Нысан алдындағы белгі: Меншік пе, менмендік пе?
Бүгінде Қазалы ауданының жер көлемі ұлғайып келеді. Жыл өткен сайын орталық көшелерге үлкен құрылыстар жүргізілуде. Осы ретте көліктердің көптігі мен базар айналасындағы жерлердің тарлығы автокөлік жүргізушілеріне түрлі қиындық тудырып отыр. Ал бір жолақты жолдар мен көше қысалаңы кей жағдайда көлік кептелісіне әкеліп, кішігірім оқыс оқиғаның туындауына себепші.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, бұған қоса кейбір кәсіпкерлер дүкендерінің көше бетіне, көлік қоюға рұқсат етілмейтіндігін айтып, ескертпе белгі қойған. Әрине жекешелендірген жер, автотұрақ болса бір сәрі, бірақ мемлекет меншігіндегі орындарға рұқсатсыз иелік жасау көлік жүргізушілерінің ренішін тудыруда. Мұндай белгілер кенттегі бірқатар сауда дүкендері мен базар айналасындағы бірқатар нысандарда бар.
– Базар айналасының тарлығы көптеген қиындық тудырады. Жолдың оң жақ бетіне көлік қоюға рұқсат жоқ. Сол жақпен екінші қатарға қапталдасып тұруға болмайды. Зат алып шықсаң, біраз жер жүріп, әуреленесің. Қос қабатты нысандардың алдына көлігіңді қойсаң кәсіпкерлер жекешелендіріп алғандай айбар көрсетеді. Осы мәселені шешіп берсе дұрыс болар еді, – дейді тұрғындар.
Жер – халықтыкі. Кәсіпкер өздеріне белгіленген жерді ғана иеленуге құқылы. Дәл осыны Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров та қоштайды.
– Ол жерлер ортақ меншікте. Сондықтан оны иеленіп, алдын жауып алуға ешкімнің құқы жоқ. Барлығы осы елдің азаматы. Заң бір. Кәсіпкерлерді заңдылықты сақтауға шақырамын, – дейді.
Жалпы аудандағы әрбір жайтқа жауапты орынның бары рас. Солардың қатарында аудандық сәулет және құрылыс бөлімі де бар. Жоғарыдағы жайтқа байланысты осы бөлімнің сектор меңгерушісі Жомарт Сарабеков:
– Негізінен ғимараттың алдына «көлік қоюға болмайды» деген белгілердің заңды күші жоқ. Заңды күші барларын арнайы орган орнатады. Одан бөлек ғимараттың алдына бетоннан жасалған белгілер, көлік жүргізушілерге қиындық тудырады. Бұның барлығы да өзіне тиесілі емес жер учаскелерін кәсіпкерлердің иеленіп алуы болып саналады, – деген пікірін жеткізді.
Бүгінгі таңда елдің еңсесін тіктеу, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту басты назарда. Десе де кәсіпкерлер тарапынан заңды бұзбай, бөгдеге қолайсыздық туғызбауды қарастырған абзал.
Е.АЙДАРБЕК