Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аңсаған Мұстафа: Жетімнің көзі жанарымнан кетпейді

Аңсаған Мұстафа: Жетімнің көзі жанарымнан кетпейді


Туындыларына ауыр тақырыптарды арқау етіп, қоғамдағы сан түрлі құбылыстарға көзқарасын сурет арқылы білдіріп жүрген танымал суретшінің бірі – Аңсаған Мұстафа. Ол салған суреттер көптің көкейінде жүрген мәселелерді дөп басады. Көзі қарақты көрерменің оң бағасын алып, картиналары Қазақстан аумағында ғана емес, әлемнің біршама көрмелерінен көрінді. Сурет арқылы көпшілікке серпін сыйлап жүрген қылқалам шеберімен сұхбаттасқан едік.

– Бойыңыздағы қабілет кімнен дарыды? Отбасыңызда сізден басқа суретші бар ма?
– Отбасымда менен басқа суретші жоқ. Олардың әлемі менің мамандығымнан алшақтау. Әкем жазушы әрі журналист. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Аударма жасайтыны бар. Ағылшын тілінен тікелей ана тілімізге жасалған Дон Кихот, Шерлок Холмс сынды аудармалары қалың қауымға жақсы таныс. Өзінің «Жалғыз атты жолаушы», «Тағы мысық» шығармалары да оқырманын тауып үлгерген. Ал анам журналист. «Ақ босаға» газетінің негізін қалаушы. Біршама баспаларда, атап айтсам, «Өркен», «Горизонт» сияқты редакцияларда өлшеусіз еңбек етті. Ал інім режиссер. Аңғарсаңыз, отбасымдағылардың сурет өнеріне қатысы жоқ. Алайда қай-қайсысы да шығармашылыққа жақын жандар. Сондай ортада өскен соң, менің жалпы шығармашылықтан алыс болуым мүмкін емес секілді.
– Жалпы сырға толы сурет әлеміне келуіңіздің ағашқы баспалдағы көркем сурет мектебіне ауысумен басталғандай. Қатардағы жай мектептен көркем сурет мектебіне ауысуыңыз өз алдына қызық оқиға екен. Соны бізге де айтып берсеңіз.
– Бұл оқиғамды сұқбаттарымда жиі бөлісіп жүрмін. Естіген елге де қызықты деп ойлаймын. Егер осы мектепке ауыспасам суретші болмайтын ба едім, кім біледі?! Үшінші сыныпты бітірген кезім. Әкем шашыңды алып тастайық. Жазда ыстықтамайсың, басың демалады. Сосын шашың қою, қалың әрі қара боп өседі деп қоймады. Басында қарсылық таныттым. Бірақ әкем егер келіссең, "Кама" деген велосипед алып беремін деді. Сол уақытта соны өзім сұрап жүрген болсам керек, содан әкемнің дегеніне келістім. Сөйтіп жазғы демалысқа шыққан бойда шашымды тықырлатып алып тастадым. Әкем уәдесінде тұрып, велосипедін алып берді. Қуанғаным сонша, аула ішінде зуылдап, ойнап жүрдім. Ол уақытта балалардың бәрі бірдей боп жүруші еді ғой. Ұят, ыңғайсыздық деген сезім туындамайтын. Өйткені аулада қанша қазақ бала болса, жаз басталысымен тақырбас болып жүретін. Ол қыз не ұл болсын, ешкім ешкімді мазақтамайтын. Бірақ бірде бір жағдай орын алды. Демалысқа шыққанымызға 15 күн өткенде бізді мектепке сенбілік жұмыстарын жасауға шақырды. Ол кезде демалысқа