Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері

Жыл үздіктері

Қазақ жұрты үшін Барыс жылы күтпеген оқиғалар мен жаңалықтарға толы болды. Қаңтар оқиғасына куә болдық. Елдің дамуына тікелей әсер ететін, халықтың әл-ауқатына оң өзгеріс әкелетін жаңа заңдар қабылданды. ­Президент сайлауы өтті. Тізе берсек, тарих беттерінде таңбаланатын жайттар аз болған жоқ. Қазалы ауданында да қуанышты, өкінішті оқиғалар көптеп орын алды. Жыл қорытындысына орай қоғамның айнасына айналған «Қазалы» газеті үздік тұлғалар мен оқиғаларды назарыңызға ұсынады.

Жыл ұстазы
Білім саласында құрылған комиссияның шешімімен биыл Е.Бозғұлов атындағы мектеп-лицей жылдың үздігі атанды. Барған додадан дорба көтермей қайтпайтын бұл мектептің қандай артықшылығы бар дерсіз?! Себебі мұнда өз ісін сүйіп атқаратын, үнемі ізденіс үстінде жүретін тәжірибелі ұстаздар шоғырланған. Сосын да шәкірттері шыңнан түспей, ұстаздары абырой арқалап жүреді. Еңселі білім ордасының сондай бір қызметкері биыл жылдың үздік ұстазы атанып, мектеп қос олжаны қанжығаға басты. Тек тарих пәні бойынша емес, сала бойынша жеңімпаз атанған Ботакөз Шоханға тең түсер жан болмағанға ұқсайды. Өткен жылы облыстық білім басқармасының Алғысын, араға сәл уақыт салып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал биыл лицейлік мұғалімнің еңбекпен үздік атанғанына ешкім дауласа қоймас. Бәрекелді деседі.

Жыл меценаты
Биыл Медеу Есхожаевтың есімі газет бетінен бөлек, әлеуметтік желіде жиі көзге түсіп тұрды. Дей тұрғанымен бұл меценаттың бұған дейін қайырымдылық іспен, білім, денсаулық, жастар, аудан саясатына қосқан елеулі үлескен жоққа шығармайтыны анық. Жыл басында Балалар жылына орай өткен көлемді, салалық сайыста бас демеушінің бірі болғанын білеміз. Бұдан бөлек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жан-жақты қолдау жасап жүргенін жұрт жарыса айтады. Ал жақында ғана лентасы қиылып, бөбектер игілігіне берілген «Өрімтал» балабақшасына бөлме жабдықтарын алып бергені атымтайлық емей немене? Сондықтан Медеу – Жыл меценаты.

Жыл спортшысы
Биыл Францияда өткен дүбірлі додада аудан, қала ғана емес ел абыройын арқалап барған былғары қолғап шебері, жерлесіміз Ақтілек Орынбасар алтыннан алқа тақты. Гимназиядаға 70 елден 4000 оқушы спорттың 18 түрінен бақтарын сынаған. Ал Қазақстаннан ең мықты деген 234 оқушы іріктеліп алынды. Мұның өзі бір жеңіспен пара пар екенін ескерейік. Бірақ батыр бағлан Нормандия қаласына жолға шыққанда елге жеңіспен оралуды мақсат етеді.
Ширек финалда Венгрия мемлекетінің спортшысымен кездесіп, жартылай финалда румыниялық былғары қолғап шеберінің әлсіз тұсын тапты. Осылайша финалда украиналық жігітпен қолғап түйістіріп, ақтық сыннан да сүрінбеді.
– Бізді Нормандия қаласына дайындап апарған Қазақстан Республикасының бокстан жастар құрамасының жоғары жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев болды. Бапкер қай уақытта спортшыға рух беру қажет екенін жақсы біледі. Сенің шаршы алаңдағы іс-қимылыңа қарап отырып, кеткен қателікті түзеп отырады. Барлық жағынан түсіндіріп, қарсыластың осал тұсын табуға жәрдемдеседі, – дейді Ақтілек ұстазының еңбегін ескеріп. Осылайша біз де спортшының биылғы еңбегін ескеріп, жылдың үздігі деп таныдық.

Жыл өнерпазы
Қасиетті Қазалы топырағынан талай арқалы ақын, күміс көмей әнші шыққанына тарих дәлел. Бүгінгі күні де бір әнмен тұтас көрермен толы залды орнынан тұрғызатын таланттар жетерлік. Десек те, мықтының мықтысы бар. Бұған дейін халықаралық сайыстарда Қазақстанның абыройын арттырып, жүлделі оралған, осы жылы Шығыс жастары жетекшісінің 120 жылдық мерейтойында республикалық Ғани Мұратбаев төсбелгісін иемденген, ол аз десеңіз, жақында ғана «Қазақстан Республикасының жылдың үздік маманы» атанған Сәкен Кермештің басқалардан бәсі биік. Соңғысын аудандық Қорқыт ата атындағы муызка мектебіндегі жемісті еңбегі үшін алғаны ақиқат. Ендеше балғындардың талантын шыңдап, ауданның атын әлемге әйгілі етіп жүрген сирек дауыс иесі Сәкен Қуантқанұлына «Жыл өнерпазы» деген атақ та артық етпейді.

Жыл оқиғасы
Бұл жыл қазақ халқы үшін Қаңтар оқиғасымен ерекше есте қалды. Соңы жүздеген бейбіт тұрғынның өлімімен аяқталған оқиға жұрттың жүрегінде үлкен қорқыныш қалдырды. Десек те елдің ауызбіршілігі мен тура жолдан таймайтын азаматтардың да қимылына куә болдық. Әсіресе, Қазалы вокзалында тұралап қалған жолаушылар пойызы жайында еліміздің телеарналарында көптеп көрсетілді. Республиканың барлық қалаларында алмағайып жағдай орнағанда, қазалылықтар вагон ішінде қалған мыңға жуық жолаушының мұқтаж затын тауып берді. Вокзал маңында күннің суығында бірнеше күн қазан көтеріп, ыстық тамақ таратты. Тіпті кішкентай бөбектер үшін жөргектер жеткізіп берген азаматтар да төбе көрсетті. Орталық алаңға жиылып, талаптарын білдірген, елдің тыныштығын сақтап, ауызбіршіліктері жайлы алыстағылар айтқан жайтты жыл оқиғасына телідік.

Жыл жаңалығы
Жақында ғана Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдары газ желісіне қосылды. Бұған дейін ауылдар арасынан алғаш болып аудан орталығынан 7 шақырым қашықтықтағы Ғ.Мұратбаев ауылы мен кенттен 12 шақырымдық Қазалы қаласы от жағып, күл шығару машақатынан құтылған еді. Ал қазалылықтар аталған үш ауылдың тарихи сәтіне ерекше қуанды. Бұл – ендігі кезек дарияның арғы бетінде тіршілік етіп жатқан ауылдағы ағайындарға жеткенін аңғартса керек. Өйткені облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жасаған сапарында елдімекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге келер жылға қомақты қаржы қаралғанын, бұл жұмыс одан әрі қарқын алатынын айтқаны есте.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
31 желтоқсан 2022 ж. 402 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031