Кіріптар еткен қу тірлік
– Келе жатыр.
– Жүр, дәріхананың ішіне жасырынайық
– Бұлар күнде келетін болды.
Қайырбек пен жанындағы серігі Әлім асығыс адымдап, жаңа ғана есігін ашқан дәріхананың ішіне қойып кетті. Сатушы Ақмарал ақ халатын киіп жатып, есіктен асығыс-үсігіс ентелеген екеуге: «Не болды, тағы да қуып жатыр ма? Жиі келетін болды ғой бұлар», – деді. Бұлар дегені полиция қызметкерлері. Олар базар маңындағы бейберекет сауда-саттықты үнемі бақылайды. Топ-топ болып тұрған жалдамалы жұмысшыларды көрсе, таратып жіберуге тырысады. Оған өткен жолы: «Жалдамалы жұмысшылар ішімдік ішіп алып, тұтынушыларыма тыныштық бермеді», – деп шағымданған көкөніс сататын Айманның арызы себеп.
– Қолға түссек қуатыны белгілі. Кеткендерінше көздеріне көрінбейін деп... – сөзінің соңын жұта күмілжіген Қайырбек Ақмаралға «осында тұра тұрайық», – деп өтінгендей сұраулы жүзбен қарады.
Ақмарал «иә, жоқ» демеді. Үнсіз жұмысын жалғастырып кетті. Дәрі-дәрмектерді орналастырып жатып: «Анау, сары жігіт аты кім еді? Бекжан ба, Бектас па? Көрінбей кетті. Тұрақты жұмыс тауып алды-ау, сірә?» – деп есіктен сыртқа ұрлана көз тастап тұрған екеуді әңгімеге тартты. Әлім сөзге жоқ. Тікелей сұрақ қойғанның өзінде жауап алу қиын. Бұл жолы да әдеттегідей Қайырбек тіл қатты.
– Бекжан ғой. Оны екі апта бұрын әлгі кәсіпкер жігіт ертіп кеткен. Қаладан шығар ауыздан үлкен қылып мейрамхана салыпты. Соның электр желісін орнатуда.
– Е, бәсе. Ол электрик пе еді?
– Иә, біз секілді емес қолында «электрик» деген қағазы бар. Әлгілер кеткен сияқты. Жүр, шығайық. Кеше де жұмыс болмады, – соқталдай екі жігіт «уақытша паналатқан» Ақмаралға рахметін айтып сыртқа беттеді. Күндегі орындарына барып тұрды. Өздері құралпы тағы да төрт-бес жігіт келіп, қатарды толықтырды. Әрі-бері өткендерге жалтақтап, әлдене десе елең ете қалады. Бәрінің күткені «Жігіттер, жұмыс бар еді» деген бір ауыз сөз. Түс ауғанша екі қолға бір күрек таппаған Қайырбек қоршау темірге сүйеніп ойланып кетті. Ертең тұңғышы Темірлан төртінші сыныпты бітіреді. Сабақты өте жақсы оқиды. «Беспен бітірсең велосипед алып беремін» деген әке сөзі баланы одан әрі қанаттандырған.
Қайырбек те тура Темірланның жасында алғаш «өз көлігіне» мінген. Әкесі Сәрсен су жаңа велосипедті әкеліп, «Балам, бұл сенің көлігің» дегенде өз көзіне сенбеді. Екі аяқты велосипедті бұрын-соңды айдап көрмесе де тез үйреніп кетті. Ұйқыдан тұра сала «көлігіне» отырып, ауылды бір айналып шығады. Көршінің ұлы Айдосты көргенде екі қолын екі жағына қанат секілді жайып: «Менің велосипедім өзі-ақ жүреді» деп мақтанғанда танауы делдиіп кетеді. Бұл өткенде жаңа добын қызғанып, ұстатпай қойған Айдосқа көрсеткен қыры.
Бұрындары жұмсағанда еріншектігі ұстайтын Қайырбек қазір құстай ұшады. Тіпті, «анам бір үйге жұмсаса екен» деп желігіп тұрады. Желдей жүйіткіген «тұлпары» Қайырбекті кез келген жерге лезде жеткізеді.
– Әй, Қайырбек жауап берсеңші. Қолыңнан келетін жұмыс қой.
Ойға шомып кеткен бұл селк ете қалды.
– Не дейсің? Иә, иә, істеймін.
– Онда, кеттік! Әлім екеуін жас жігіт ертіп келеді. Көшенің арғы бетіне қойған қымбат көлікке келіп мінді.
Не жұмыс, қайда барамыз? Ештеңе сұрамаған күйі ілесе кеткен Қайырбек енді ғана есін жиып:
– Жігіттер, қандай шаруаға көмек керек? – деп тіл қатты.
– Шарбақта ескі сарай бар. Ауланың ажарын қашырып тұр. Бұзып берсеңіздер, тиеп алып кететін көлік дайын тұр, – деді тапсырыс беруші.
Діттеген жерге жетті. Аула дегенде де атшаптырым жер екен. Ішіне кіріп жан-жағына көз салды. Ескі сарай көрінбейді.
– Бері жүріңіздер. Міне, мына сарай.
«Мәссаған, мынау ескі сарай ма? Ең көп дегенде 4-5 жыл бұрын салынған-ау. Көнеріп тұрған түгі жоқ. Қиратуға қимайды екенсің», – деп Қайырбек Әлімге қарады. Ол да іштей осы ойда тұрған секілді. Көзінен «Қап, осындай бір сарайым болса, ешқашан бұзбас едім» дегенді байқады. Амал жоқ, уақытты босқа жібермеу маңызды. Екеуі іске кірісіп кетті. Әдепкіде шынымен қимады ма, жұмысты баяу бастады. Тас төбеден шақырайған күн ауа бергенде шалт қимылдады. Толассыз, тынымсыз қимылмен шыныққан қарулы қолдар қойсын ба, күннің қызуы кеткенше біраз өндіріп тастады. Ыстықтың беті қайтып, көлеңке ұзарған кезде қыза түсті. Қас қарайған сәтте екі бөлменің тек орны қалды.
Қожайын жомарт екен. Әрқайсысына он мыңдықтан бесеуден ұстатып, алғысын айтты. Бұндай ақы аламыз деп ойламаған бұлар қысылып қалды. Кейде әрі кетсе үш мыңды әрең табатын. Тіпті кей күндері азаннан кешке дейін отырып, көк тиын таппастан үйге оралады.
– Мынауыңыз көптеу ғой, – деп айтқысы келген Қайырбек базардағы велосипедттің құны есіне түскенде тілін тістеп қалды.
Жолайырыққа дейін бірге жеткен екеу қоштасып, үйді-үйіне кетті. Баласына берген уәдесінде тұратындығына қуанған әке тұрақты жұмысының жоқтығына жабырқап қалды. Әкелері үйге кірген де ойнап отырған Темірлан мен қарындасы Аяулым жарыса жүгіріп, мойнына асылды. Ерін күлімсіреп қарсы алған Ақлима дастархан жаюға кірісіп кетті. Қайырбек бақытты жан. Бауырында балалары, жанында жары бар. Денсаулығы да жаман емес. Тек бір әттеген-айы – тұрақты жұмыстың табылмай тұрғандығы. Түнімен «Таңертең тұтынушы бола қойса» деп тілеген Қайырбек ертемен жұрт «Құл базар» атап кеткен жұмыс орнына аяңдады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА