ауылда. Содан болар, қашанда ауылдың жетістігіне елеңдеп, ауыртпалығына алаңбыз. Қазіргі ауыл балаларының жаңа заманға сай білім алуына, ой-санасын жетілдіруіне мүмкіндік көп. Елді мекендерде мектептер жаңадан салынып, кейбірі күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен, оқу құралдарымен жабдықталған. Олардың қаладағыдан айырмашылығы шамалы.Қазір жастардың дәуірі. Олар ойын еркін айтады, ашық жеткізеді. Дамуына, өзі қызыққан дүниелерді жүзеге асыруына қадам жасай алады. Білімін дамытуына, түрлі тіл меңгеруіне, тіпті шет елден грант ұтып оқуына, қалаған мамандығын тәмамдап, мықты маман болуына бар күшін жұмсайды. Олармен ашық әңгімелесіп, сырласып, сұқбаттасқан қызық, көкірек сарайың ашылады. Жаңа заманға, жаңа Қазақстанға лайық жастарымыз көп. Мектеп жасындағы дарынды балалар, жоғары оқу орнында білім алып жатқан озық ойлы жастар жеткілікті. Оларды көре білу керек. Қай уақытта болмасын үлкендердің жастарға үрке қарайтыны бар. Барлық адам бірдей емес екенін ескерсек, жастарды әлеуметтік инфантализмнің құлдығынан арашалауымыз керек.
 – Кіндік қан тамған қасиетті мекенге перзенттік парызды орындап жүрмін деп ай­та аласыз ба? Туған жерге тағзым турасында.
 – Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған ғой.Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Бейбарыс бабамыз шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды иіскеп, туған жерге деген сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.Қай жерде, қай елде жүрсең де туған жерің көкейіңнен кетпейді. Үлкен қалаларда қызмет қылып, еңбек еткеніңмен бүйірің елге бұрып тұрады. Сол елдің дамуына атсалысып, жағымды жаңалықтарына балаша қуанып отырасың. Туған жерге тағзымды әрбір перзент жүрек түкпірінде бір мақсат етіп алады ғой. Бірлесіп ел мүддесі жолында жасалатын игі шаралардан қалыс қалғаным жоқ. Туған жерге титімдей болса да көмек бергенге не жетсін?!
– Мінберде жүріп, қандай мәселенің шешілуіне атсалыстыңыз? Халықтың биліктегі өкілі ретінде, дәнекер ретінде осы күні айналысып жүрген мәселеңіз қандай?
Депутаттардың барлығы бірдей елдік мәселені шешуге атсалысады. Жалпы міндет те сол – елдің мәселесі. Бұл жерде тек бір адамның ғана жұмысы емес, ауылдағы мәселені ауданға, ауданнан облысқа, облыстан бізге жеткізіп, шешуін сұрайды. Осылай бірнеше адамның, яки органның араласуы нәтижесінде мәселе шешіліп жатады. Заң шығарарда елге хабарласып, нендей мәселелерің бар деп сұраймыз. Бастысы, қаузаған түйткілдер шешіліп, елдің алғысына бөлену. Түптеп келгенде біздің қызмет – жай ғана қызмет емес, жауапкершілік жүгін мойынға қамыт қылған үлкен міндет.Мінберде көтеріліп жүрген мәселелер көп.Құмар ойындардың жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда оған ешқандай тосқауыл болмай тұр. Елдегі ересектер ғана емес, балалар да осыған  тәуел­ді болуда. Өмірден адасып жүрген адамдар жарнамаға елітіп, ертеңіне балта шаппасына кім кепіл? Өйткені елді аралағанда көз жасын төккен ата-аналарды көрдім. Осы букмекерлік кеңселерді жағалап, бәс тігетіндердің көбі жастар болып тұр. Ал олардың әлеуметтік статусы да әртүрлі.Сондықтан, елдегі казино мен букмекер­лік кеңселерді, ойын автоматтары мен жеңімпазы жоқ ойын түрлеріне жарнама жасауға тоқтау салып, спорттық жарыстарға демеушілік көрсетуге тыйым салған жөн деп санаймын. Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша таныстырылымы өтті.