Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректі жастарға жігер берген жүздесу

Жүректі жастарға жігер берген жүздесу

Сенбі күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаев «Сұхбат Times» бағдарламасы аясында аудан жастарымен кездесті. Жас кәсіпкерлер, оқушылар мен студенттер қатысқан жиында ашық түрде сұхбат жүргізіліп, жастар еркін ой-пікірлерін білдірді.
Жиын барысында аудан басшысы өзінің өмір жолынан сыр шертті. Мемлекеттік қызметке ауысқанға дейін қаржы, ауылшаруашылық салаларында қызмет еткен ол жастарды еңбекқорлыққа, елгезектікке шақырды. Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасы аясында білім алып, еліміздің басқа аймақтарында жұмыс істеуге жолдама алған студенттердің онда баруға ынтасы жоқтығы сөз болды. Бұл мәселе жайында әкім: «Жоғарыда айтып өткенімдей, көптеген салада қызмет жасадым. Тұрғылықты жерімнен алысқа ұсыныс түссе немесе тағайындаулар болса, мен еш кідірместен ауыса кететінмін. Біз үшін Сыр елі – кіші, Қазақстан – үлкен Отанымыз. Сондықтан оның игілігі үшін қай жерде болмасын, қызмет етуден қашпауымыз керек», – деді.
Кездесуде жастар тарапынан тазалыққа байланысты сұрақ қойылды. Сәйкесінше аудан басшысы ел келешегінің кілтін ұстар жас өрендерді көпшілік болып атқаратын бұл жұмысқа жаппай атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, әркім өз ауласын, үйінің алдын сыпырып, таза ұстаса, соның өзі туған жеріміздің келбетіне көрік беретінін айтты.
Басқосуда аудан жастарының көңіл көншітерлік қасиеттері де әңгіме болды. Мұрат Нәлхожаұлына олардың кәсіпке икемділігі, жұмысқа деген ынта-жігері ұнаған көрінеді.
«Сіздердің саналарыңыз еркін, құлдық қамыттан ада. Алдыңғы аға буынға қарағандағы белсенділіктеріңіз де бөлек. Бұл қасиеттер сіздерге еркін ойлауға, ештеңеден қорықпауға жағдай жасайды. Сонымен қатар, жастарға, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктер мен көмектерді де айтпай кетпеуге болмас. Ынта-жігерлеріңіздің қарқыны осы қалыптан таймаса екен деймін»,– деді аудан әкімі.
Жиынды қорытындылай келе, аудандағы Жас­тар ресурстық орталығы директоры Олжас Ахметов сүбелі сұхбат үшін әкімге жастар атынан алғыс білдірді және басқосуға қатысушылар естелік суретке түсті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 мамыр 2018 ж. 1 368 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930