Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шынар ӘБІЛДӘ: Аудармашы болуды мектеп жасынан армандадым

Шынар ӘБІЛДӘ: Аудармашы болуды мектеп жасынан армандадым

Шынар Әбілдә – әдеби кеңістікте өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген аудармашы. Оның ана тілімізге тәржімаланған біршама туындылары көптің көңілінен шығып жүр. Жүрек тебірентер толғаныстары мен жазбаларын жұртшылыққа жеткізіп, қалың оқырманның сүйікті авторына айналған аудармашымен аударма мәдениеті төңірегінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қай жердің тумасысыз? Қандай ортада, қандай отбасында өстіңіз?
– Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ деген ауылда туып-өстім. Қойшының қызымын. Әке-шешем қойшы болған, қарапайым отбасында өстім. Жеті баланың кенжесімін. Шешем мені қырық жасында туған екен, бауырларым менен біршама үлкендеу болды. Асыр сап ойнайтын тетелестер болмады. Сондықтан менің бала күнгі достарым көрші немістің балалары мен кітаптар еді.
– Кітапқа деген қызғушылығыңыз бала күннен басталғанға ұқсайды. Сұқбаттарыңызда осыны жиі айтыпсыз. Ал әдебиет әлеміне енуіңіз қай уақыттан бастау алған еді?
– Әріпті ерте таныдым. Ең үлкен ағам құрылыс техникумын тәмамдап келді де, ауылдағы құрылыс бөлімшесіне жұмысқа тұрды. Жұмыстан келе сала дәптерге әріп жазып беретін, мен тұтас жазып шығам. Ағамның арқасында бес жасымда әріп таныдым. Алты жасымда мектепке бардым. Мектепке бармай тұрып «Әліппе» мен «Ана тілін» жатқа білдім. Екінші сыныпта сынып жетекшіміз Әйкен апай мектептің кітапханасына экскурсия жасады. Кітапханамен танысқан соң сол жерден ертегі алып оқитын болдық. Ауыз әдебиетімен таныстық. Сыныптастармен жарысатынбыз. 6-7 сыныпқа келгенде неміс достарым Германияға көшіп кетті. Олардың үйіне көшіп келген жаңа көршілердің қыздарымен достастым. Олар мені ауылдың кітапханасына ертіп апаратын болды. Ол жерде кітап қоры ауқымдырақ еді. Әлемдік классиктердің бәрі бар. Рая апай деген кітапханашы болатын. Мектепті бітіргенше осы екі кітапханамен дос болдым. Оның үстіне ағам оқығанды жақсы көретін. Бүкіл газет-журналға жазылатын. Мәдениет және тұрмыс, Жұлдыз, Ақиқат, Арай, Балдырған, Ұлан, Лениншіл жас, Комсомольская правда, Аргументы и факты, Шалқар, Атамекен, көбісін қазір ұмытып тұрмын. Қазір ойлап қарасам, бәріміздің жас ерекшеліктерімізді ескеріп, қажет мерзімді баспасөздің бәріне жазылады екен. Пошташыны асыға күтетінбіз. Апта сайын газет-журнал келетін. Біздің кездің романтикасы шығар, бәлкім?! Соның бәрі білімге жақындатты, бәсекеге қабілетті етті, топтың ішінен суырылып алға шығуға мүмкіндіктер тудырған екен. Шығармашылыққа деген бейім Журналистика факультетіне түскен соң оянды. Мектепте шығарма жазсаң, менен ақылды ешкім жоқ деп ойлайтынбыз. Журфакқа келгенде мақала жазудың, эссе жазудың қиындықтарын көрдік. Осы журналистика саласындағы еңбек жолым әдебиетке жақындатты. Жастық шақтағы максимализм шығар, «журналист болмаймын, мен түбі жазушы боламын» деп армандайтынмын. Бала күнімде армандар көп еді. Біртіндеп орындалып жатыр. Мектепте жүргенде «аудармашы боламын» деп айтатынмын. КазГу-дың Шығыстануына түсемін деген арманым болған. Бірінші курста ТВ-ны жағалап, бірнеше кастингке де қатысқам. Соңғысында Қайнар Олжай шығып, бір топ қызға «жеңімпаз таңдалды, қалғандарыңның түрің ТВ-ға жарамайды» деп салды. Сол сөз қатты әсер етті ме екен, кейін еңбек жолымды тек газетпен байланыстырдым. Газеттен кейін баспаларда жұмыс істедім. Ақыры аудармашылыққа келдім.
