Күн тәртібінде тазалық мәселесі қаралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын.
Кешеден бастап Президенттің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Аталмыш акция асында Сыр өңірінде де «Таза Қазақстан – таза аймақ» атты экологиялық науқаны бастау алды.
Осыған орай бүгін Қазалыда аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы санитарлық тазалыққа қатысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға аудандағы барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары, көше комитеттері мен аудан тұрғындары қатысты.
Басқосуда аудан басшысы аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайында айтып өтіп, туған жерді көркейту-көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға бірлесе атсалысу керектігін жеткізді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов Әйтеке би кентіндегі 7 аймақ бойынша атқарылып жатқан тазалық жұмыстары бойынша хабарлама жасады. Ал, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ғанибек Құрманалиев тазалық мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан орын алған құқық бұзушылықтарға қатысты қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.
Кеңейтілген мәжілісте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпановта сөз алып, елдің бірлігін, абыройын көрсететін үлкен істе ауызбірішілікпен танытуға шақырды. Сонымен қатар көше комитеттерінің төрағаларымен аудан тұрғындары да тазалық мәселесіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі қоршаған ортаның, туған жердің тазалығы әрбір ауладан, әрбір көшеден басталатындығын жеткізіп, ауданды көркейту бағытындағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ тазалық жұмыстарына тек мекеме, кәсіпорын ұжымдары ғана емес барлық аудан тұрғындары, көше комитеттері, кәсіпкерлер өз аулаларынан бастап атсалысу қажет екендігін айтты.