Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда: Тырысқақ таралуынан қандай қауіп бар
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, әлемнің 43 еліндегі 1 млрд-тан астам адам тырысқақ инфекциясын жұқтыру қаупінің алдында тұр. Індет 2021 жылы тез тарала бастады. Ал былтыр желтоқсанда жағдай тіпті күрделене түсті. Мамандар бұл дерттен болатын өлім-жітімнің саны көбеюі мүмкін екенін мәлімдеп жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі тырысқақ қаншалықты қауіпті және бүгінде қандай елдерде жағдай күрделі екенін анықтап көрді.
Тырысқақ індеті өршіген елдердегі ахуал
Қазіргі уақытта Африка, Азия және Кариб теңізінің 24 елінде індеттің өршігені мәлім болды. Сонымен қоса, Африканың тағы 4 елінде - Танзания, Оңтүстік Африка, Зимбабве және Замбияда биыл ақпаннан бастап тырысқақтың жиі тіркеліп жатқаны белгілі.
20 наурыздағы мәліметке сай, Африка қүрлығының оңтүстігіндегі Малави мемлекетінде инфекция жұқтырғандар мен өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі тіркелді. Атап айтқанда, індетпен ауырып жатқан 54,8 мың адамның 1 684-і көз жұмды.
Сарапшылар тырысқақ ауруынан өлімнің көбейгеніне алаңдаулы. Өйткені, өткен жылдармен салыстырғанда азаматтардың осы індеттен қайтыс болу фактілері жиілеген. Мәселен, 2021 жылы бүкіл әлем бойынша тіркелген тырысқақтан өлімнің орташа деңгейі 1,9% болды. Бұл эпидемиологиялық ахуал үшін қолайлы саналатын межеден (қолайлы эпидемиологиялық ахуал - 1%) асып түседі. Соңғы он жылда мұндай күрт өсім тіркелмеген еді.
Тырысқақ дегеніміз не?
Тырысқақ – антропонозды жіті ішек инфекциясы. Оның қоздырғышы тырысқақ вибрионы деп аталатын «Vibrio cholerae» бактериясы. Ол лас тағамды немесе суды тұтынған кезде пайда болады. Вибрионның инкубациялық мерзімі қысқа - 12 сағаттан 5 күнге дейін.
ХІХ ғасырда тырысқақ Үндістандағы Ганг өзенінің алғашқы резервуарынан басталып, бүкіл әлемге таралды. Одан бері барлық құрлықтағы миллиондаған адамның өмірін қиған 6 пандемия болды.
Қазіргі, жетінші пандемия 1961 жылы Оңтүстік Азияда басталып, 1971 жылы Африкаға, ал 1991 жылы Америкаға дейін таралды. Бүгінде тырысқақ көп мемлекттерде эндемиялық ауру саналады.
Алайда, пандемия 2021 жылы қайта өршіп, бұрын осы індет таралған Сирия мен Ливан сияқты мемлекеттерде жайылды. Мұнда тырысқақтан көп адам қайтыс болды.
Инфекцияның белгілері – дене температурасының 34-35 градусқа дейін төмендеуі немесе қатты көтерілуі, қалтырау, құсу, диарея, организмнің тез құрғауы. Егер ауру уақтылы анықталса, онда ол тез емделеді. Ал, бірнеше сағат уақыт өткізіп алған жағдайда, оның салдары өлімге әкеп соғуы мүмкін.
Суды қайнататын болса немесе 30 минут +56 градус температурада тұрған инфекцияны қоздырғыш «Vibrio cholerae» өледі. Дегенмен тырысқақ вибрионы төмен температураға төзімді келеді.
Індет Африка елдерінде тез таралып барады
Бүгінде тырысқақ ауруы Африка елдерінде өршіп тұр. Соңғы жылдары инфекция Бурунди, Эфиопия, Кения, Малави, Мозамбик, Сомали, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Судан, Танзания, Замбия және Зимбабве сияқты 11 елде тез таралды.
ДДСҰ дерегіне сай, тырысқақ Сомали түбегіндегі құрғақшылық, маусымдық жаңбыр және Африканың оңтүстігіндегі тропикалық дауыл сияқты экстремалды климаттық құбылыстарға байланысты жайлап барады.
Аталған ұйым биыл наурыз айында Африканың оңтүстік-шығысында болған «Фредди» циклонынан кейін жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін екенін ескертіп жатыр.
Зимбабведе тырысқақтың 17 ошағы анықталды. Бұл – мемлекеттегі сырқаттану деңгейінің күрт өсуі мен өлімнің көбеюіне себеп болып отыр. Ал, Малавиде күн сайын 600-ден астам адам індет жұқтырады. Мұнда былтыр наурыздан бері тырысқақтан 1,5 мыңнан астам адам қайтыс болды, олардың ішінде 197-і бала. Сондай-ақ, Мозамбикте де тәулігіне инфекцияның 600-ге жуық жағдайы тіркелуде. Бұл ретте аталған мемлекет орталық провинциялардағы 1,1 млн халыққа вакцина салды.
Сомали түбегіндегі үш ел – Эфиопия, Кения және Сомалиде де тырысқақ дендеп барады. Бурунди мемлекеті де таяуда Бужумбура қаласында індет шыққанын мәлімдеді. Конго Демократиялық Республикасының қақтығыс аймақтарындағы лагерьлерде сапалы ауыз судың болмауы және антисанитария - жағдайды күрделендіріп жіберді.
Таяу Шығыста таралған инфекцияға не себеп?
Бүгінде Сирия мен Ливанда тырысқақ ауруы өршіп жатыр. ЮНИСЕФ мәліметіне сәйкес, індеттің жаппай таралуына Евфрат өзеніндегі судың тартылуы, климаттың өзгеруі, сондай-ақ гуманитарлық жағдай теріс әсер етті. Сонымен қатар, оған биыл ақпанда болған ірі жер сілкінісі кесірін тигізді.
Алғаш рет Сирияда тырысқақ ауруы 2022 жылдың қыркүйегінде тіркелді. Оның одан әрі таралуын тоқтату мақсатында ЮНИСЕФ пен ДДСҰ 1,7 млн-ға жуық сириялыққа вакцина салды.
6 ақпандағы жер сілкінісінен кейін Түркияда тырысқақ ауруының пайда болу қаупі еселене түсті. Себебі, ол мемлекетке инфекция Сириядан барған босқындар арқылы тарауы мүмкін.
Былтыр қарашада Израиль тарапы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ярмук ағысынан алынған сынамаларда тырысқақ вибрионы табылғанын хабарлады.
ДДСҰ мәліметіне қарағанда, инфекцияның таралуына Пәкістан мен Ауғанстан, Ирак және Иран арасындағы халықтың үдере көшуі ықпал етіп отыр. Сонымен қатар тырысқақ Сириядан Ливанға тарады, одан әрі иорданиялықтардың жұқтыру қаупі бар.
Аурудың алдын алу шаралары
Сарапшылардың айтуынша, тырысқақтың алдын алу үшін таза су, тиісті санитарлық жағдай, жеке гигиена ережелерін сақтау, науқастарды оқшаулау және қадағалау қажет. Ал вакцинация осы шараларға қосымша қолданылуы мүмкін.
ДДСҰ мәлімдегендей, сақталуы тиіс эпидемиологиялық қадағалау, вакцина және инфекцияның алдын алу сияқты факторлар - індетпен күрестің тиімді жолы. Алайда, екпенің жетіспеуі мен медицина қызметкерлерінің шамадан тыс жүктемесіне байланысты Азия мен Африканың кейбір елдерінде бұл шараларды іске асыру қиын болып отыр.
Қазақстанда тырысқақ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты
Бүгінде Қазақстанда тырысқақ бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 10 жылда елде аталған инфекция тіркелген жоқ.
Биыл ақпаннан бастап еліміздің мемлекеттік шекарасында шет елдерден келгендерге күшейтілген бақылау жүргізіледі. Бұдан басқа, ведомствоның Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ауыз сумен қатар, ашық су қоймаларындағы судың сапасына тұрақты негізде бақылау жүргізеді.
Тырысқақ негізінен жылы және ылғалды климаты бар елдерде жиі кездесетініне қарамастан, ол әлемнің барлық құрлығына тарады. Бұл тізімде Қазақстан да болды. Денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысын I типті эпидемиологиялық қауіпті аймаққа жатқызады. Өйткені, осы облысқа қарасты Махамбет ауданында тырысқақ ауруы соңғы рет 1997 жылы анықталған.
1 млрд-тан астам адам тырысқақ жұқтыру қаупінің алдында тұр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тырысқақтың әлемде одан әрі таралу қаупі өте жоғары деп санайды. Ұйымдар 43 елдегі 1 миллиардтан астам адамның тырысқақ жұқтыруы ықтимал екенін ескертіп жатыр.
Сонымен қатар, былтыр желтоқсанда ДДСҰ тырысқаққа қарсы вакцина тапшылығы жөнінде мәлімдеме жасады. Бүгінде әлем елдерінде екпе қоры өте аз.
ДДСҰ-ның Тырысқақ және эпидемиялық диарея аурулары тобының жетекшісі Филипп Барбозаның айтуынша, індеттің өсу үрдісі жалғасуда. Ол кедейлік, қақтығыстар мен табиғи апаттардан зардап шеккендердің көбеюіне байланысты өршіп барады.