– Біршама аудармаларыңыз жинақ болып жарық көргенін жақсы білеміз. Әлеужелідегі әлеуметтің көңілінен шыққан «Өзгеріс ойдан басталады», «Әлемді өзгерткің келсе – Әйелді сүй!» сынды кітаптарыңыз әлі де сұраныс үстінде. Бүгінгідей азды-көпті белестерді бағындыруыңыздың сыры неде деп ойлайсыз?
– Белгілі бір белесті бағындырдым деп ауыз толтырып айта алмаймын. Еңбектендім. Аударма –қара жұмыс. Көп ойланып, аз жазасың. Менің стилім қысқа қайыру. Бірінші курста Информбюрода стажировкадан өттім. Сол жерде орыс бөлімін Татьяна Дельцова деген редактор басқарды. Қазақ редакторлар көп дүние үйрете қоймады ма, мен сол орыс редактордың өз бөліміндегі қыз-жігіттерге айтатын ақылын көп тыңдадым. Соның бірі «көп сөзділікке бой алдырма, аз сөзбен нақты болған жағдайды сипатта, аудиторияңды жалықтырып аласың, журналист тез әрі түсінікті сөйлеуі тиіс». Сыртынан тыңдасам да, бір редакцияның ішінде отырған соң мен білуге тиіс дүниенің бірі ғой деп сол нәрсені үнемі қаперге алатынмын. Әзірге дейін сол сөз санамда жаңғырып тұрады. Қысқа да нұсқа жазу. Аударманың өзінде де осы стиль қалыптасты. Тоқетерін бірден айту. Оқырман сол сәтте инсайт алатын тақырыптарға ден қойдым. Оқыған кезде өзіне пайдалы болатын дүниемен танысса деген тілек. Әлеуметтік желіде жарияланған аудармалардың өзі төрт-бес жинақ боп шықты. Әлі де сұрайтындар көп. Соңғы жинақ қана сатылып жатыр. Қалғаны лезде таусылып қалды.
– Аудармашылық сізге несімен ұнайды? Көбіне қай тілдерден аударма жасайсыз?
– Мен тек орыс тілінен аударма жасаймын. Аралас мектепте оқыған соң, бала күннен орыстілді балалармен ойнағаннан кейін мен орыс тілін арнайы ізденіп үйренбедім. Тілім бірден екі тілде шықты. Үйде қазақша, сыртта орысша сөйледім. Әлі күнге дейін солай. Қазақша ойласам, қазақша сөйлеймін. Орысша ойласам, орысша сөйлеймін. Бірақ орыс тіліне аударма жасамаймын, қазақ тіліне қызмет еткім келеді. Жалпы аудармаға деген ниет те сол әлеуметтік желідегі қазақша контентті көбейту еді. Алғаш Фейсбукке 2010 жылы тіркелдім, сондағы санаулы достар тек орысша мәтіндермен бөлісетін. Соны қазақшаласам деген тілек еді. Екі-үш жыл өткен соң қазақша аударып қою әдетке айналды. Ол әншейін әлеуметке сіңірген еңбегім. Әркім өзіне қажетін оқиды. Қажет емесі қалады. Қазір сол әлеуметтік желіге арнайы аударып отыратын аудармашылар қатары да көбейген. Көңіл қуантады.
– Қалай ойлайсыз, тәржіманың тартымды шығуы түпнұсқаға байланысты ма?
– Әрине. Міндетті түрде. Бұған бірнеше жерде көзім жеткен. Кино, сериал аударғанда көбіне түрік, ағылшын тілінен орысшалайды. Сосын орысшасын қазақ аудармашыларына береді. Орысшаға жақсы аударылған дүниенің қазақшасы тәуір шығады. Егер орысшасы тиянақты болмаса, қазақшасы да нашар шығатын. Шатаспасам, түрік тілінен орысшаға Баян Нұғыманова деген аудармашы аударатын. Сол кісінің мәтіні түссе екен деп тілейтінмін, мәтіндері өте сауатты еді. Сонда да киноға аударма жасау қиын болды. Ішіне кіріп кете алмадым. Екі айдан соң тоқтаттым. Қолым жүрмеді. Кітапта да солай. Егер ол басқа тілден орысшаға аударылып, сосын қазақшаланса, бүтін шықпай қалуы ықтимал. Бірақ біз көбіне орыс тіліне жүгінеміз. Қазір кейбір баспалар түпнұсқадан, ағылшыншадан бірден қазақ тіліне аударып жүр. Ең дұрысы сол ғой.
