Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-2019: Әлемдегі ахуал қандай?

COVID-2019: Әлемдегі ахуал қандай?

Бүгінге дейін сәт сайын әлем бойынша вирус жұқтырғандар санын естіп, төбе шашымыз тік тұрды. Соның салдарынан көз жұмғандардың статистикасын көргенде қорқынышымыз одан әрі үдей түсті. Бірнеше айдан бері бүкіл жер шарын аяғынан тұрғызған індет қазірдің өзінде тыйыла қойған жоқ. Тіпті кей жерлерде әлі де өршіп тұр. Десек те бастапқы көрсеткіш сәл де болса бәсеңдеді.
Былтырғы жылдың желтоқсан айының соңында аспан асты елінің орталығындағы Хубэй өлкесіне қарасты Ухань қаласында шығу тегі белгісіз өкпе қабынуының алғашқы жағдайы тіркелді. Сол аралықта вирустың жергілікті жан-жануарлар мен теңіз өнімдерімен байланысты екені ескертілді. Артынша 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ел ішінде белгісіз өкпе қабынуының өршіп тұрғандығын жеткізуге мәжбүр болды.
2020 жылдың 30 қаңтарында ДДСҰ жаңа коронавирустың тарауына қатысты жағдайды халықаралық деңгейдегі қоғамдық денсаулық сақтау саласына төнген төтенше жағдай ретінде мойындады. Сөйтіп 11 ақпанда коронавирус індетіне COVID-2019 деген атау беріліп, барлығы аурумен арпалысуға кірісті.
Міне, шығу тарихы осындай індетпен бүгінде бүкіл дүниежүзі жұртшылығы ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Оны емдейтін препаратты әлем ғалымдары толық шығарып үлгерген жоқ. Вакцина дайындау бағытында Қытай, АҚШ, Ресей, Жапония сынды алпауыттармен қатар Қазақстан ғалымдары да күні-түні айналысып жатыр. Одан бөлек кейбір елдер, оның ішінде біздің мемлекет те коронавирусқа қарсы егілетін вакцинаны қазір ең бірінші оны әзірлеуші ғалымдардың еркіне салып, сынақтан өткізіліп жатқан көрінеді. Алайда ол келер жылы дайын болуы мүмкін екен.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінге дейін жер шарынан 20 миллионнан астам адам ауруға шалдығып, 734 мыңы көз жұмған. Ал емделіп шыққандар саны 13 миллионға жақындап қалыпты. Оған қоса 6,4 миллионға жуық жан ем алып, олардың ішінде 65 мыңға жақын жандар ауыр халде жатыр деп пайымдалған.
Қазіргі уақытта коронавирус пандемиясының таралу қарқыны аса жоғары болып тұрған елдер көшін АҚШ бастап тұр. Бұнда елде осыған дейін Covid-19 жұқтырудың 5199444 жағдайы дәлелденген. Өткен тәуліктің өзінде ондағы вирус жұқтырғандардың саны 18 374 адамға артқан. Оның ішінде қаза тапқандардың саны 165617-ге жеткен.
Екінші орынға жайғасқан Бразилия да бір тәулікте 17296 адам вирус жұқтырып, жалпы шалдыққандар саны 3035582 адамға жеткен. Оның 2118460-ы аурудан толығымен айығып, 101136 адам қайтыс болыпты.
Үштікке кірген Үндістанда осы уақытқа дейін індет жұқтырудың 2217645 жағдайы тіркеліп, 44499 адам қаза болған. Емделіп шыққандар саны – 1536259 болса, әлі де дәрігерлерге қаралып жатқандар 636887 сырқат.
Төртінші орынға табан тіреген Ресейде 892 654 жанның вирус жұқтырғаны белгілі болған. Тек соңғы тәулікте ғана 5 118 адамнан вирус анықталып отыр. Оның 696 681-і емделіп шықса, 180 972-сі ем алу үстінде.
Мұнан кейінгі орында тұрған Оңтүстік Африка Республикасы. Ол жақта өткен тәулікте Covid-19 жұқтырған науқас тіркелмегенімен осыған дейін індетке 559 859 жан шалдыққаны белгілі болды. Бұл елде 10 408 адам коронавирус құрбаны болып, қазірде 137 977-сі ем алып жатыр.
Коронавирус пандемиясы ең көп тараған 10 елдің тізіміне аталған мемлекеттерден бөлек Мексика, Перу, Колумбия, Чили, Испания сынды алып елдер кіреді. Соңғы екі елдің індет жұқтырғандар санын білмек болып зерттегенімізбен, онда соңғы тәулікте ешбір жанның тіркелмегеніне көзіміз жетті. Одан бөлек Мексикада жақында ғана 4 376, Перуде 7 012, Колумбияда 10 611 адам вирус жұқтырып алған.
Біздің елдегі ахуалға келсек, жағдай біршама тұрақталды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен шілде айының 5-ші жұлдызында енгізілген бір айлық қатаңдатылған карантин шаралары көп септігін тигізгені сөзсіз. Мәселен, осыдан бір ай бұрын елімізде күнделікті вирус жұқтырғандар саны 1500-1600 адамды құраса, бүгінде ол екі есеге қысқарды. Айта кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда 741 жан коронавирус індетімен ауырғаны анықталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 99 442 адам. Оның 72 523-і жазылған. Өкінішке орай аты жаман індет 1058 жанның өмірін жалмап кетті.
Елде бүгінгі көрсеткішке қарап індеттің біршама іркілгенін байқаймыз. Бұл әрине жан алып, жан беріскен ақхалаттылардың арқасы десек артық болмас. Күні-түні кірпік қақпай, аурумен арпалысқан олардың еңбегі ұшан-теңіз. Ауру алқымнан алғанда шипа іздеп, аурухана есігін қаққанда жанымыздан табылғанда солар.
Шыны керек зерттей келе әлемдегі ахуалдың көңіл қуантарлық еместігін аңғардық. Одан қалды жақында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдемесінде вирустың қыркүйек пен қазан айларында қайта өршу қаупі бар екенін мәлім еткені белгілі. Сондықтан әлемде болып жатқан жағдайларға бейжай қарамай, ауруды ауыздықтау үшін оның алдын алу шараларын қатаң сақтаған жөн.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
22 тамыз 2020 ж. 427 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 87

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930