Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Таяқ жеген бала тілазар бола ма?

Таяқ жеген бала тілазар бола ма?

Әкем дастарқан басында: «Аманжол нағашымның балалары сондай тентек, үлкендердің сөзін елемейді» деп еді, әңгімеге ағам да араласа кетіп:
– Иә, дұрыс айтасыз, ағасы. Онысын мен де аңғардым. Соның бәрі кішкентайдан дұрыс тәрбиелемегендіктен ғой. Баланы арасында қақпайлап, таяқтап тұру керек, сонда бала кімнің-кім екенін сезініп өседі деді. Әкем інісінің сөзін құптағандай басын төмен қарай шұлғып, біз де кезінде таяқ жеп өстік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Өзім әкеден ерте қалсам да, үлкен ағаларымнан талай рет сыбағамды алғанмын. Ағаларымның тоқпағынан, анам шырылдап жүріп арашалайтын. Бірақ соған қарамастан, бұрыс нәрсе жасап, айтқандарын қылмасам, жазасыз қалмайтынмын деді. Әкем мен ағамның әңгімесін ұйып тыңдап, шай құйып отырған анам:
– Баланы ұру арқылы тәрбиелеу дұрыс дегенге келіспеймін. Бұрынғы уақыт өтті. Қазір балалардың психологиясы өте әлсіз. Баланы әр жасаған шалалылығына бола жазалап, таяқтай берсек, жасық болып өспей ме? Ата-анаға іштей өкпелі болмай ма? Оны да ойлау керек сияқты, – деді анам. Ол да дұрыс шығар деген кейіп танытқан әкем үнсіз қалды. Үлкендердің тартысты тілдесуінен соң, мен де қалың ойға шомып кеттім. Сөйтіп санамда «Таяқ жеген бала тілазар бола ма?» деген сауал қылаң берді. Расымен бала тәрбиелеуде таяқтау қаншалықты дұрыс? Әрине, аталған мәселеде біржақты ой білдіру мүмкін емес. Себебі бұл тұрғыда екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі жақтаса, екіншісі бұл нәрсеге мүлдем қарсы.Ендеше, бүгінгі әңгімеге арқау болған тақырыпты кеңінен тарқатсақ...
Бала тәрбиесі қай кезеңде де жауапкершілік пен үздіксіз еңбек етуді қажет ететін күрделі процесс. «Ағаш түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал ағаш болғанда оны түзете алмайсың» демекші балаға тәрбие жас кезінен беріліп, бойына адамгершілік, мейірімділік, ізгілік сынды игі қасиеттерді сіңіріп өсіру маңызды. Халқымыз бұл мәселеге өте ерекше назар аударған. Қазақы тәрбиемізде балаға қаталдық танытып, күш көрсету үлкен әбестік деп есептелген. Дегенмен кейбір өмірлік жағдайларда баланы таяқтап алатын жайттар кездесіп тұрады. Психолог мамандардың пайымдауынша, баланың сәтсіздіктері мен қателігі үшін ұрып тәрбиелеу, оның психикасының бұзылуына әкеліп соқтырады. Балаға сес көрсетіп, таяқпен айтқанымды жасатамын деу үлкен қателік. Кішкентай кезде бұл мүмкін болғанымен, бала өскен соң мұны жасата қоймасы анық. Себебі бала өзіңізге қарсылық білдіріп, тайталасуы мүмкін. Бұл ата-ана мен бала арасында түсінбеушілік туғызып, өзара қарым-қатынасқа сызат түсіреді. Кей жағдайларда ата-ананың аялы алақаны мен мейіріміне шөлдеп өскен бала, өзіне назар аударту үшін әдейі тіл алмай, сіздің ызаңызға тиюі мүмкін. Мұндай жағдайда сабырлы қалпыңызды сақтап қалуыңызда қиын. Дегенмен бала жәні нәзік екенін ұғына отырып, онымен тілдесіп, мәселені дұрысынан шешкенді жөн деп есептейді психологтар.
