Мадияр Жеткербай: Шәкірт тәрбиелеу – шығармашылығымды шыңдайды
Қазалы топырағы талай таланттарды тудырғаны белгілі. Бүгінде сол таланттардың көшін кейінгі толқын жалғап, талайды тамсандыруда. Солардың бірі – Мадияр Жеткербай. Қазалы жұртшылығына таудай талабымен танылып үлгерген жас әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ән әлеміне қанат қаққан Мадиярдың талай өнерпаздар мен дүл-дүлдер дүниеге келген құт өлке – Лақалының тумасы екенін бірі білсе, бірі білмейтіні белгілі. Ендеше, өзің туралы қысқаша баяндап кетсең.
– Иә, дұрыс айтасыз. Ән мен жырдың бесігіне айналған өлкенің перзенті екенімді көбі біле бермейді. Сол киелі топырақтан жаралғаныма мақтанамын. Өзім туралы толығырақ айтар болсам, 1998 жылы өнерлі әрі көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Анам Күләйхан ауылдық кітапханада қызмет етсе, әкем Ердос жеке кәсіппен айналысады. Отбасында 5 баламыз. Мен үйдің кенжесімін. Өзімнен үлкен екі ағам, екі әпкем бар. Лақалы ауылындағы №93 орта мектептің түлегімін. Өнерімен өрістеген өлкенің ауасын жұтып, алдыңғы буын өнерпаз аға-әпкелеріміздің әуезді әндерімен сусындаған соң, менің де өнерге жақын болуым таңсық дүние емес секілді. Себебі соларға қарап бой түзедік, әнші болуды армандадық.
– Арманын ақиқатқа айналдырып, дегеніне жетуге талпынатындар аз. Кеше ғана кішкентай сахнада ән шырқап жүрген Мадиярдың арманы орындалды деп айта аламыз ба?
– Бала Мадиярдың «Әнші боламын» деген арманы орындалды деп анық айта аламын. Сол арманды жарты жолда қалдырмас үшін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы жоғары колледжіне оқуға түстім. Кәсіби мамандардан білім алып, музыканың қыр-сыр меңгердім. Бірақ адамның арманы таусылған ба?! Оқуды сәтті аяқтағалы бері, Мадиярдың бүгінгі арманы кешегісіне ұқсамайды. Қазір мүлде басқа арман, басқа мақсат. Бүгінде соның жолында талмай, тынбай еңбек етудемін.
– Өмірдегі, өнердегі ұстаздарың туралы айтсаң.
– Өмірдегі, өнердегі ұстазым – анам. Неге десеңіз, мені алғаш ән айтуға үйреткен анам болатын. Ол да өнерден қара жаяу емес. Бәлкім, ән айту анамның сүтінен дарыған да болар. Сол бойдағы дарынды әрі қарай дамытқан анамның өзі. Ал кейін менің сол қабілет-қарымымды одан әрі Нағима Қарымсақова мен Ғалым Сүлейменов сынды ұстаздарым шыңдай түсті. Бүгінде азды-көпті жетістіктерге жеткен болсам, бәрі сол жандардың маған берген білімінің жемісі деп білемін.
– Сөзіңде «жетістіктерім» деп қалдың. Ән аламандарында атой салып, жеңіске жетіп, біршама жүлдені қанжығаңа байлағаныңды білеміз. Әйтсе де өзіңнің аузыңнан естісек.
– Менің ән додаларына қатысуым 6 жасымнан бастау алды. Алғаш аудандық «Әнші балапан» байқауына қатысып, жүлдегер атандым. Өнер жолындағы алғашқы баспалдағым осы жарыс десем де болады. Кейін де біршама байқауларда топ жардым. Атап айтар болсам, Халықаралық «Ғұмырдария» байқауының «Эстрадалық вокал» номианциясы бойынша 1-орын, VI Респбуликалық «Ақ көгершін» байқауының лауреаты, VIІ Республикалық «Менің туған өлкем» конкурсында 1-орын, «Тәуелсіздік тірегім, теберігім» атты II Халықаралық балалар фестивалінде 3 орын иемдендім.