– Сіздіңше, отандық аударма саласы қалай дамып жатыр? "Бүгінгі аударма бизнестің һәм жан бағудың амалы" деген пікірге көзқарасыңыз.
– Аударма ол руханияттың бір бөлігі. Жалпы кітап әлемінен бизнес жасау тиімді болғаны жақсы болар еді. Бұл аударманың да дамуына жол ашар еді. Бірақ бұл бизнес елдің көзін ашатын бизнес. Оның пайдасын бір-екі жылда емес, бір-екі буын алмасқанда сезерміз, бәлкім?! Кітап – пассив тауар. Кітаптың тауарға теңелуі де өкінішті. Бірақ амал жоқ. Капитализмге кірген екенбіз, оның заңдылығына көнуге мәжбүрміз. Аударма саласы кенжелеп дамып жатыр. Бірақ қазір бір қуанатын нәрсе бар, ол бәсекелес баспалар көбейіп жатыр. Әсіресе, аударма жасау бойынша өзара бәсекелескенін құп көрем. Қазаққа тәуір дүние аударып көрсетсек деген мақсатқа жұмыс істейтін баспалар түбінде соның жемісін жейтіні анық.
– "Шығармашылық адамы аш болса өнімді еңбек етеді" дегенге алып-қосарыңыз бар ма?
– Ешқашан бұл пікірге келіскен емеспін, бұдан бұлай да келіспеймін. Ешбір ақша, ешбір жетістік адамның өмірінен артық емес. Өткен шаққа қараңызшы, қазақ жазушылары қай кезде өнімді еңбек еткен? Барлық жағдай жасалған тұста. Қазіргі жазушылардікі олардың қасында жанкештілік. Пәтер жалдап жүріп жазатын жастарды көргенде жылағың келеді. Адам аш кезде емес, көңілі тоқ кезде өнімді еңбек етеді. Саналы түрде ештеңеге алаң болмағанда, маңызды дүниелер тудырады. Әсіресе, ер адамдар. Қазіргі таңда жазушыларға КСРО кезіндегідей қамқорлық жасалса, олар да саннан сапа шығарар еді. Себебі, отыз жылдан бері жазылмай қалған тақырыптар көп. Бірізділендіруге болар еді. Әдеби сын дамитын еді. Қазір не сан жоқ, не сапа жоқ, не сын жоқ.
– Қазіргі қазақ тілді оқырманға қандай жанрдағы шығармалар өтімдірек деп ойлайсыз немесе бізге не жетіспейді?
Меніңше, ғылыми-танымдық дүниелер аз аударылады. Оқулықтар аз. Энциклопедиялар аз. Фантастика мен детектив те аз аударылады. Бәрін орысша, ағылшынша оқып, көріп алып жатыр балалар. Жапондардың анимесін аудару керек. Соған қарап бүкіл ертегіні, батырлар жырын аниме жасап шығарсақ болар еді. Дәстүрлі құндылықтарды сіңірудің әдемі тәсілі бұл. Университеттер жыл сайын қажетті оқулықтарды аудартып отырса, нұр үстіне нұр еді. Студенттер әлі күнге дейін орысша әдебиеттерге сілтеме жасап оқиды. Қазақ бөліміне түсіп, орысша әдебиетті түсінбей өтетін жастарға қиын. Аударылған оқулықтар елдің қолына жетсе, насихатталса. Әдеби сыйлықтар алған көркем әдебиет уақыт ұттырмай аударылса. Тек бестселлер немесе нон-фикшн кітаптар аударылып жатыр. Оның бәрінің қазақшада сұранысы бола қоюы неғайбыл. Менталитетіміз бөлек.
– Жазбаларыңызды тағатсыздана күтетін оқырмандарыңызды жақын уақытта немен қуанта аласыз? Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар?
– Тағатсыздана күтетіндер бар. Кейде екі-үш күн жазба қалдырмасам, неге жұмыс істемей кеттің деп ұрсатындар да бар. Арасында сізді оқып, мотивация аламын деп алғыс айтатын оқырмандарым да баршылық. Психологиялық, мотивациялық бағыттағы үш-төрт жинақ шықты. Енді әдеби аудармалардың басын қосып бір жинақ жасасам деп армандап қоямын. Шығарып беретін демеуші тапсам, осы жинақтың оқырмандары көбірек болатын сияқты өзіме.
– Сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Шығармашылығыңыз табысқа толы болсын дейміз!
Сұхбаттасқан Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
13 ақпан 2024 ж. 258 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031