Ауызсу бағасы аспандап барады
Фото: shutterstock.com
Суға жаңа тариф енгізілмек. Жаңа тарифке сәйкес, енді суды көп мөлшерде тұтынған тұрғындар бұрынғысынан көбірек төлейді. Бұған көпшілік наразы болатыны анық. Әйтсе де билік суды үнемдеудің дұрыс амалы осы дегенді айтады. Сөздеріне сенсек, осылай ғана тұтынушылардың су ресурсын үнемдеуге ынталандырамыз дейді олар. Министрлік мәлімдемесі бойынша, аталмыш тариф төрт деңгейден тұрады. Көпшлік бұл тарифті жете түсінбегендіктен, наразылық танытуда. Бұл тариф тұрғындарға қалай әсер етеді? Бағадағы өзгеріс көлік жуу орталықтары мен монша қызметіне кедергі келтірмей ме?
Жаңа тариф іске қосылғанын естіген жұртшылықтың дегбірі қашқан. Солардың бірі Мәрзия Әбдімәлік есімді кент тұрғыны. Ендігі әрекетім қалай болар екен деп бас қатырып жүрген ол, жаңа тариф жағдайымызға айтарлықтай әсер етеді деп қорқады. Өйткені көпбалалы ана суды күнделікті тұрмыста көп мөлшерде пайдаланамыз дейді. Онсызда бұған дейін коммуналдық төлемге артық ақша жұмсап жүргенін айтқан Мәрзия апа: "түбіртектегі баға бұрынғысынан асып кетсе, қалай күнелтер екенмін? – деп қынжылысын білдірді.
Иә, онсызда айдан айға ақшасын әрең жеткізіп жүрген қарапайым халыққа бұл кәдімгідей ауыр тиері сөзсіз. Бірақ бұл енген жаңа баға ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталғанын да ескеру керек. Шыны керек, көпшілік табиғат берген су ресурсын тиімді пайдалануды білмейді. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде айтқан еді.
– Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40%-і босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60%-і тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет, – дейді ол.
Тиісті шаралар жасалуындай жасалып жатыр. Бірақ бұның бәрі әуелі халықтың күн көріс деңгейіне негізделуі керек секілді. "Үнемдейік" деп үн қатамыз деп жүріп, үркітіп алуымыз мүмкін екенін жоғарыдағылар білмейді емес, жақсы біледі. Әйтсе де бұқара мен билік арасында дұрыс диалог орнамай тұрған сыңайлы. Өйткені тұтынушылар тарапынан наразылық әлі де сейілмей тұр. Ал бірақ министрліктегілер суға қатысты енгізілген соңғы тариф тұрғындар үшін тиімді дегенді алға тартады.
Айтуларынша, І топ – айына 3м3 дейін су тұтынатын азаматтар қолданыстағы тарифпен төлейтін көрінеді. ІІ топ – айына 3 тен 5м3-ке дейін су тұтынатын тұтынушылар үшін қолданыстағы тарифтің үстіне 20 пайыз қосылады. Ал ІІІ топ – айына 5м3-тен 10м3-ке дейін тұтынатын тұрғындар үшін қолданыстағы тарифке 50 пайыз қосылады. Соңғы ІV топ – айына 10м3 астам су тұтынатын азаматтардың төлемі 100 пайызға немесе 2 есеге көтеріледі. Биліктегілердің бекіткен лимиті осындай. Көпшілік енді осы тариф бойынша төлейді.
Министріктің мәлімдемесіне сенсек, жаңа тариф нәтижесі бойынша тіршілік көзін пайдаланатындардың есебінен мемлекетке шамамен 13 миллиардқа жуық кіріс кірмек. Бұл бір жағы суды үнемдеу болса, екінші жағы экономикаға үлес қосу дейді мамандар.
Бұл да бір тиімді ресурс шығар. Бірақ бұл мәселеге қайтып айналатынымыз сөзсіз. Өйткені тариф бағасы уақыт салып кедергі тудыруы әбден мүмкін. Бұл ретте билік тарифтік емес реттеу мүмкіндіктерін қарастырса құба-құп. Министрлік мәселені тұтынушылардың есебінен шешуді тоқтатпаса, қосымша қаржылық ауыртпалықтар мен әлеуметтік теңсіздік туындамасына ешкім кепіл бола алмайды.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