Бруцеллез ауруынан сақтанайық
Бруцеллез – адамдар мен малдар арасында кездесетін жұқпалы ауру. Бруцеллезге барлық үй жануарлары шалдығады, соның ішінде қойлар, ешкілер, ірі қара малы, шошқалар. Бруцеллезге шалдыққан малда жиі кездесетін белгілері – мал түсік тастайды немесе өлі туады.
Ауру мал түсік тастағанда, төлдеу кезінде адамдарға өте қауіпті болады, өйткені бруцеллез тудыратын микробтар малдың сүті, нәжісі арқылы сыртқы ортаға көптеп шығады. Осылармен қатар малдың терісі, жүні, тезегі, мал-қораның маңайы, ондағы құрал-саймандар, топырақ ластанады, ал бруцелла микробтары топырақта, қида, жемде , суда 4 айға дейін өмір сүріп, өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толықтай сақтай алады.
Адамдар бруцеллез ауруын ауру малдың сүті және сол сүттен дайындалған,термикалық өңделмеген тағамдарды тұтыну кезінде жұқтырады. Атап айтқанда, аурудың қоздырғыштары шикі етте 3 ай, тұздалған етте 1ай қайнатылмаған сүтте 40күн, ірімшікте 60 күн сақталады, ал жоғары температураға төзімсіз, 90-100 градусқа қайнатқанда сол бойы өліп қалады.
Адамдарда бруцеллездің алғашқы белгілері зақымдағаннан кейін 1-2 аптада, кей кездері 1 айдан кейін біліне бастайды.
БРУЦЕЛЛЕЗ АУРУЫНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ:
бас ауру, әлсіздік, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі, қалтырап тоңу, денесінің түршігуі, түнге қарай қатты терлеу. Бірнеше апта өткен соң буындары ісініп, ауыра бастайды, әсіресе тізесі мен шынтақ буындары ісініп, ауырады.
Ауруға шалдыққан адам дер кезінде дәрігерге көрініп, ем қабылдаған жағдайда, науқасынан айығады. Ауру асқынған кезде нерв жүйесі зақымданып, тірек-қозғалысжәне қан-тамыр жүйесінің қызметі бұзылуы мүмкін.
Бруцеллезден сақтану жолдары:
Бруцеллез ауруынан адамдарды қорғау үшін ең алдымен үй жануарларының бруцеллезбен ауруына жол бермеу қажет.Мал түсік тастағанда міндетті түрде ветеринарлық дәрігерге хабарлап, тез арада бөлек орынға оқшаулаған жөн. Өлген төлдің қалдықтарын мұқият жинап, арнайы мамандардың келуін күту керек.
Жаңадан туылған төлді үйге кіргізуге болмайды, олардың ішінде бруцеллез мал болса, адамдардың, оның ішінде балалардың ауруды жұқтырып алу қаупі жоғары.
Үй жануарларына қарайтын адам арнайы киім, етік, қолына қолғап кию керек,үйге сырт киіммен кіруге болмайды.Үй жануарлары тұратын қора жайды тамақ ішуге, шылым шегуге және демалу орны ретінде қолдануға болмайды.
Мал сатып аларда ветеринарлық дәрігерден арнайы анықтама талап ету қажет.Көше бойында, аула ішінде сатып тұрған сүт және сүт өнімдерін, ет сатып алуға болмайды. Мал өнімдерін сапасына кепілдігі бар, ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өткен арнайы сауда орындарынан алған жөн.
Г.Жұбандықова,
Қазалы аудандық СЭББ бөлім басшысы