шықсақ та, мектеп ауласын жинауға, өзіміз еккен ағаштарды баптауға, балағын ақтау сынды жұмыстарға жиі барып тұратынбыз. Содан не керек, шақырған соң бардым. Бірақ сыныптастарымнан сәл кешігіңкіреп сыныпқа кіріп келсем, мені көргендер ду етіп күліп жіберді. Оған апайым да қосыла кетті. Сол жерде бәріне қатты ренжідім. Сыныпқа сол күйі кірместен, кері бұрылып, үйге жылап қайттым. Үйге келіп енді ол мектептің табалдырығын аттап баспаймын дедім. Ата-анам демалыс біткенше мұны ұмытып кетеді деп ойлады. Бірақ 1-ші қыркүйек жақындаған уақытта түбегейлі ол мектепке барғым келмейтінін айттым. Содан олар айналамыздан қазақ мектебін іздей бастады. Бірақ үйге көркем сурет мектебінен басқа жақыны болмады. Таңдауымыз соған түсті. Менен осы мектепке барасың ба деп сұрады. Мен ойланбастан, «Әрине, барамын» дедім. Сөйтіп құжаттарымды өткізіп, мені осы мектепке орналастырды. Жаңадан ашылып жатқан уақыты еді. Оның үстіне мектеп интернат. Алыс-жақын ауылдардан өзім секілді қазақтың қара домалақтары жатып оқыды. Расы керек, мен де ол уақытта суретке деген қызығушылық болмады. Бірақ сол жерден сурет салудың қыр-сырын тереңінен үйрендім. Сурет әлеміне алғаш осылай қадам бастым.
– Сіздің әлеуметтік тақырыптағы суреттеріңіз көпті толғандыратындай-ақ... Жалпы бұл тақырыпқа қалай, қашан келдіңіз?
– Ортаңда не көрсең, соны санаңа сіңіріп өсесің. Мұны неге айтып отырмын. Кішкентайымнан көріп келе жатқаным журналистердің ортасы. Әке-шешем журналист. Олардың достары да журналист. Мен 11 жасқа келгенде анам «Ақ босаға» газетін ашты. Қыз-келіншектерге, отбасылық құндылықтарға арналды. Газет ашып, қарбаласып жүргенде үйімізге ұры түсті. Үйді қопарып, заттарды қиратып, көзіне көрінгеннің, тіпті диктофон, фотоаппарат, микрокассеталар, мақалалар, қолжазбаларды да көтеріп кеткен. Іздегендері де сол болса керек. Осы жағдайдан соң, мен үйге кіруге қорқып қалдым. Содан мен сабақтансоң, анамның жұмыс орына баратын болдым. Сонда сабағымды жасаймын. Кешке анаммен бірге қайтамын. Сабақтан тыс уақытта сол жерде жүрген соң естіп, көргенімді сол кезден көкейіме түйіп өстім. Өзіңіз білесіз, 90 жылдардың басында біздің қоғамда қазіргідей психологқа жүгіну, кеңес алу деген түсінік болған жоқ. Адамдар қиындықтардың, мәселелердің шешімін газеттен іздейтін. Редакцияға келген адамдардың басынан кешкен оқиғалары, қилы тағдырлары менің көз алдымда өтіп жатты. Жылап келген қыз-келіншектерді талай көзім көрді. Кішкентай болдым, бірақ не болып жатқанын түсінетіндей-ақ ес білетін шағым. Сол ақпараттардың бәрі санада қаттала берген екен. Тыңнан түрен салып, тақырыпты алыстан тапқаным жоқ. Салған суреттерімнің барлығы дерлік қоғамда көрініс тауып жатқан құбылыстар.
