Субсидия һәм жүйе: Мезі болған маршрут мәселесі
Қоғамдық көлік қызметі алғашында қолға алынып, қазалылықтар уақытын үнемдейтіндігіне және Әйтеке би кентінің бір шетінен келесі бір жеріне жаяу шаршамай жететіндігіне қуанды. Алғашында халыққа үздіксіз қызмет көрсеткен қоғамдық көлік иелері кейіннен өз ыңғайына қарай жұмыс істеуді ұйғарды ма, әйтеуір жүру уақытын сирете бастады. Тұрғындар тарапынан түскен наразылықтар бойынша талай мәрте мәселе көтеріліп, баспасөз бетінде бірнеше мәрте жарияланды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде халық арасында қоғамдық көлік жыры үлкен дау тудыруда.
Ел қолданысында қажетті қоғамдық көліктер неліктен өздеріне тиесілі функцияларын орындамайды? Көлік санының күрт кемуіне не себеп? Нағыз маңызды түскі үзіліс кезінде кезекші "Газель" неге жүргізбеске? деген сан қилы сауал қазалылықтардың көкейінде сайрап тұр. Сонымен бірге тұрғындар қоғамдық көліктер жаңартылып, саны көбейтілсе деген өтініштерін жеткізуде.
– Бізде үлкен қалалардағыдай талап болмаса да, соларға ұқсап бағу талпынысы арттырылса нұр үстіне нұр. Егер жоба жүйелі ұйымдастырылса, орындауға мүмкіндік бар. Мәселен, аялдамаларға автобустардың аралық жиілігі көрсетілген арнайы тақтайшалар ілінсе деген пікір айтылып жүр. Өйткені бірі білсе, бірі білмес аудандағы қоғамдық көліктер таңғы 7:30-да межелі жерден шығып, кешкі 20:00-де соңғы рейсті атқаруы тиіс. Алайда маршрут жүргізушілері кешкі 18:00-ден бастап, бекітілген ережені ескермейді. Осыдан келіп, халық наразылығын білдірмегенде кім білдіреді? Олардың айтуынша, қоғамдық көлікті кім қадағалайды? Жеке кәсіпкерміз деп өздері қалаған уақытында жұмысын бастап, қаламаса аяқтамай жөніне кете баре ме? Мейлі кәсіпкер болсын, ешкімге бағынбаймын, өзім білемдіге салынатын болса, орталықтандырылған автопарк ашылып, айлық алатын жүйе енгізілсін, – деген ұсыныс білдірді Кәмшат Айдарова.
– Үнемі осы №3 бағытындағы қоғамдық көлік өз қызметін жүйелі жүргізбейді. Аудандық емханадан жұмыстан қайтарда №6 маршрутты да таба алмаймыз. Әйтеуір барлығы жоқ болады. Даму көрсеткіші жоғары біздің ауданда маршруттың мәселесі әлі шешілмей тұр дегенге сене алмаймын, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Анар Ұзақбаева.
Ал Қазалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің уәжіне мән берсек, ауа-райының күрт суытуына байланысты қоғамдық көліктер техникалық ақауларға душар болған. Соған орай бекітілген қозғалыс схемалары бойынша уақытылы жүру мүмкіндігін қолдана алмауда. Бұл жөнінде жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлерге ескертіліп, қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында қазір кентішілік және ауданішілік маршруттарды мемлекеттен субсидиялау үшін құжаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Сосын түскі үзіліс уақытында «Газель» мүлдем болмайды. Жұмыстан сағат 1-де шықсаң маршрутты кездестірмейміз. Түскі сағат 12-ден кейін маршрут күтіп әуре болмауға болады. Бәрібір келмейді, күтіп тұрған уақытыңда үйге жаяу жетуге болады. Маршруттар сыйымдылығы тар. Тұрмасаң, тағы мәдениетсіз сияқты көрінесің. Жалпы ақшаң болса, такси дұрыс. Күн салқын уақытта уақыт жиілігін бұрынғысынан да азайту керек. №1 бағытындағы қоғамдық көлік санын көбейту керек. Жүргізушілер өздеріне шаң жуытпай, көп ақталады. Сылтаулары "күн суықта көлік оталмай жатыр" дейді. Негізі қыс қамын жаз ойлауды әдетке айналдыру керек. Сосын ауданындық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары кәсіпкерлердің балансындағы дүние дегенді айтады. Осыны баяғыдан айтып келе жатыр. Орталықтандырылған бір жүйе болу керек, үлкен автопарк па ашып, жүргізушілерге тұрақты айлық төлеу қажет. Сонда ғана мұндай мәселелер шешімін табады деп ойлаймын. Жазда Қамбашта деп тағы таппаймыз. Десек те субсидия шешім емес, басқа бір жүйе болу керектей.
Негізгі ой – маршруттарды бір мекемеге қарасты етіп қою керек ғой. Тұрақты айлық төлеп, жүруін қадағалап отырса, уақытысынан тым кеш, не ерте ауытқымас еді. Бүгінде қоғамдық көлік жүргізушілері бәрібір адам жоқ деп шықпай қалады. Халық қалаулылары да осыны ескеріп, ықпал жасаса екен, – дейді Қазалы қаласының тұрғыны Ж.Әбдіразақ.
Ұсыныс-пікір білдіргендер арасында қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаражат тартылсын. Қоғамдық көліктерге субсидия берілсін деген өтінішін айтқандар да болды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА