Сарсаңға салған Семей

Кеште ярдолық қару салдарынан қаза тапқан жерлестер бір минут үнсіздікпен еске алынды. Қазалы қаласындағы «Нұралы» мешітінің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлы бақилық болғандарға құран бағыштады. Қазалы аграрлық-техникалық колледж студенттері сол уақыттағы билік өкілдерінің тұрғындарды күштеп ауылдан көшіруі мен қарсы болғандардың келместің кемесіне мінгенін сахналық көрініс арқылы көрсетті.
Жиында Ерсейіт Жанпейісов, Өмірбек Күлімбетов, Сарыбай Келмағанбетов сияқты ардагерлер жастарға бастарынан өткізген оқиғаларды баяндап, алдағы уақытта мұндай қасіретті жағдайдың енді қайтіп қайталанбауын тіледі. Естен кетпес алапат кесірінен бірсыпыра жандар емі жоқ ауруға шалдыққаны тілге тиек етілді. Дүйім елдің назарын өзіне аударған зауалды, еңбектеген бала мен еңкейген қарияның көз жасын қағаз бетіне түсірген ақын-жазушылардың естелік кітаптарынан мектеп оқушылары үзінді өлең мен монолог оқыды.
Кездесу соңында қонақтарға сый-сияпат көрсетіліп, белсенділік танытқан студенттер мен оқырмандар алғыс хатпен марапатталды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК