Биыл Қазақстанда "Цифрлық теңге" алғаш рет сынақтан өтеді
Қазақстанда цифрлық теңге қолданысқа енетін уақыт жақын, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Цифрлық теңге" жобасы аясында зерттеу жүргізіп келген Ұлттық банк өкілдері биыл пилоттық жобаның алғашқы кезеңін сынақтан өткізгелі отыр. Жобаны іске асыратын жол картасы 2025 жылдың соңына дейін есептелген. Яғни, сол аралықта цифрлық теңгенің жұмысы 3 кезең бойынша сынақтан өткізілмек.
"Цифрлық теңге" жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаеваның айтуынша, бұл – смартфонға арналған қосымша емес және валюта түріне де жатпайды. Криптовалютамен де шатастырмау керек.
Цифрлық теңгені – төлем құралы деп қабылдаған дұрыс. Цифрлық теңгенің шоты екінші деңгейлі банктің мобильдік қосымшасында ашылады.
"Біз пилот-жобада "Цифрлық теңгені" екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) мобильдік қосымшалары арқылы ашамыз деп қарастырамыз. Сол жерде "Цифрлық әмиянды ашу" деген батырма болады. Соны басқанда цифрлық теңгеге арналған шотты көреміз. Болмаса, цифрлық теңгенің карточкасын да ашуға болады. Яғни, онлайн да, карточкамен де төлем жасай береміз" , - дейді "Цифрлық теңге" жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.
Оның айтуынша, күнделікті қолданатын банк қосымшасындағы ақшалар мен "Цифрлық теңге" әмиянындағы ақшалар бір-бірімен өзара конвертация жасала береді. Ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайды.
"2025 жылдан бастап барлық азаматтарға цифрлық теңге қолжетімді болады деп жоспарлап отырмыз. Кредит алуда немесе депозитке ақша салуда цифрлық теңге қолданылмайды. Себебі цифрлық теңгеде пайыз есептелмейді. Бұл макроэкономикалық тәуекелдерге байланысты қабылданған шешім. Цифрлық теңге – ол заңды төлем құралы. Оны барлық азаматтар қандай да бір шектеусіз қолдана алады. Яғни, біз қолданып жүрген смартфон арқылы сондағы мобильдік қосымшалармен, карточкалармен төлемдер жүргізе береміз. Бұл жобада да "токен" деген термин бар. Оған әлемдік деңгейде әртүрлі сипаттама берілген. Көп жерде цифрлық ақшаның виртуалды белгісі деп түсіндіріледі. Біздің жағдайда токеннің миссиясы мүлдем басқа. Ол – жүйеде кім қанша ақшаны қолдана алатынын көрсететін реестрдегі ақпарат", - дейді "Цифрлық теңге" жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.
Әзірге "Цифрлық теңге" – пилоттық жоба. Қажеттілік туындаған жағдайда әлі де өзгерістер енгізіліп, жетілдіріле бермек.