Абай ауылына газ тарту жұмыстары жоспарлануда
Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті мен елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылдың өзінде Қазалы қаласы көгілдір отынға қосылып, тұрғындар табиғи газдың игілігін көруде.
Қазіргі таңда аудан орталығына жақын орналасқан Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын күндері 3 елді мекеннің халқы табиғи газды тұтынатын болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Бүгінгі күні Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ол үшін аудандық бюджеттен 10,2 млн теңге қаржы бөлінді.
Жобалаушы «Бірлестік» ЖШС Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізетін болады. Сонымен қатар «Бірлестік» ЖШС демеушілік есебінен «Ақтан батыр ауылының орамішілік газ құбырын салу» жобасын дайындауда. Жобалаушы мекеме тарапынан жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілгеннен кейінқұрылысын қаржыландыруға ұсынылатын болады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат