Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚазҰУ-мен Сеул университеті меморандумға қол қойды

ҚазҰУ-мен Сеул университеті меморандумға қол қойды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың Корея Республикасына жұмыс сапары барысында Сеул кибер университеті мен Қазақ ұлттық университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сеул кибер университетінің басшысы Ли Ен Чжомен кездесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қызметі мен жетістіктері туралы әңгімелеп, оқу орнының халықаралық ынтымақтастық бағытына тоқталып, шетелдік әріптестермен байланыс артып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. 2022 жылы шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 624 меморандум жасалды. Оның ішінде ТМД және Азия елдерімен ең көп келісімдерге қол қойылды. Ректор ынтымақтастыққа қызығушылық білдіре отырып, кибер университеттер – онлайн-оқытуды жүзеге асыратын инновациялық жоғары оқу орындары екенін және бұл перспективалық бағытты дамыту қажет екенін жеткізді.
Сеул кибер университетінің ректоры Ли Ен Чжо қонақтарды 2000 жылы құрылған университет тарихымен таныстырды. ЖОО-да 17 факультет бар, оның ішінде ең танымал бағыттар: машина жасау, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, бизнес және кәсіпкерлік, шет тілдері және де басқалар. Университетте дәріс оқитын 250 оқытушыдан басқа 200-ге жуық жетекші сарапшылар әртүрлі салада дәріс өткізеді. Білім ордасында студенттердің ерекше таланттары мен шығармашылық ойлауын дамытуға және олардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетіледі. Университет аумағында Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылған, оның ашылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарына орайластырылғаны екі елдің қаншалықты тығыз байланыста екенін көрсетеді.
Екі университет арасындағы меморандум академиялық ынтымақтастықты дамыту, оқу орнындары арасындағы білім беру, мәдени және технологиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Келісім шеңберінде академиялық бағдарламалар мен кәсіптік білім берудегі әріптестік, арнайы академиялық және тілдік бағдарламаларды іске асыру, оқытушылар мен студент алмасу, бірлескен зерттеу және кәсіптік қызмет, семинарлар мен академиялық кездесулерге қатысу және басқа да бағыттарды дамыту жоспарланды.
Сапар аясында ҚазҰУ делегациясы Сеул кибер университетінің инфрақұрылымымен танысып, кампус аумағындағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қойды.
24 мамыр 2023 ж. 295 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031