1 қаңтардан бастап қазақстандықтар саусақ іздерін тапсыруға міндеттеледі
Келесі жылы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтеді, деп хабарлайды baq.kz
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаев мәлімдеді.
Айтуынша, паспорт пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі.
Дактилоскопиялық тіркеу - бұл саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Оның мақсаты - адамның мүдделерін қорғау, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біріншіден, бұл іс-шаралар жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған, бұл өз кезегінде заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді., - деп түсіндірді аға инспектор.
Белгілі болғандай, дактилоскопиялық тіркеу біздің азаматтарымыздың басқа елдердің мемлекеттік шекараларын кесіп өту рәсімін жеңілдетуді көздейді.
Бұл күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғаларда да, соның ішінде техногендік және табиғи сипаттағы жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар жеделдетеді. Болашақта дактилоскопиялық ақпараттың арқасында заманауи смартфондар арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтықтан алуды одан әрі дамыту мүмкіндігі пайда болады, - деді Нұржан Жаңабаев.
Дактилоскопиялық тіркеу туралы нені білген жөн:
• 12 жасқа дейінгі балалардан басқа, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады;
• 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар ерікті негізде дактилоскопиялық тіркеуге жатады;
• Саусақ іздерін алу ХҚКО-ларда жеке куәліктерді, паспорттарды, Шетелдіктің тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін ресімдеу кезінде жүргізілетін болады.