"Айналайын!" деуші еді, асыл әжем
Осы бір сөз ойыма орала береді. Олай дейтінім, балалықтың бал дәуренін өткізіп, аға буындықтан да аттап өтіп, қазақша айтқанда, қариялық жаста болсақ та кейінге көз жіберіп, өткен шақтар көз алдыңда көрініс береді. Ең басты баяндайын деп отырғаным, сол ағайын арасындағы қарым-қатынас.
Қазіргідей емес, сол бір кезеңдегі қора-қопсы, от жағып, қазан қайнатып, таусылмайтын үй тірлігімен қатар қанша балаға әжеміз жылы сөзімен қамқор қолын созған. Біздің балаларымызға да (немерелері ғой) дүниеден өткенге дейін кеңпейілділігін көрсетіп, нағыз әже болды. Көше бойына шыққанда біреуі арқасында болса, бірі етегінен ұстап таласатын. Оны осы күні ой-санадан өткізген жайымыз бар.
Шынында да, қарапайым өмірде біреуге жылы сөз айтсаң немесе өзіңе мейлі ол туыс-бауыр болсын, тіпті танымайтын бейтаныс жан болсын жылы сөз айтса, жаның жадырап, ерекше бір сезімге бөленесің. Үлкен әсерде боласың. Бұл да болса, "жылы сөздің" құдіреті.
Қазіргі күні жетпістің жалына жармассақ та әж еміздің бір ғана "Айналайын!" деген сөзін сағынышпен әрдайым еске алып отырамын.
Айналайын! Қандай жақсы сөз, қандай жанға жайлы сөз. Бұл сөздің біз үшін түп төркіні қайдан шыққаны – жұмбақ. Алайда жорамал бойынша: Біздің халықтың әдет-ғұпында өлім халінде жатқан аяулы адамның жаны қалар ма екен, – деп оның ет жақындары боз қасқа жетектеп, үйді екі айналып,жеті айналып содан боз қасқаны шалып, садақа құрбан ететін ырым бар көрінеді. Сондықтан да осы бір "айналайынның" арғы тегі бәлкім, содан шығып, өңделе келіп жаңа мағынаға ауысты ма? Қалай десек те әйтеуір, адам жанына жақын сөз.
"Айналайынға" жақындау қаншама сөздер бар. Айым, алтыным, қарағым, қалқам, ботам, құлыным тағысын тағылар. Біздің жергілікті, өзге өңірде айтылмайтын "Ақұдайымыз" сол "Айналайынмен" пара-пар қолданыстағы сөз. Қанша жерден мағыналары жақын сөз десек те, "айналайынды" ауыстыра алмайтын сияқты. Ілгеріректе, әжеміз өмірден өткен соң қабірі басындағы көлемді құлпытасқа қосымша тақташа-белгі қойдым. Онда "Асыл әже" сіздің айналайыныңызбен адам болдық делінген. Бұл да осы бір ғана қасиетті сөзден туындаған сағыныштың құдіреті болса керек.
Баяғыда Төле би бабамыз жаугершілік өткен даладан бір жасар баланы тауып алып оны бір келініне әкеліпті. «Бір жылдан кейін алармын, өз балаңа қалай қарасаң, бұл балаға да солай қара» депті. Бір жылдан кейін алуға келіп қараса, келініміздің өз баласы топ-томпақ, атамыздың қалдырған баласы ап-арық көрінеді. Сонда ыңғайсызданған келіні: «Ата, екі баланы бірдей еміздім, сүтімді тең бөліп бердім. Бірақ неге олай болғанын түсінбей отырмын» дейді. Сонда Төле би атамыз: «Балаға ең алдымен сүт емес, ананың мейірімі керек. Сол мейіріміңді өз балаңа төккенсің, ал бұл балаға сондай мейірім жетіспей қалған» деп ойын түйген деседі. Біз білетін сол мейірімге толы «айналайын» тұла бойға жылу беріп, адам жанын аялайтын сөз. Біз білетін «айналайын» ананың баласына етжүрегі елжіреп айтатын сөзі екен ғой. Бұрынырақта бала мен бауырға ата-әженің, әке-ананың айтатын көп қолданыстағы сөзі еді. Кейінгі кезде өз мәнін жоғалта бастаған ба, көп айтыла бермейтін сияқты.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болса керек. Жастардың бәрі әскерге баратын кезең. Отан алдындағы міндетті борышын өтеп келген, әскери формадағы баласын қарсы алған анасы: «Өзіңнен айналайын, көзіңнен айналайын, шашыңнан айналайын» деп аймалап жатса, қуақылау бір қайнысы: « Шинелінен де айналайын!» деген екен.
Бұл күнде бізде біреуден үлкен, біреуден кіші дегендей жасқа келіппіз. Бізге «айналайын» айтатын үлкендер азайды. Өзімізден кішілерге «айналайынды» айтқымыз келеді. Өйткені, бала кезімізде үлкендерден осы бір сөзді жиі естуші едік. Сөз қадірін түсінетін үлкендер болып, өзімізден кейінгі жас буынға асыл сөз «Айналайынымызды» айтуды азайтып алмайықшы, ағайын.
Ай-на-ла-йын!
Қазыбай САНИЯЗОВ