Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Музейдегі түлкі ішік

Музейдегі түлкі ішік

Ауданымыздағы ел назарындағы руханият орталығының бірі, табалдырығынан құты қашпаған, қабырғасының жылуы қайтпаған, шаңырағының шамы өшпеген Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейі ұжымы өткен жылдың қарашасында көпшіліктің қолдауымен өзінің 55 жылдық мерейлі мерекесін артында із қалатындай салтанатты
шараны атап өтті. Құптарлығы сол, музейдің іскер әрі белсенді қызметкерлерінің ізденуінің арқасында ондағы қазыналы мұраның қатары жыл сайын құнды жәдігерлермен толыға түсуде.
Музейдің, ғылыми қызметкері, бола­шағынан мол үміт күттіретін Ә.Сералының дерегі бойынша 2019 жылы Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш саналатын «Нұралы» мешітінің қызметкерлері дін өкілі Б.Жапақұлы ХХ ғасырдың басындағы темір күректі өз қолымен тапсырған. Ғасырлық тарихы бар, сыры кетсе де, сыны кетпеген, топырақ астында көміліп жатқан бұл күрек аталған мешітке 2016 жылдың наурызында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілгенде табылған екен. Оның сыр-сипатына қызыққан тарихшы, этнограф ғалымдар жұмыс құралының шебер ұстаның қолынан шыққандығын айтып, еш жерінің темір бекітпелермен бекітілмей (тұтас құйылған) жасалғандығын атап көрсетті.
Сүйсінерлігі сол, биылғы жылдың басында музейдегі құнды дүниелердің қатары көрген көзді тойдыратын, әсем де сәнді, жасыл түсті мауытымен тысталған, жағалы түлкі ішікпен толықты. Өткен ғасырдың ортасында атқа мініп, өмір сүрген Сыр қазағы мақтанышты жағдайда тұтынған, сән-салтанатты ортаға лайықты бұл ішікті осыдан екі жыл бұрын Қарасақал Ерімбет шайырдың немересі Едіге аға Құлақметов көзі тірі кезінде сыйлап, табыстаған еді. Қыста аяздан қорғайтын бұл ішікті қандай тігіншінің тіккенін, оның күнделікті тұрмыста кімнің тұтынғанын дөп басып айта алмады (өзіне де жақын ағайындары сыйласа керек). Ниеті түсіп, пейілі құлаған ағамыздың қолын қайтармай сол түлкі ішікті үйге әкеліп, қабырғаға іліп, бірер ай ұстадым. Ойдан ой туып, оны тасада ұстағанша көпшілік жұрт жиі бас сұғатын Қазалыдағы Ғани ағамыздың музейіне табыстауды құп көрдім. Елге жолым түскенде мұражай қызметкерлеріне «сауапқа жазсын» – деп өз қолымен табыстадым. Алғысын айтып ризашылығын білдірген олар бұл сырт киімді Қызылордадағы шеберханаға апарып, қайта әспеттеуден өткізді. Тарихи тұлға Ғани мен ішіктің өзара сабақтастығы сол ғасырда ғұмыр кешкен бабамыздың киім үлгісінен, тұрмыс салтынан хабардар етеді.
Енді, міне, аталарымыз киген осы бір сәнді ішік музейдің көркіне көрік қосуда. Қадірменді оқырман! Көне көз қариялар тұтынған бізге бәз қалпында жеткен түлкі ішікті көріп, сырына қаныққыларыңыз келсе, қаладағы Ғани музейіне ат басын бұрыңыздар. Жақсыны көрмек үшін дегенге тағы да бір көз жеткізіңіздер демекпін.


Қараша ҚАРАМАН,
журналист, өлкетанушы
13 сәуір 2024 ж. 140 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 81

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 54

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 88

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 94

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031