Қазақстанда вейпті сатып, таратқандар қандай жазаға тартылады?
© Sputnik / Александр Вильф
Мәжіліс депутаттары вейптерге қатысты заңды қабылдады. Бұдан былай Қазақстанға ондай өнімдерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік те болады. Sputnik Қазақстан вейптер үшін қандай жаза болатынын және заң қай кезден бастап күшіне енетінін зерделеп шықты.
Вейп несімен қауіпті
Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар:
Глицерин;
Пропиленгликоль (Е1520);
Хош иісті қоспалар;
Никотин (кей кезде қосылмайды).
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 процентінде болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Жалпы уытты заттардың әсері аз емес. Олар:
Пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды қоздырады. Бауыр мен бүйрекке зиян тигізеді;
Пропиленгликоль мен глицерин ыдырғаннан кейін акролеин мен формальдегид қалады. Акролеин көздің шырышты қабығына әсер етсе, формальдегид жүйке жүйесіне салмақ түсіреді;
Никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады;
Құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді.
Ал бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?
Бүгінде электронды темекілердің қауіпсіздігі толық зерттелмеген. Адамға "темекі тастауға көмектеседі" дейтін тиімділігі де дәлелденбеді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіштерді қолданбауға кеңес беріп отыр. Жарнамасына да тыйым салу қажет дейді.
Бүгінде әлем бойынша 30-ға жуық мемлекетте вейпке ресми түрде тыйым салынды. Қазақстанда бұл норма үш жылдан бері қызу талқыланып жатыр. Содан бері вейптердің таралуы 200 есеге өскен. "Балалар қоры" атты қоғамдық ұйымның әлеуметтік зерттеуі бойынша алматылық балалардың 80 проценті, ал астаналық балалардың 83 проценті вейп қолданады.
Биыл қаңтар айында парламенттің төменгі палатасы тиісті заң жобасын қабылдады. Оған сәйкес, Қазақстанға вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
Вейптер үшін жаза қандай болады
Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіліп отыр. Оған сәйкес, тартып шегілмейтін темекі өнімдері, электронды жүйелер (вейптер), ароматизаторлар мен сұйықтықтар үшін қылмыстық жауапкершілік болады.
Сату мен тарату:
200 АЕК (2024 жылда 738 400 теңге) көлемінде айыппұл немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмыстар, я болмаса, 50 тәулікке дейін қамауға алу;
Елге әкелу және өндіру:
2 000 АЕК (2024 жылда 7 384 000 теңге) көлемінде айыппұл немесе 600 сағатқа қоғамдық жұмыстар, я болмаса, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
Ал осы қылмыстар адамдар тобымен, бірнеше рет және ірі пайда табумен байланысты болса, жаза одан да қатаң болады:
5 000 АЕК (2024 жылы - 8 460 000 теңге) немесе 1200 сағатқа қоғамдық жұмыстар, я болмаса, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
кінәлі адамдардың мүлкі де тәркіленеді.
Айта кетері, мәжілістен кейін заң жобасын сенат қарайды. Парламенттің жоғары палатасы өз ұсыныстарын енгізуі мүмкін. Одан кейін заң президентке жіберіледі. Мемлекет басшысы оған қол қойғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.