Осы күні қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып бара жатқаны жасырын емес. Олар алдымен неше түрлі жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және адамдарға шабуыл жасаулары жиі орын алып кетті. Ит қауып алса, өлімге әкеліп соқтыруы да ғажап емес. Әсіресе жас жеткеншек балдар зардабын көп көруде. Қолданыстағы Заңдағы қарама-қайшылық бар.Бұралқы иттер мен қараусыз қалған жануарларды реттеудегі кемшіліктер көп.Жергілікті атқарушы жануарларды реттеуге қатысты жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы өкінішті. Ал делдал компанияларға (энергия жабдықтаушы ұйымдар) «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қашан табылады? Бұл біз қаузаған мәселелердің бірегейі ғана. Сонымен қатар Қызылорда облысы бойынша көтеріліп жүрген мәселелер көп. Арал теңізі мен Сырдария өзенінің қазіргі жағдайы туралы, төрт жолақты жол, елді мекендерге көгілдір отын тарту, әлеуметтік мәселелер мінберде көтеріліп жүр.
– Елде орын алып жатқан су тасқыны көпшілікті алаңдатып отыр. Көктем сайын қайталанатын осы су тасқыны талай жұртты әбігерге түсіреді екен. Көктем келсе айналаны топан су басып, аяқ басар қара жер таппайсың. Ал жаз келсе қуаңшылық болып, су таппайсың. Мұның қандайда бір шешімі болуы керек шығар?
Елдегі табиғи апат, су тасқыны барлығымызды алаңдатып отыр. Өкінішке орай, елімізге үлкен залал келтірілуде. Осы жағдайда біз елдік ауызбіршілікті, балталаса да бұзылмайтын бірліктін үлкен шыңын көрсетіп жатырмыз. Елдегі әрбір жағдай Президенттің тікелей бақылауында.Осыған орай, Мемлекет басшысы су басқан аймақтар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына жұмыс сапарымен барып, ауыл аймақтарға ат басын бұрып, елмен етене кездесіп, ешбір азамат назардан тыс қылмайтынын айтты. Сондай-ақ, халықпен кездесу барысында Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет тарапынан барлық тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді. Өз кезегінде елдегі күрделі жағдайға бей-жай қарамай, сын сағатта азаматтық белсенділік танытқаны үшін азаматтарға алғысын білдіріп, су тасқыны салдарынан зардап шеккен шығындар өтеліп, басты міндет әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорылығында болатынын атап өтті.  Халықпен кездесуде еркін форматта сөйлесіп, өз тарапынан қысқаша мәлімдемелерін жасады. Солардың бірі қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойғанын атап өтті.Апат айтып келмейтінің жақсы түсінеміз, бұл жағдайдан алдағы уақытта қорытынды шығарып, елдің бірлігін одан сайын нығайтады деп санаймын.  
– Депутат болу дегеніміз...
– Ол жай нәрсе емес. Атүсті қарайтын, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін қызмет емес. Адам бұл мінберге шын ықыласымен келу керек. Мемлекетшіл, халықшыл болғанда ғана ол сол орында абырой арқалай алады. Бұған дейін энергетика саласында маңдай тер төктім. Сөйтіп жүріп, мен депутат болам, Парламентте мәселенің шешілуіне атсалысып жүремін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Талай қиындықтан өттік. Еңбек жолында әділдікке бет бұрып, жамандықпен арпалыстық. Көптеген мәселе болды. Одан бөлек үнемі тура жолдан тайқымауға тәрбиелеген ата-анамыздың рөлі зор болды. Міне, мұның барлығы осы депутат болуға үлкен себеп болған шығар деп ойлаймын...
– Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рақмет!                             
                                                                                                                       
                                                                                                                                     Сұхбаттасқан Айнұр ӘЛИ
23 сәуір 2024 ж. 150 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031