Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус қайта өрши ме?

Коронавирус қайта өрши ме?


Тарихқа көз жүгіртсек, адамзатты қынадай қырған індеттің түрлері көп. Мәселен, құс тұмауы, шоқа тұмауы, оба ауруы, тіпті африкалықтар таратқан эбола ауруы болды. Мұның қатарына 2020 жылдың наурызында белең алған ковид-19 да қосылды. Төрткүл дүниені әуре-сарсаңға салған тәжвирусы баршамызды жақын-жуығымыздан айырды. Уақытында мамандар білек сыбана кірісіп, дертке қарсы дауа жасап, ауруды ауыздықтады. Араға бірнеше жыл салып, коронавирус қайта өршіп отыр.
Бірқатар елде вакцина салу басталып кеткеніне қарамастан коронавирус пандемиясы азаймай тұр. Тіпті кей мемлекеттерде вирус өршіп барады. Осыған орай қатаң шектеу шаралары да күшейтілуде. Төрткүл дүниеде індет салдарынан қайтыс болған адамдардың саны екі миллионнан асты.
Қытайда өткен жылдың 1 наурызынан бергі ең жоғары – 144 жағдай тәуліктік көрсеткіш тіркелді. Науқастардың көпшілігі 22 миллион халқы бар Хэбэй провинциясында тұрады. Осы провинцияда шұғыл түрде 3 мың орындық аурухана-изолятордың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, көршілес жатқан Ресей федерациясының өзінде ахуал нашар. Дәлірек айтсақ, соңғы деректер бойынша онда коронавируспен ауырушылар саны бір аптада 7,2 пайызға өскен. Ал біздің елде ше?
Әзірге ахуал тұрақты. Барлық өңір жасыл аймақта. Дегенмен ауруды жұқтырып жатқандар жоқ емес. Яғни, халықтың салғырттығынан аурудың тарауы жайлап қарқын алуда. Осыған байланысты жуырда Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қоғамдық орындарда медициналық бетперде тағып жүруді ұсынды. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтқан еді.
– Масканы міндетті түрде кию керек емес. Бұл – біздің ұсынысымыз. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды айтып кетсек, қазір осы қаңтар мен желтоқсанды салыстырғанда сырқаттанушылардың өсімі 2,5 есеге дейін көрініп отыр. Екіншіден, айналымда жүрген штамм – омикрон. Ешқандай жаңа штамм жоқ. Жіті респираторлық, вирустық инфекциялардың өсуі байқалып отыр. Соңғы екі демалыста өсуі 70%-ті құрайды, – деді ол.
Жалпы өткен айдың соңғы аптасында елімізде 144 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Ал қызылша жұқтыру дерегі 8%-ке төмендегенімен, Ақтөбе және Атырау облыстарында жағдай әлі тұрақсыз. Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша да эпидахуал алаңдатып отыр.
Тәжвирусы тарихына тоқталсақ...
Қазіргі таңда әлемді дүрліктіріп отырған тәжвирус індетін жұқтырушылар саны күннен күнге өсім алып келеді. Пандемияның атауы жөнінде көбіміз бұрын-соңды естімедік. Бірақ бұл әлемге қауіп төндірген сәтте ғана өткенге көз жүгіртіп, бұған дейін де коронавирус ауруы болғанынан хабардар болдық.
Коронавирус – бұл тез көбейетін вирустардың үлкен тобы. Ол адам бойында бірқатар ауруларды тудыруы мүмкін. Жалпы суықтан ауыр өткір респираторлық синдромға дейін (SARS), сондай-ақ ас қорыту жүйесінің қабынуына әкеледі. Жұқпалы ауру бір тізбекті РНҚ молекуласы (рибонуклеин қышқылы) бар сфералық микробтар деп те сипатталады. Олар сирек кездесетін немесе қабыршақтары бар патша тәжіне ұқсайды. Сол себептен ғалымдар індетті тәжвирус деп атай салған.
Алғашқы коронавирус 1965 жылы жедел риниті бар адамдардан бөлініп алынды. Бұдан кейінгі ондаған жылдар бойы вирус медицинаның сөздігінен жоғалып, тек 2002 жылы ғана Қытайда «SARS-Co» терминімен эпидемия ретінде пайда болды. Ақ халаттыларды күтпеген тосын сыйымен таңғалдырған коронавирус көрші елдерге жылдам тарап кетті. Нәтижесінде 8000-нан астам науқас тіркеліп, 775 адам қайтыс болды. Індет еңсерілгеннен кейін 2015 жылы Таяу Шығыстағы Оңтүстік Кореяда респираторлық синдромның дамуына себеп болатын қытайлық MERS-CoV коронавирусының белгілері қайта толқу алып, әлемді тағы бір мәрте үрейлендірді. Тәжді вирус 183 адамға әсер етіп, 33 науқас өлімімен аяқталды. Мұнан соң араға төрт жыл салып, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытай билігі Уханьде белгісіз туберкулездің басталғаны туралы хабарлады. Содан бері бүкіл әлемде кеңінен етек жайған covid-19 түрлі омикрон, кентавр және соңғы эрис сынды штамымен бүгінге дейін тарап келеді.
Белгілерінде өзгеріс бар ма?
Денсаулық сақтау ұйымдары мәлімдегендей тәжвирус мутациялық өзгеріске түсетін, қақырық жинап, өкпе жұмысын нашарлату арқылы байқалатын ауру. Былайша айтқанда, қарапайым тұмаудың алғашқы белгілерін көрсетеді. Бірақ бауыр мен бүйрек жұмысының тоқтауына әкеліп соғатын қауқары бар. Адам организміне түскеннен кейін бір апта ішінде инкубациялық даму үстінде болады. Ол тек тыныс алу жолдарымен ғана емес, есік тұтқасы, ақша валютасы, адам қолы көп тиетін лифттің батырмасынан да жұғады. Вирус денесін дендеуші орташа есеппен екі-үш адамға таратады.
Жұқпалы ауруларға қарсы әлемдік қауымдастық өзінен вирус белгілері байқалған адамдардың көпшілік арасына қосылмауын сұрады. Ондай жандар өзін үйде оқшаулап, жедел-жәрдем көмегін күтуі тиіс.
– Вируспен бірнеше мәрте ұшырасқан ғалымдар оның адам ағзасына нендей өзгеріс енгізетінін зерттеуге мүмкіндік алды. Алайда ол пайда болған сайын өзін және сырқаттың салдарын өзгертіп отыратындықтан лезде емін табу оңайға түспеді. Себебі коронавирустар жасушаға еніп, цитоплазмада көбейеді (жасушаның жартылай сұйық құрамында). Олар иммунокомпетентті жасушаларға жайғасып алып, оны көлік құралы ретінде пайдаланады. Осылайша денеге тез тарала алады. Бұрын кездеспеген кедергіні еңсеруге бар күшін жұмсап, әлсіреген иммундық жүйе инфекцияны тануды және онымен күресуді тоқтатады. Алайда бұл вирустар 56 градус температурада жойылатыны белгілі. Коронавирус тыныс алу жүйесіне айтарлықтай зақым келтіреді. Оның әсерінен пайда болатын SARS әдетте бірнеше күнге созылып, толық қалпына келуімен бітеді Алайда кейбір жағдайда ол SARS немесе ауыр жедел респираторлық синдром (SARS) түрінде дамуы мүмкін. Бұл патология өлімнің жоғары деңгейімен сипатталады (38%). Ауру асқынғанда науқас ауа жетпегендіктен жан тапсырады, – дейді дәрігер А.Аманова.
Сақтану жолы қайсы?
Адам организмінде аталған вирусқа қарсы тұра алатын имунитет жоқ. Вирусолог ғалымдардың айтуынша, вирус адамнан адамға тыныс алу жолдары арқылы ғана жұғатын көрінеді. Сол себепті одан қорғану жолында адам тек өзіне өзі көмектесе алады. Ол үшін С витамині бар антиоксиданттар қабылдаған жөн. Бұл иммунитетті көтереді. Сондай-ақ ет, жұмыртқа, балық өнімдерінің балғындығы мен сенімділігіне көз жеткізбей тұрып қолданбау әркімнің есінде болуы тиіс. Бөлмені желдетіп, қолды сусабынмен жиі жуып тұрған артық болмайды. Бұлардан бөлек, аталмыш ауруға қарсы тұруға қауқарлы вакцинаны да дер кезінде алған жөн.
– Жеке бас гигиенасын сақтау, қол мен бетті таза ұстау – коронавирустан қорғанудың ең дұрыс жолы. Әр жарты сағат сайын қолды 20 секунд жылы сумен жуып, антисептик қолдану керек. Қол астыңызда арнайы тазарту құралы болмаса кез келген дәріханадағы кәдімгі спирт те жарамды. Егер оған аллергияңыз болса санитайзер қолданыңыз. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береміз. Бұдан бөлек, смартфоныңызды және үнемі қолданыста ұстайтын заттарыңызды күн сайын ылғал матамен сүртіп, таза ұстаңыз. Жалпы бұл ауру үшін осал жандар бар. Олар егде жастағы азаматтар мен балалар. Сол үшін суық тиюден сақтану керек, – дейді мамандар.
Серік АҚМЫРЗА





13 ақпан 2024 ж. 131 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031