Әрбір берілген тапсырмадан оң нәтиже шығуы тиіс
Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, олардың орындалуы сөз болды.
Жиынды бастамас бұрын аудан басшысы алдымен орын алып жатқан кадрлық өзгерістерге тоқталды.
- Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының 2024 жылғы 10 сәуірдегі №14 бұйрығымен Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болып Ибраимов Мейрамбек Мұхтарұлы тағайындалды.
Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы» Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының бұйрығымен Түктібаев Асылхан Өмірзақұлы Қызылорда облысындағы филиалының Қазалы аудандық бөлім басшысы лауазымына тағайындалды. Бұл бөлім қайта құрылып, біріктірілді. Мекеменің қарамағына Зейнетақы төлеу, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен мүліктерді тіркеу, жер кадастры бойынша жұмыстар қарайды, - деген аудан әкімі жаңа басшылардың қызметіне сәттілік тіледі.
Мұнан соң жоспарлы аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе - салық салу базасын ұлғайту және бюджетке қосымша кіріс көздерін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев хабарлама жасады.
Осы орайда аудан әкімі ауылдық округ әкімдерімен бөлім басшыларына аудандық кірістер басқармасымен бірлесе отыра бірінші кезекте кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты азайтып, салық базасын ұлғайту мәселесі бойынша жүйелі жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ осы жұмыстарды жандандыру мақсатында құрылған арнайы жұмысшы топтың жұмысын күшейтіп, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сыртта жүрген кәсіпкер жерлестерді жергілікті жерге тіркету бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін ескертті.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе - жергілікті тұрғындардың шамадан тыс төрт түлік малдарын қоғамдық, жайылымдық жерге жүктеме түсірмеу үшін елді мекеннен тысқары жерлерге шығару, олардың егістік алқаптарына түсуін алдын-алу үшін тұрғындар мен шаруа қожалық басшыларымен бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, пада, кезек ұйымдастыру жұмыстарына қатысты - аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндады.
Бұл бойынша да аудан әкімі малдарды ауыл-аймақтан тысқары жерлерге шығару, мал бастарын тіркеу тапсырмалары тек қағаз жүзінде қалып отырғандығын ескертіп, округ әкімдеріне нәтижелі жұмыс көрсету керектігін жеткізді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі күн тәртібінен түспейтін көктемгі санитарлық –тазалық мәселесіне де тоқталып өтті. Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз бойынша жүзеге асып жатқан тазалық акциясына белсене атсалысып, туған жердің тазалығына аудан тұрғындарымен бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі 7 аймақ бойынша жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарындағы кемшіліктерге де тоқталып, аталған кемшіліктерді қалпына келтіріп, дереу тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі