Тәртіпке бас исе, талап орындалса игі
Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асса да, Қазалы ауданында шешілуі тиіс күрмеулі түйіндер көп. Соның қатарында көше реттілігінің бұзылуы алаңдатады.
Қазір тұрғын үйлер қалай болса, солай бақылаусыз салынуда. Негізінде нақты ереже бойынша көше ені 12-16 метрді құрауы қажет. Бірақ бізде талапты ескермейтіндер мен жүктелген құзыреттілігін еңсермейтіндер нәтижесінде бей-берекетсіз тұрғызылған ғимараттар салдарынан жол тарлығы байқалады.
– Мәселен, кей пысықайлар заңсыз есік алдын қоршап, қолайсыздық тудыруда. Бұған қоса негізгі Әйтеке би мен Жанқожа батыр көшелері бойы бықырлаған автокөлік тұрағына айналған. Әсіресе базар маңы таксисттердің тырп етпей тұратын алаңы болғаны қашан. Оларға белгісіз себептермен құзырлы орган қызметкерлерінің тісі батпай тұрғаны таңғалдырады.
Бүгінде құзырлылар өз міндетін жүрдім-бардым өткергендіктен тышқан мысықтың төбесінде ойнайдының кері. Әйтпесе сол қоғамдағы тәртіпті реттеуші құқық қорғаушыларға арнайы көлік те берілгенін көріп жүрміз. Неге осы заңсыз тұраққа айналдырған автокөлік жүргізушілеріне жол ережесіне сай шара қолданбасқа? – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Азамат Битұрғанов.
Тұрғындар ұсынысы ескеріле ме?
Бұдан бөлек Әйтеке би кенті тұрғындары бірнеше ұсыныс келтіруде. Яғни – №5 ықшам ауданындағы жаңадан берілген ипотекалық үй маңайы «Абай» ықшам ауданы аталса, Әйтеке би мен Жанқожа батыр көшелерінде автокөлікті бір жақты жүретін етсе, Әйтеке би бойымен теміржол бекеті жағынан шығып, Жанқожа батыр көшесімен қала жақтан өтетін қылған құба-құп дегенді алға тартады. Сонда ғана базар маңы автокөлікке кептелмейді. Арнайы бөлінген автотұраққа баруына жағдай жасалады.
Әйтеке би кентінде дерек бойынша 280-дей көше бар екен. Дегенмен осы көшелерге қатысты қазалылықтар тарапынан реттелмеген наразылықтар кездеседі. Жедел-жәрдем мамандары мен пошташылар және таксистер іздеген мекен жайды оңайлықпен таба алмайтынын алға тартады. Олардың айтуынша, нөмірсіз және атаусыз үйлер жеткілікті. Сонымен бірге №1 санды үйді көше басынан іздесе, ол ортасында орналасқан болып шығады. Осыдан келіп, бұл қызметкерлер сандалып, белгілі жерді іздеумен уақытын жоғалтады.
«Ауылдың атын атама, көше атын әкеме»...
Келтірілген өзекті мәселеге орай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Жолтаевқа хабарласқан болатынбыз.
– Атау беруде құқықтық нормативтік құжаттар басшылыққа алынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін ҚР «Тіл туралы», «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңдары, «Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту» туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 01 тамыздағы №211 бұйрығы негізінде іске асады.
Жергілікті жерлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулармен және ұлттық танымға жақын, халыққа түсінікті, жер ерекшелігіне сәйкес атаулармен өзгертіп, қазақ еліне танымал тарихи тұлғалар болмаса, жалпы кісі аттарына мейлінше шектеу қойылғандығын айтып өткен жөн.
Көшеге ұсынылатын атаулар ономастикалық жұмыс процесінде Республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдерде болуы міндеттеліп, басшылыққа алынып отыр. Осы тізімді зерделеу, жергілікті жердің тарихи танымал тұлғаларын енгізу бойынша облыстық ономастика комиссиясына ұсыныстар берілуде. Жалпы ономастикалық жұмыс барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, батырлар, жазушылар, ақындар, тарихи тұлғалар, білім-ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына ерекше үлес қосқан тұлғаларға көше атауы беріледі, – дейді Болат Жолтаев.
