“Дипломмен ауылға”: Берері мол бағдарлама
Бүгінде еліміздегі ауылдарда кадрлар тапшылығы түйіткілді мәселелердің бірі екені белгілі. Осыған орай, мемлекет бірнеше жылдан бері жас мамандарды қолдау мақсатында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын ұйымдастырып келеді. Аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты – елді мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру және агроөнеркәсіп кешен сынды тағы басқа маңызды мамандықтармен қамтамасыз ету, жұмыссыз жастардың санын азайтумен қатар олардың баспаналы болуына септігін тигізу болып табылады.
Егер сіз ауыл-аймақты көркейтуге үлес қосамын немесе тәжірибе жинау үшін елді мекенге баруға дайынмын десеңіз, онда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сізге дөп келеді. Жоғарыда атап өткендей «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешен саласындағы мамандарға біратар көмектер көрсетіледі. Оның алғашқысы – екі жүз мыңға жуық бір реттік көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмек болса, екіншісі – баспана сатып алу мен салуға 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 0,01 процент жылдық сыйақысымен 15 жылға несие беру. Үшіншісі – ауылда белгілі бір мамандықта жұмыс жасап, жандандыру көздеген жанға жұмыс орнын ыңғайлау болып табылады.
Бағдарламаның тағы бір маңызды тұсы – ауылға келген жас өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек.
Жас мамандарға берер мүмкіндігі мол бағдарламаның аудандағы жайын білмек болып Қазалы ауданының ауылшаруашылығы бөліміне бас сұққан едік.
– 2009-2022 жылдар аралығында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке 1216 маманға барлығы 203 868, 3 теңге түріндегі әлеуметтік көмек көрсетіліп, игерілді. Оның ішінде, білім саласынан – 762 маман, денсаулық сақтау – 422, әлеуметтік қамсыздандыру – 3, мәдениет – 12 болса, спорт – 13 және агроөнеркәсіптік кешен– 4 маман алған.
Сондай-ақ 2010-2022 жылдары аралығында аталған бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алу түріндегі бюджеттік несие 873 маманға барлығы 2 847 922, 4 мың теңге әлеуметтік көмек ұсынылып, игерілді.
Айта өту қажет, өткен жылы республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алу және салуға 100 маманға 459 миллион 450 мың теңге қаржы қаралып, 100 маманға 458 миллион 268, 5 теңге ұсынылып, 99,7%-ке сәтті тәмамдалды. Сонымен қатар, көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке 100 маманға 30 630 мың теңге қаржы қаралып, 100 маманға 30 630 теңге, яғни 100%-ке игерілген, – дейді ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Мұратбай Бекмағамбет.
Жоғарыдағы жергілікті жердің статистикасына мән берсек, онда қазалылық жас мамандардың көбі бағдарламаның баспана алу жолын ғана пайдаланған. Осы орайда Тараз қаласындағы инновациялық-гуманитарлық университетінде жоғары оқуды тәмамдап келген, жас маман Назерке Маратқызы да бағдарламаның ең басты артықшылығы – мемлекеттің жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуі екенін айтып отыр.
– Өзім Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде әлеуметтік қызметкерімін. Аталған орында бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келемін. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жерглікті әкімдіктен естіп, барлық қажетті құжаттарды дер кезінде тапсырдым. Шыны керек, ауданда тұрғын үй бағасы шарықтап тұр. Сонда да, табанымнан тозып, берілер сомма көлеміндегі үйді әрең дегенде таптым. Сөйтіп, өз кезегімді күтіп, бұйырған баспанамды алдым.
Бұл мемлекеттің жастарға, әсіресе жас отбасыларға жасап жатқан керемет мүмкіндіктерінің бірі. Сондықтан құрметті жас, бағдарлама бойынша баспаналы болу бағы бұйырсын десеңіз, ағымдағы жылда өтетін кезектен қалып қоймаңыз, – дейді жас маман Назерке Көптілеу.
2023 жылы тұрғын үй сатып алу түріндегі бюджеттік несие және көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмек әдеттегідей денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешен саласы мамандарына беріледі.
– Биылғы жылға республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алу және салуға 80 жас маманға 414 миллион теңге қаржы қаралып, осы жылдың мамыр, маусым, шілде және қыркүйек айларында игерілу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке 80 маманға қаржы қаралған. Оны сәуір, мамыр және маусым айларында игеру жұмысына кіріспекпіз, – дейді Мұратбай Жаңабайұлы.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, табанын тірер тіреніші, арқасын сүйер сүйеніші. Сол ауылдың қалыптасып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуды ұран еткен жас мамандарға жақсы мүмкіндіктің райы биыл да туып тұр.
Серік АҚМЫРЗА