Күрмеуі көп қоғамдық көлік
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Тіпті бұл мәселе күн санап тереңдеп бара жатыр. Тұрғындардың да тарапынан айтылып жатқан шағымдар аз емес. Көпшілігі қоғамдық көліктің белгіленген уақытта жүрмейтіндігіне көңілі толмаса, ал енді бірі кешіккен көліктің кесірінен аялдамада сағаттап уақыт жоғалтатынына қапалы.
Расымен, аудандағы қоғамдық көлік қызметінің жай-күйі анау айтқандай мәз болмай тұр. Көзі қарақты оқырман бұл мәселе турасында редакцияның бірнеше мәрте жазғанынан хабардар, дегенмен бұл мәселеде ілгерілеушілік байқалмайды. Олай деуімізге жауапты мекемелердің қоғамдық көлік қызметін жүйелі ұйымдастыруда салғырттық танытып отырғандығы себеп. Егер олай болмаса, тұрғындар бұлай бас көтеріп, редакциямызға келмес еді. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп редакцияға бас сұққан халықтың талап-тілегін жеткізбек ниетпен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашалылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрман Ердалиевке хабарластық.
– Қазіргі таңда кент ішінде қоғамдық көліктердің 7 бағыты белгіленген. Осыған орай кентішілік жолдарда 44 газель жүріп тұрады. Карантин уақытына дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болса, қазір біршама төмендеді. Оған пандемия кезінде көлік иелерінің біршама табыс көзін жоғалтқандығы себеп болып отыр. Соның салдарынан жекелеген көлік иелері, қоғамдық көлік қызметін жүйелі ұйымдастырып отырған серіктестіктермен келісімшартын бұзып, көліктерін сатып жіберген. Кент кент ішінде бір бағытта жүретін төрт-бес көліктің саны екі-үшке қысқарып, уақыт жиілігінің алшақтауына әсер етіп отыр. Бұл мәселені оңтайландыру мақсатында қоғамдық көлік қызметін субсидиялауды ұсындық. Бірақ бұл мәселеге көлік жүргізушілері қарсылық танытып отыр. Неге десеңіз, жеке көлік иелері мұны субсидия арқылы шешу оңтайлы деп есептемейді. Егер олар бұған келіссе, «көлеңкелі» ақша айналымынан қағыламыз деп санайды. Осындай теріс түсінік көлік қозғалысының бұзылуына әсер етіп отыр. Қоғамдық көліктер шеңберінде шешімін таппай тұрған мәселелер толығымен бір арнаға түсуі үшін жұмыстар жүріп жатыр. Қызметтің сапасын жақсартып, бір жүйеге келтіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Нұрман Серікұлы.
Сала маманының сөзіне сенсек, өңірде аталған мәселе бойынша біршама тірлік басталған. Әйтсе де, тұрғындардың бұл үдерістің жүру барысына аса көңілі толмайды. Соның бірі – Айдана есімді кент тұрғыны. Оның айтуынша, атқарушы орган өкілдері нақты іс-әрекетке емес, құрғақ уәдеге басымдық беретін көрінеді.
– Жуырда жұмыстан шығып, №7 маршрутты 40 минутқа жуық уақыт күтіп, жоспарланған кездесуге кеш бардым. Такси ұстап кете беруге болар еді. Артық ақша алып шықпаған соң, амалсыз маршрут күтуге мәжбүр болдым. Күткен көлігім жетіп, кондуктордан кешігуінің себебін сұрағанымда: «Қазір 2-ақ маршрут жүріп жатыр. Сондықтан уақыт жиілігі алшақ болып тұр. Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, белгіленген аялдамаларда кейде ұзақ тұрып қалатынымыз да бар. Себебі біздің нанымызға қазір таксистер ортақтасып жүр. Сондықтан адам жинауға тура келеді. Бәріміз сол 5-10 тиын үшін жан бағып жүрміз. Жолаушылар бізді де түсінуі керек», – деп мұңын шағып қоя берді. Иә, түсінуіндей-ақ түсінерміз. Себебі бұл олардың да кінәсі деп толық айта алмаймыз. Өйткені о бастан қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыруда жүйелілік жоқ. Атқарушы органдардың да нақты қадам жасап жатқаны шамалы. Тек уәде беруден шаршамайды. Тұрғындардың талабы ескерілуі керек қой. Жолақысының көтерілгеніне де наразы болып жатқанымыз жоқ. Тым құрығанда әр бағытта жүретін көліктің уақыт жиілігін дұрыстап, көлік санын ұлғайтуды қолға алуды жоғарыдағылар ескеруі керек. Егер бұл мәселе айтылған күйі үнемі осылай шетте қала беретін болса, халықтың қиналғаны қиналған, – дейді кент тұрғыны Айсана Нұрлыбекқызы.
Расымен, үйден жұмысқа, жұмыстан үйге асыққанда Шәмшінің әніндегідей «Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен» деп жолға қарайлап-ақ тағатыңды тауысып боласың. Бірақ бұл қашанға дейін созылмақ? Жолаушылар барар жерінен қалмаудың қамын жасар, бірақ солай екен деп жергілікті билік өкілдерінің қолды қимылдатпай, құр қарап отыруы қаншалықты орынды? Бұл сауалға көлік қатынасын реттейтін мекеме қымсынбаса, қысылтаяңға тап болған жүргіншілер байырғы қалпынан әзір алыстамайтыны анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