Неліктен көшеге атау беру созбалыққа салынады дегенге мамандар: «Ауданда инфрақұрылымы жүргізілмеген атауы жоқ көшелер бар. Ол жердің кейбірінде тұрғын үй орналаспағандықтан заңнама талаптарына сәйкес сол жергілікті халықтың пікірі ескеріледі делінген заңда. Нақты атау тұрғындар шоғырланғаннан кейін беріледі» деп қысқа қайырды.
Оның айтуынша, «ауылдың атын атама, көше атын әкеме» берсін деген ойдан арылу керек. Кез келгенге ретсіз атау берілмейді. Бұл үшін белгіленген ереже бар. Соны жергілікті әкімдіктегі мамандар дұрыс насихаттауы тиіс. Тиісті насихаттық-ақпараттық түсіндірме шаралары аз болуы халықтың наразылығын тудырады. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдері ономастикалық жұмысты жүргізетін маманды арнайы осы бағыт бойынша ұйымдастырған жиындарға жібермейтін көрінеді. Сондықтан бұл жергілікті әкімдіктен бөлінген маман өз ісін толықтай меңгермегендігі ономастикалық жұмыс тобына зардабын тигізеді. Ал көше нөмірін беру аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі құзырында. Ретсіз шашыраңқы, болмаса қайталанған үй санын қайта реттеуді нақты сол бөлім мамандары атқарады.
Мамандар не дейді?
Сонымен бірге бір әкімшілік аумақта бірнеше мәрте қайталанатын атау бар. Мысалы, С.Сейфуллин көшесі, С.Сейфуллин тұйығы, С.Сейфуллин орамы сынды болады. Соны қазіргі уақытта ономастикалық заңнамасына сәйкес тарихи жер-су атауымен өзгертілуде. Ономастиканың жұмысын жетілдіру мақсатында 2025 жылға дейінгі «Жол карта» белгіленген. Онда бірнеше рет қайталанатын, идеологиялық тұрғыдан ескіргенін тарихи дәстүрлі атаумен ауыстыру жоспары жасалынды. Мәселен, «Новостройка» «Күлтегін», «Промзона» «Томирис», «Комсомол» «Мәңгілік ел», ауылдарға қатысты «Отгон» «Тасөткел», Қарашеңгелдегі «Водокачка» «Шитүбек» сынды атаулармен ауысты.
Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Дегенмен соңғы кездері қоғамдық тәртіпті бұзуға бейімділер аз емес.
Бұл ретте Әйтеке би кенті әкімдігінің маманы не дейді?
– Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 145-бабына сәйкес Әйтеке би кентінде орналасқан ғимараттардың қызыл сызықтан ауып кетуі, жер учаскесін игермеу, жер учаскесін өз бетінше иелену сынды тағы басқа да жұмыстар бойынша айыппұл салу Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының құзыретінде.
Әйтеке би кенті әкімдігі тарапынан аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімдерімен бірлесіп, заңсыз пайдалану белгілері бар жер телімдеріне, мақсаты бойынша пайдаланбай (игерусіз), нысаналы мақсатын бұзып пайдаланған және мемлекеттік жерлерді өз бетінше иеленген жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Түгендеу қорытындысымен Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына ұсынылады.
Сонымен қатар орталық базар маңындағы таксилер мен автобус аялдамалардағы көліктердің кептелісіне байланысты мәселесі аудандық ішкі істер бөлімі арқылы шешіледі. Базар маңындағы кәсіпкерлік мақсаттағы ғимараттардың құжаттары заңды түрде рәсімделген. Орталық базардың өрт қауіпсіздігіне, өрт сөндіру және жедел жәрдем тағы басқа автокөліктердің емін-еркін кіріп шығуына базар басшылығы жауапты болады.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы және аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімдерімен бірлесіп, жеке тұрғындардың өздеріне тиесілі жер учаскелерімен көршілес жатқан жер учаскелер арасында туындаған жер дауына байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өтініштері қанағаттандырылады немесе келіспеген жағдайда сот тәртібімен шешілетіндігі түсіндірілді.
Сондай-ақ Әйтеке би кенті аумағынан кәсіпкерлік қызмет көрсету үшін сауда-саттық аукцион арқылы жер учаскелерін сұрап жазған тұлғалардың өтініштері аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданып, Әйтеке би кентінің бекітілген бас жоспарына және ҚР Жер кодексіне сәйкес кәсіпкерлікке белгіленбеген жер учаскелері және ортақ пайдаланудағы жер учаскелері табысталмайды, – дейді Әйтеке би кенті әкімдігінің құжаттамалық және құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Сәкен Дайрабаев.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА