Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮЙТКІЛ КӨП ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛАТЫН

ТҮЙТКІЛ КӨП ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛАТЫН

Бекарыстан би атындағы ауыл жұртының айтар ұсынысы аз емес. Соның ішінде маңыздысы Ү.Түктібаев атындағы №24 мектептің жайы. Жағдайды жеткізген тұрғынның айтуынша, білім ошағы 1976 жылы пайдалануға берілген.
– Қазір 500-ден асатын оқушы білім алады. Қиындығы сол, әуелден құрылысы дұрыс қаланбаған мектептің оң жақ шатырына қар еріп, жаңбыр жауғанда су жиналады. Сосын сыныптың ішіне тамады. Ол ол ма, іргетасы қаланғанына 50 жылға жақындаған мектептің қаланған кей кірпіштері езіліп, бетондары құлай ма деген қауіп бар. Оған арнайы тіреуіш жасап қойған. Сол секілді спортзал бетіне және мұражай жағына жарық түскен. Демек, қай күні құлайтынын күтпей, дереу апаттық жағдайға жіберу керек, - дейді ауыл азаматы.
Қойылған сауалға байланысты аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы білім ошағына тексеру жүретінін айтты. Сосын соған сай шешім шығатын болады. Не күрделі жөндеуге, не апаттық жағдайдағы ғимарат есебіне кіреді. Солай болған күннің өзінде әрі қарайғы жұмыс қолға алынып, жаңасын салуға ұсыныс беріледі екен.
Мұндағы тағы бір мәселе - оқушылардың мектепке қатынауы. Бастауышта 200-ге жуық оқушы бар десек, олардың келіп-кетуіне автобус қажет. Өйткені, 3 көлді жағалай орналасқан ауылдың үлкендігі сонша білім ошағына жету кейбір отбасы үшін мұң. Тіпті, кешегідей бет қаратпайтын суықта балалардың өзін жібере салу ата-аналар үшін оңай емес. Сондықтан өздері сандалуға тура келеді. Мұның да реті табылатынын айтқан аудан басшысы аудандық білім бөлімінің басшысына ұсыныс берілетінін айтты. Сосын одан кейінгі жайды баяндап отыратынын жеткізді.
Мұнан соң ауыл тұрғыны Төлеу Смағұл сөз алды. Азаматтың аудандағы көмір беретін кәсіпкерлерге көңілі толмайды екен. Өйткені, бағасы қымбат және қанша мөлшер салып беріп жатқаны белгісіз. “Барсақ “1 тонна салдық” деп қоя береді. Оны қалай өлшеп тұр? Осының барлығын тексеру қажет. Не болмаса есептегіш құрал қою керек” дейді Төлеу Смағұл.
Көтерілген ұсынысқа қатысты аудан әкімі жауап беріп, алдағы уақытта тексерілетінін айтты.
Айтпақшы, 2020 жылы ауылда балабақша салынатын болған. Ол үшін кәсіпкер жер алған. Бірақ, 3 жыл өтсе де әлі күнге дейін берілген жерден қозғалыс байқалмаған. Оқиғаны жеткізген тұрғынның айтуынша, не жерді қайтарып, не сөз етілген ғимарат салынуы қажет. Бұл сауалға қатысты жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Нұржаубайұлы жауап берді. Мәліметінше, соттың шешімімен жер қайтадан мемлекетке қайтарылған.
Бекарыстан би ауылындағы жағдай осындай. Бұдан да өзге бірқатар мәселе көтерілді. Оның барлығы алдағы уақытта шешімін табады.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
09 ақпан 2023 ж. 252 0

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 24

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031