Сондай-ақ, Қазақстан-Қызылорда телеарнасындағы «Қара, оқы, ән сал» шоу бағдараламасында жеңімпаз болсам, Роза Бағланова атындағы ІІІ Республикалық «Ақмаңдайлым» байқауында 3-орын, Әнші, сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдығына арналған аудандық «Ақ Шолпан» атты баян аспабымен ән орындаушылар байқауында 3-орын, облыстық «Ақ баян» әншілер байқауының бас жүлдесін иелендім.
– Ән айтудан бөлек, сазгерлік қырың бар екенін де естіп қалдық. Қанша авторлық әнің бар?
– Ән жазу колледж қабырғасында жүргенде басталды. Ойымнан бір әуеннің ырғағы кетпеді. Соны ыңылдап айтып жүрдім. Сосын мұны жазу керек деп ойладым. Солай ән жазып бастап кеттім. Қазір қоржынымда 15-ке жуық авторлық әнім бар. Бірер әнді елімізге танымал әншілер орындап жүр. Жуырда өз орындауымда жаңа әндер жарыққа шықпақ.
– Жігітке жеті өнер де аз деген. Жұртшылық білмейтін бойыңда тағы қандай қабілет бар?
– Бойымдағы қабілетім сол бәрі музыкамен байланысты деуге болады. Ән айтудан бөлек, бірнеше музыкалық аспаптарда еркін ойнай аламын. Атап айтар болсам, домбыра, баян, гитара, фортепиано.
–Байқағаным, «5-аймақ» атты ансамбль құрамында даөнер көрсетесің. Ансамбль туралы толығырақ айтып берсең.
– «5-аймақ» вокалды-инструменталды ансамбль құрамында жүргеніме 4 жылға жуықтады. Шығармашылық құрамда барлығы 9 адам. Мен мұнда солистпін. Жетекшіміз – Ақберген Есекеев. Бас гитарада Ғани Алғашбаев, соло гитарада Ғалымбек Жылқыбаев, ритм гитарада Ақберген Есекеев, ударникте Сағынтай Балкембай саксафонда Абай Еркебұлан, клавишта Әділбек Назаров сынды ағаларым ойнайды. Ал ұйымдастырушы бэк-бокал Ержан Төлегенов. Сондай-ақ менен басқа тағы Әлия Ермекбаева сынды солист бар. Бүгінде осы ұжыммен аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларда өнер көрсетіп, жүлдеге ие болып жүрміз. Негізінде ансамбль құрамындағы жандардың дені мектеп ұстаздары. Бәрінің жаны шығармашылыққа құмар. Қазір уақытымның көп бөлігін осы командамен жаңа әндер жазуға арнаудамын. Алдағы уақытта сол туындыларымызды ән сүйер қауымның назарына ұсынуды жоспарлап жүрміз.
– Шығармашылықтан тыс уақытта шәкірт тәрбиелеп жүр екенсің. Бұл сенің өнеріңе кедергі келтіреді деп ойламайсың ба?
– Кедергі келтіреді деп айта алмаймын. Керісінше, бұл менің шығармашылық тұрғыда шыңдалуыма, колледж ұстаздарынан алған кәсіби білімім мен білігімді одан әрі жетілдіре түсуіме көмектеседі. Балаларға үйрете жүріп, өзімде біраз дүниені үйреніп жүрген жайым бар.
– Болашақ жоспарыңмен бөліссең.
– Алда жоспар көп. Бірақ «арық айтып, семіз шық» демекші, ойдағы орындалғанша ешкіммен бөліспеуді құп көремін. Басты мақсат – тыңдарманның талғамындағы туындыларды жарыққа шығарып, әлемдік ареналарда ән шырқау.
–Мақсатыңа жетуіңе тілектеспін. Әдемі әңгімеңе рақмет.
Әңгімелескен
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