Асханаларда былық бастан асады
Халқымыз қашаннан-ақ дастарқандағы асқа айрықша мән берген. "Ас – адамның арқауы", "Ауру – астан" дейтін де біздің қазекең. Түсінген адамға бұл даналық сөздің астарында үлкен мағына бар. Құнарлы ас бойға күш қуат берсе, құнарсыз тамақ дертке душар етеді. Кейде "халық арасында түрлі аурулардың көбеюі де біз күнделікті тұтынып жүрген тамағымыздан емес пе екен?" деген дүлдәмәл ойда қалатынымыз жасырын емес. Шындығында, бәрі сол тағамның құрамының дұрыс болмауынан. Бірақ оны барлық уақытта аңғару мүмкін емес. Өйткені барлық жерде сіз ойлағандай жағдай жасалмаған.
Әсіресе, білім беру ұйымдарындағы асханалардың жайы ата-аналарды қатты алаңдатады. Өйткені, мектеп пен балабақшаларда тағамнан улану оқиғалары жиі орын алуда. Естеріңізде болса, былтыр көктемде дәл осындай жағдай ауданға қарасты Кәукей ауылындағы №225 мектептің асханасында тіркелген еді. Қазалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сенсек, 25 оқушы мектеп асханасынан ауқаттанған соң, ауырып бастаған. Алғашында 3 оқушы іші ауырып тұрғанын айтып, мектеп мейірбикесіне шағымданған. Кейін медицина қызметкері қалған оқушылардың да мазасызданып тұрғандығын анықтаған. Осылайша, бір мезетте 25 оқушы тағамнан уланған еді. Қуанышқа орай, балалар Қазалы аудандық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне дереу жатқызылып, арнайы ем алып, кейін ауруханадан шыққан. Орын алған оқиғадан соң, індетке қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізілгенін естігенбіз. Бірақ көпшілік бұл көзбояушылық дегенді алға тартты. Тіпті, тұрғындар біршама уақытқа дейін білім беру мекемесінің асхана жұмысына наразылық танытып, шу шығарған еді. Шыны керек, халық арасынан бұл жайт жылы жабылып қалды деген пікірді де құлақ шалып жүрді. Дүрбелең салатындай дүние емес деп айтатындар да табылды. Бірақ бұл жүрдім-бардым қарайтын жағдай емес. Мұның артында қаншама баланың денсаулығы жатыр.
Бағамдасақ, балалар асханасындағы бір ғана жайт біршама былықтың басын ашты. Өйткені дәл осы оқиғадан соң, тергеп-тексеру барысында бірталай өрескел бұзушылықтар анықталды. Мектеп асханасын жалға алған жеке кәсіпкерге ӘҚБтК 425-баб 1 бөлігіне сәйкес 230 АЕК бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Аталмыш жағдайдан соң аудандағы барлық білім беру мекемелері асханаға қатысты олқылықтардың орнын толтыруға тырысып баққан еді. Әйтсе де білім беру ұйымдарының асханасындағы былықтың беті әлі ашылып жатыр. Жыл басталғалы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесі жоғарыдағы сөзімізді айғақтап тұрғандай.
Жуырда өткен мәслихаттың кезекті отырысы да осы мәселе төңірегінде өрбігенін білеміз. Онда баяндама жасаған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының бөлім басшысы Гульвира Мдуарова қосымша хабарлама жасап, 2024 жылдың қаңтар айында аудан бойынша 37 мектеп асханаларына жүргізілген тексеру нәтижесін ортаға салған еді. Оның айтуынша, бірқатар мектеп асханаларындағы "Алтын қазан" күнбағыс майының, ара балының, киселдің, қаймақтың пайдалану мерзімі өткен. Гульвира Мдуарованың сөзіне сенсек, біршама мектеп асханаларында өндірістік бақылау бойынша жұмыстар және ыдыс жуу ережелерінің сақталмауы нұсқаулыққа сәйкес жүргізілмеген. Сондай-ақ асханалардағы сору желдеткіштері істен шыққан немесе мүлдем қаралмағандығы бақылау барысында анықталған. Ыстық сумен қамтамасыз етілмеген және залалсыздандыру жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілмеген. Бірқатар білім ошақтарының асханасында келіп түскен тағам өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжаттар толық болмаған жайттар да кездескен. Сонымен бірге тамақ атауларымен ілеспе құжаттары сәйкес еместігі де анықталған.
Расы керек, аудандық білім бөлімі тарапынан ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкерлердің жұмысына қатаң бақылау жүргізу қажеттігі туралы бұған дейін де айтылып жүрген мәселе. Бірақ жоғарыдағы жайсыздықтың орын алуына бақылаудың байыппен жүргізілмеуі себеп екендігін жоққа шығаруға болмайды. Қанша жерден жауапсыз болмадық деп ақталғанымен, бақылауға келгенде жұмсақтық танытқандары жасырын жағдай емес. Жіті тексеріс жүргізіліп, үнемі назарда ұсталса, наразылық тумас еді. Бірақ бұның жібі үзілмеген мәселеге айналғаны қашан?!
Ата-аналарды алаңдататын бұл жағдай қоғамда әлі де өзекті. Өйткені бұл салада сыбайлас жемқорлық жайлаған. Соның салдарынан балалар жапа жегіп жатыр. Өкініштісі, мұны ойлап жатқан ешкім жоқ. Өйткені кейбір басшылар құр құлқынның қамын жеп, баланың несібесін жырып қалуды алдыға қойған. Бұлай айтпайын десек, асханалардағы тағамдар мәзірінің стандартқа сай келмейтіндігін көз көріп, құлақ естіп жүр. Мұны ата-аналар да жарыса айтуда. Солардың бірі – кент тұрғыны Айнагүл Жақсыбек. Оның айтуынша, білім беру мекемелерінің, әсіресе балабақша асханаларындағы тағамдар жарияланған мәзірге мүлдем сай келмейді.