Халықаралық ЮНИСЕФ жариялаған зерттеу нәтижелеріне зер салсақ, Қазақстанда ересектердің 75%-і «балаға қол көтеруге болады» деп ойлайды екен. Ал батыс елдері «Балаға қол көтеруге болмайды, бұл – бала құқығын таптау» дегенді алға тартады. Зерттеушілер баланы таяқтау арқылы тәрбиелеу ұрпақ сабақтастығымен жалғасатындығын айтады. Яғни бала ер жетіп, өзі отбасын құрғанда ата-анадан көрген қаталдықты баласына да көрсетеді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алуда не істемек керек? Әуелі баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеуде белгілі бір қағидаларға сүйеніп, олардың құқығын қорғауға негізделген заңдарды енгізуге жұмыс жасауымыз қажет. Сонымен қатар балаларға қатаңдық танытпай тәрбиелеуге үндейтін ұлттық болмысымызға қайшы келмейтін дүниелерді, рухани құндылықтарды сіңіретін бағдарламалар жасақтап, арнайы курстар өткізіп тұрсақ, бұл мәселеде айтарлық нәтижеге қол жеткізер едік. Дегенмен баланы таяқсыз тәрбиелеуде жалпы қағидаттарға сүйенбей-ақ, өз тәжірибемізді жоспарлы түрде жүзеге асыруды назардан шығармағанымыз абзал.
– Бала ата-ананың қабағын бағып, қамшыдан қаймығып өсуі керек деп ойлаймын. Кезінде әке-шешеден таяқ жемесем де, солардың қас қабағына қарап, бәріне айтқызбай ұғынуға тырыстық. Анамыздың «Әкең келе жатыр, дұрыс жүр. Айтқанды қыл, әйтпесе әкеңе айтам» деген бір сөзіне тоқтап, артық дүниелерге жол бермейтінбіз. Одан бі жамандық көріп, психикамызға кері әсері болды деп айта алмаймын. Керісінше, отбасындағы әр адамның рөлі мен орнын сол кезден-ақ аңғардық. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді де үйрендік. Еркелікке салынып, шалалық жасасақ үлкендер бірде сыбағамызды берсе, ал кейде бұған «бала болған соң ондай болады» деп күліп қана қарайтын. Бүгінде балалар еркеліктен, еркіндікке қарай бойлап, ата-ананың сөзін елемейтін болған. Мұндай да баланы тәрбиелеу мақсатында жазалау артықтық етпейді деп ойлаймын, – дейді ата-ана Айдос Ибрагимов.
Ал психолог маман Әділет Сәдуақас баланы жиі ұру, жазалау оның болмысын толық ашуына кедергі болуы мүмкін дегенді айтады. Мұндай мәселеге қырын қарауға болмайды. Мен таяқ жедім, демек балам да таяқ жеу керек деген сыңаржақ пікірден арылуымыз керек. Себебі бала сол кездегі таяқтың әсерінен толық ашыла алмай, іштей жабылып, тұйықталып қалуы ғажап емес. Тіпті оның бойындағы енді байқала бастаған қабілетінің кері кетуіне әсер етеді. Бұл қатты не жай таяқтауыңызға да байланысты емес. Қайсысы болса да бұл баланың көңілінде қалады. Сондықтан ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас рухани үйлесімділікке негізделуі қажет, – дейді психолог.
Бала тәрбиесіне келгенде қоғамның пікірі қақ жарылады. Көрнекті педагог В. А.Сухомлинский айтпақшы, «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады». Яғни, балаңыздың ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп, керемет азамат болып өсуі тек сіздің қолыңызда. Олай болса, баланың тілазар болуы тек таяққа байланыс­ты емес екендігін ескерейік...
Арайлым ЖҮСІПОВА
28 мамыр 2022 ж. 892 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031