Өзім куә болған бір оқиғамен бөліскім келіп тұр. Бірде редакцияға баласын 3 жастағы қызын жетектеген бір келіншек келді. Күйеуімен керісіп, Алматыдан бір шыққан екен. Қолында пакеті. Анама жолығып, қызым осында қала тұрса деді. Осында туыстарының үйіне келген. Бірақ баратын үйінің мекен-жайын жобалап қана біледі екен. Үйдің нақты мекен-жайын тапқан соң, қызымды кері алып кетемін. Бірер сағатқа қала тұрсын деген соң, күн суықта жаурамасын деп қызын алып қалдық. Арада біршама уақыт өтті. Қазір келемін деп кеткен келіншек жоқ. Қас қарайып, кеш батқан соң, соңғы автобустан қалып кетерміз деп, қызды алып үйге тарттық. Ертесі қызды ертіп, анаммен жұмысқа келдік. Әлгі келіншек біз жоқта келіп қалар деп, үйдің мекен-жайын қағазға жазып, есікте қалдырғанбыз. Қағаз қозғалмаған күйі тұр. Келіп қалар деп сол күні тағы күттік. Келіншек келмеді. Қызды ертіп, әдеттегідей үйге кеттік. Келесі күні ойымызға түрлі күдік келе бастады. Бәлкім бірдеңе болған шығар дедік. Анам журналистермен бірге аурухана, мәйітханаларға сұрау салып, іздестірді. Бірақ біз іздеген бейнеге келетін адам жоқ деді. Ақыры келіншек келмей, одан хат-хабар болмған соң, полицияға хабарласып, қызды балалар үйіне өткіздік. Әрине, бәрі бірден оңай бола қойған жоқ. Күнде тергеу-тексеру. Осының бәрін көріп жүрдім. Ата-анам бірнеше күнде балаға бауыр да басып үлгерді. Оны өз бауырымызға басқымыз келді. Асырап алуға ниетті болдық. Бірақ біздің отбасы белгілі бір критерийлер бойынша сай келмеді. Балалар үйіне үш рет бардық. Бала алдымыздан жүгіріп келіп, бәрімізді емірене құшақтады. Екінші барғанымызда бұрынғысындай жылы қабақ танытпады. Ал соңғысында жанымызға тіпті жуымады. Әлі күнге дейін сол жетім қыздың жанары көз алдымда. Осындай оқиғаларды көзбен көріп, жүректен өткізген соң, ауыр тақырыптарды суретіме арқау етуімнің себебін көрермен түсінген болар деп ойлаймын.
– Еңбек жолыңыз анаңыздың редакциясында басталғанға ұқсайды ғой.
– Солай десем де болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, күнімнің біраз бөлігі анамның жұмысында өтетін. Бала болған соң, арасында шулайсың. Содан анам өзгелерге кедергі келтірмесін деп қалам мен қағаз беретін. Сөйтіп сабақтан тыс уақытта да анамның жұмысында да сурет сала бастадым. Кейін жұмыстарым газетке де шыға бастады. Ол кезде тақырыптық суреттерді журналистер бүгінгідей интернеттен ала алмайтын. Көп ізденетін, кітаптарды ақтаратын немесе біреуге салдыратын. Мен де солай газеттің шығуына септесіп, сондағы аға-әпкелерімнің материалдарына тақырыптық сурет салдым. Ретушьпен айналыстым. Мысалы бірнеше адамның суретінен, керек адамның бейнесін бөліп, қиып алып, айналасындағыларды бояйтынмын. Кейін көлік жүргізуді де үйреніп алдым. Журналистермен сұқбаттарға еріп баратын болдым. Қолыма фотоаппарат та тиді. Аз уақыт фото-тілші болып та жұмыс істеген жайым бар.
– Әлемдік деңгейдегі көрмелерге жиі қатысып жүрсіз. Көп нәрсені көңіліңізге тоқып, біраз нәрсені бағамдаған боларсыз. Сіздің ше, еліміздің сурет өнері қай деңгейде? Әлемдік арена біздің суретшілердің өнерін қалай бағалар еді?
– Менің тақырыбым өздеріңізге белгілі әлеуметтік тақырыптар. Мен суреттерімде қазақтың ата-әжесін, әке-анасын, ұл-қызын, солардың тағдырын, өмірін, әлеуметтік жағдайын бейнелеймін. Бірақ менің суреттерімнің тақырыбы тек қазаққа ғана тән емес. Қалай дейсіз ғой, бізді өзгелерден ерекшелеп тұрған ұлтымыз бен мәдениетіміз болмаса, жер бетіндегі адамзаттың мәселесі ұқсас. Мен осыны түсіндім. Қазір ұйқысы қанбаған ана, жесір әйел, бетімен кеткен бала, ез еркек, масылдық, қатыгездік, жетімдік сынды мәселелер қай қоғамда да бар. Тіпті, ол шетелде де. Олардың менің суретімді бағалап жатқанының себебі де осы. Мексикалық журналист сұхбат алған кезде мені Барзилияның тұрғыны деп ойлағанын айтқаны бар. Ол жақты білесіздер, мультимәдениетті ел. Мені мексикалық деп ойлайтындары да бар екен. Бірақ мен суреттерімде ұлттық нақышымызды, болмысымызды барынша бейнелеуге тырысамын. Тіпті ондағы жазылған жазбалардың бәрі тек қазақ тілінде. Бұл менің ана тіліме деген құрметім.
Қазір керемет көп суретші жастарымыз бар. Бірақ оларға шетелдік көрмелерге шығуға айтарлық қолдау жоқ. Кезіндегі Гүлфайруз Исмайлова сынды суретшілердің суреті бүкіл әлемге тарап кетуге мүмкіндігі болды. Егер ССР бізді буындырып тастамаса. Еркіндік болған болса, әлдеқашан әлемді мойындатқан болар ма едік, кім білсін?! Сол сұрқай саясаттың кесірі қаншама суретшілердің еркін қанат қағып, қалықтауына қарсылық танытты. Соның салдарынан КСРО аумағынан алыстай алмай қалды. Пабло Пикассо деген суретшіні білесіз, Әбілхан Қастеев заманында өмір сүрген. Кейде ойлаймын, Қастеев атамыздың жұмыстары сол кезде публикаға шығар болса, атақ-даңқы бүгінгіден де асқақ болушы еді...
– Қазір нарықта сіз салған суреттермен киімдер сатылымда екенінен хабардармыз. Топтамаларды шығаруда нені көбіне назарға аласыз?
– Басында бұдан бизнес жасау мүлде ойда болмаған. 8 жыл бұрын Қазақ хандығына 550 жыл болады деген жаңалықты бәріміз естідік. Содан мен суретші ретінде қандай үлес қоссам болады деп ойладым. Сосын 550 жыл Қазақ хандығы деп футболкаға жазып, оны желіге жүктедім. Егер осы сурет 550-ден көп лүпіл жинаса, онда 55 данасын саламын дедім. Содан пост астында адамдардан түрлі пікірлер келіп түсті. Оқырмандарым дайын бизнес жобасын жасап берді. Жазылған пкірлерлер мен желі қолданушыларының қолдауынан қанатттанып, осы іске қызығушылықпен кірістім. Кейін тапсырыстар түсе бастады. Әр уақытта түрлі идеяларды ойластырып, соны халық талқысына тастаймын. Көпшілік ұнатқан дүниені қолға алып, ары қарай тапсырысқа жұмыс жасаймыз. Қазір «Жасың нешеде?» деген сұраққа жауап беретін футболкалар бойынша тапсырыс қабылдаудамыз. Енді қыз балалардың суретін салыңызшы деген ұсыныстар түсіп жатыр. Жақын уақытта ол да дайын болады.
– Қоғамдық мәселелерге қылқаламыңызбен үн қосып жүргеніңізді көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Әлеуметтік желіде де белсенді екеніңізді де білеміз. Осы ретте өзіңізді қоғамдағы қандай тақырып толғандыратынын айта кетсеңіз.
– Қазір мені толғандырып жүрген үлкен бір тақырып бар. Қоғамда қарыз қамытын киіп жүрген отандастарымыз көбейді. Әрқайсысының басында кемінде екі-үштен несиесі бар. Еңсесі түскен, басын тіктей алмай жүргендерді көріп қапаланасың. Менің ендігі тақырыбым осы мәселе төңірегінде болмақ. Дәл осы тақырып аясында әзірге екі-ақ жұмысым бар екен. Маған бұл жеткіліксіздеу. Соны одан әрі кең көлемде жетілдіргім келеді.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

"СӨЙЛЕ СУРЕТ" ТОПТАМАСЫНАН




05 наурыз 2024 ж. 346 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031