– Балам мемлекеттік балабақшаға барады. Бірақ айтатын бір жайт бар. Ас мәзіріне көңілім толыңқырамайды. Таңнан кешке дейін жұмыстамыз. Балабақшада уақытылы тамақ береді, тоқ жүреді деп күтеміз ғой. Бірақ балам үнемі үйге "қарным ашты" деп келеді. Сосын сұраймын, "бүгін не жедің, не іштің? деп. Балам бүгін қарақұмық, сорпа, күріш деп айтып жатады, бірақ еті аз, сылдыр су, татымы жоқ дейді. Бастапқыда "бала ғой" деп елемейтінмін, бірақ үйге келіп бізбен ілесіп тағы тамақтанып жатқанын көргенде ойланып қалатын болдым. Баламмен бірге бақшаға баратын балалардың ата-аналарының айтатын әңгімесі де осы. "Балам аш келеді" дейді. Баламнан бірде "жеміс-жидек бере ме?" деп сұрағанымда, "жартысы құрт алма жедік" дегенді де айтқан. Осыдан соң, балабақша басшылығына шағымданып, ескерту жасағанмын. Бірақ бұл уақытша түзелгендей болды да, кейін тағы жалғасты. Қанша айтсақ та, "назарға алынды" дегеннен басқа дейтіні болмай тұр, – дейді ата-ана.
Мемлекеттік мекемедегі жағдай мұндай болса, жекеменшік ұйымдардың жағдайы бұдан мәз деуге келе ме, тіпті қызық. Бәлкім, біз ойлағандай да емес шығар. Бірақ талап пен тәртіпке түкіргендер жетерлік. Оларға заң жүзінде де тосқауыл болудың өзі қиын. Өйткені бүгінде балалардың азығы тендерге қарап тұр. Тендермен келіп түскен тағамда татым болмайтындығын біз жақсы білеміз. Бірақ мұны сала мамандары қаперден шығарған сыңайлы. Адамның денсаулығын сақтау тамақтанудан басталатынын ескерсек, оның сапасы мен құнарлылығы басты назарда болуы тиіс. Алайда асханаларда беріліп жатқан ас адамға арқау бола алмай тұр.
Бұдан соң, балалар тағамнан уланбай қайтсін?! "Қой" дейтін "қожа" болмаған соң, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп олардың білгенінен жаңылар түрі жоқ. Дегенмен бұларға бір тоқтам керек шығар. Әрине, бәрін білемге салатындардан байыпты іс күту орынсыз. Өйткені оларға адамның денсаулығынан ақша маңыздырақ. Содан да болар, олар мектеп асханаларында тамақты сақтау, дайындау талаптарының санитарлық нормаларға сай келмейтіндігіне де бас қатырмайды. Тіпті асханадағы аспаздардың аспаздық біліміне де көз жұма қарайды. Одан бөлек, олардың санитарлық кітапшаларының бар-жоғына да алаңдамайды.
Әттең, санитарлық сала мамандары асханалардағы тамақтың сапасын, тазалығын қатаң тексеріп отырса ғой. Мұндай жайттар орын алмас еді. Бәрін бір салаға арта салу қисынсыз десек те, бұл құзырлылардың қателігінен туындап отырған жайт екені даусыз. Мұны тұрғындар да жиі сөз етіп жүр. Айтуларынша, бүгінгі таңда жиі көрініс тауып жатқан оқиғалардың барлығы осы бағыттағы жұмыстардың әлсіздігінен туындауда. Олардың бұлай деуіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының асханаларға тексеріс жүргізуі тек тұрғындар шу шығарып, шағым түсіргенде ғана орын алатындығы негіз болып отыр. Қызық?! Сонда оған дейін олар не тындырады? Бәрі болып, бояуы сіңгенін күтіп отыра ма? Айтқандай, олар көп жағдайда өз беттерінше мектеп асханаларының жұмысына араласуға құқығымыз жоқ дегенді алға тартады. Мысалы, жеке меншік балабақшаларда кәсібін енді бастап жатқан кәсіп иесінің жұмысына бірден бақылау жасауға рұқсат берілмейтін көрінеді. Тіпті сала мамандары табалдырығын да аттай алмайды. Сондықтан шағым түскенге дейін тексеру шараларынан тыс қалады екен-мыс. Қош, солай-ақ болсыншы. Бірақ құзырымызға кірмейді деп отырып, салдармен күреске кешігіп қалсақ ше? Сонда не болмақ? Әуелі алдын алуға асығып, қам қылуымыз керек емес пе еді?!
P.s: Жуырда облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, білім беру мекемелеріндегі асхана жайын бақылауға арналған арнайы топ құрылды. Аудандық білім беру бөлімінің фейсбук парақшасында жарияланған мәліметке сенсек, біршама мектептерде зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілгенге ұқсайды. Дұрыс-ақ. Бірақ балалар қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстар тек тапсырма берілгенде ғана емес, жыл көлемінде жоспардан тыс ұйымдастырылса құба-құп болар еді. Сонда былтырғыдай оқиға орын алмас еді. Бұл мақаламызда бір саланы қаралап, біреуін ақтауды көздемедік. Біздің тілек – қай сала болмасын, әрқайсысы жауапкершілікті сезініп, ата-ана сұранысының үдесінен шығуға мүдделі болса екен дейміз.
Арайлым ЖҮСІПОВА