Қысқа дайындық қалай?
Аязды жел алқымнан алып, күн көзі сирек көріне бастағанына бірнеше апта өтті. Бұл Абай айтқан «ақ киімді, денелі, ақ сақалды» мезгілдің біздің елге жетіп үлгергенін аңғартады. Облыс орталығына түскен ақ ұлпа көп ұзамай аудан аумағын да ақ ұлпаға бөлейтіні түсінікті. Мұның алдында бірер күн жауын жауғанда тобықтан батпақ кешіп, көліктердің дөңгелегінен езілген шалшықтан қашқақтап жүретін жерлестеріміз бұл күнді асыға күтіп жүргені жасырын емес. Дегенмен қыстың да қаһары барын ұмытпаған жөн. Қыстың жайлы, жұмсақ өтуі Әйтеке би кенті әкімдігі мен аудандық «ЖКХ» мамандарының әзірлікті жоғары деңгейде ұйымдастыруы аса маңызды. Бұл шаруа қалай жүріп жатыр?
Көмір «тупиктерінде» кезек көп
Өткен айда аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласып, жылу маусымына дайындық барысын сұраған едік. Көмір, мазут қоры 100 процент жеткілікті екенін естігесін оқырман қауымға жеткізуге асықтық. Дегенмен бірер күн бұрын «шанхайдағы» теміржол өткелінің маңында ондаған көліктің көмір алу үшін кезекте тұрғанын көз шалды. Мән-жайды білмекке барып едік, таныс жігіттер «осындайды неге жазбайсыңдар?» деген сауалдың астына алды.
– Басқа жерде көмір таусылған. Мына жерде жиырманың үстінде жүк көлігі кезекте тұр. «Зил» камазын жалдап, осында тұрғаныма 3 күн, 3 түн өтті. Дарияның арғы бетінде ағаш жағып, бала-шаға отыр. Тамызыққа деп даярлаған ағаштың да бүгін-ертең түбі көрінеді. Үкіметтен тегін бер деп отырған дәнеңеміз жоқ. Жыл сайын қымбаттайтын көмірді жеткілікті етіп әкеліп берсе болғаны. Қатты отын қат болғасын сатушылар да жарты құдай, жекіре сөйлейді. Ауылдағы ағайынның қыстағы қиындығын жеңілдетуді ойлайтын біреу бар ма өзі? – деді Нұрлан есімді азамат.
Қатты отынға күні қарап отырған үйлер аудан орталығында да аз емес. 30-ға жуық ауылдың 3-4-еуіне ғана көгілдір отын жеткенін ескерсек, ауылды тірілтіп отырған жұрттың жағдайы қиын. Осы сұрақпен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа қайта қоңырау шалдық. Орын алған жағдайдан хабары бар шенеунік себепке келгенде мүдірмеді.
– Өткен жолы өзіңізге берген ақпараттың жалғаны жоқ. Қысқы маусымға дайындық жоғары деңгейде жасалды. Тек бірер апта бұрын теміржолмен жүйіткіген вагонның бірі жолдан шығып, біраз уақыттан ұтылдық. Ауданға уақытыл жетуі тиіс отын сол апат себебінен кешеуілдеп отыр. Дегенмен сәрсенбі күні ғана 2 вагон көмір жергілікті қоймаларға жеткізілді. Жұмада 12 вагон қатты отын қоймаларда сатыла бастайды. Күн күрт сууына байланысты ұзын-сонар кезек қалыптасып қалғанын білемін. Бұл мәселе шешіліп жатыр, – деді Мұрат Байғабылұлы.
Кент әкімдігінде қанша көлік бар?
Қар жамылған қыстың қарбаласы бір ғана көмір жеткізумен бітпейтіні түсінікті. Қалың қар түссе кенттің кемшілігі көзге ұрып, ақ ұлпа ерісе жаяудың табанынан сыз өтетіні қалыпты жағдайға айналып кеткен. Көлік дөңгелегінен жаншылған қар әп сәтте мұзға айналып, тайып құлағандар аурухананы толтырып, тежегіші көмекке келмеген көліктер соқтығысатыны да жалған емес.
Жылда қайталанатын жағдай болғасын білеміз, кент үшін тазалық техникалары аздық етеді. Қазіргі күні 40 тонна тұз аралас құм түскен қарды ерітіп жіберуге дайын тұрғанымен қалағы бар камаздардың қауқары 40 мың халықтың жолын ашып беруге үлгермейді. Кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров «КөркемСервис» мекемесімен келісімшарт жасасқанын айтып отыр. Әттеген-айы сол, қар тазалайтын щеткасы бар көліктің саны екеу-ақ. Мұны естігенде 60 мың теңгенің айналасында айлық алатын көше тазалықшыларын аяйсың. Қақаған аязда асфальттің жиегіндегі су аралас қарды күрекпен атқылап жүрген адамдарды сіз де байқап жүрген боларсыз. Қар тазалығына техникалық даярлықтың төмендігінен қарапайым халықтан бұрын сол жандардың жағдайы ауырлайтыны көңілге кірбің салады. Алайда, кент әкімі көлік санын көбейтуге қолдан келген шараның бәрін жасайтынын айтып, жұбатып отыр.
Ауылға апарар жол
Қала мен кент арасындағы ахуалды айтпағанда, ауылдарға қатынайтын жолдардың сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бұл қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін ескерсек, жергілікті атқарушы билікке «бәрекелді» десек жарасады. Ал қыс мезгілінде бұл жолдар бақылауда бола ма? Аудан әкімдігі биыл үш камазды осы іске жұмылдырмақ ниетте отыр. Қасына аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансындағы гридер мен «погрузчик» қосып берілетіні белгілі. Қаншалықты шындыққа жанасатынын өзіңіз сараларсыз, 5 техника ауданаралық маңыздағы жолдарды аршып, барынша қауіпсіз етуге тырысады.
Бұдан бөлек әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелерді жылыту жайына да тоқтала кетейік. Әрбір ауылда кемі 3-4 мекемеден бар екенін ескерсек, көп көлемде отын жеткізілуі керек. Бұған жауапты мекеме 30 желтоқсанға дейін жылуға дайындыққа байланысты бөлінген қаражат тиісті мақсатта жұмсалып, қажетті отын түрі толығымен қамтылғанын айтып отыр. Ендігісін уақыт көрсетеді.
Көгілдір отын – көптің алаңы
Биыл таяу маңдағы үш ауылға қар түскенше газ қосылады деп жоспарланған. Құрылысшылар үлгерем оймен аптығып жатырғанынан хабар алдық. Одан бұрын Ғ.Мұратбаев ауылы мен Қазалы қаласы от жағу машақатынан арылды. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, замана игілігінің қайғылы жағдайға ұшыратқан кездері аз емес. Жыл басынан бері 20-ға жуық шаңырақта тұтанған өрттің басым бөлігі газдан екені түсінікті.
Тұрғындар тарапынан өрт қауіпсіздігін, газ пешінің техникалық даярлығын тексеруші мамандардың ісіне салғырт қарайтынын айтылып келеді. Алайда мұның алдын алу үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандары талмай қызмет етіп жүргенін білеміз. Әсіресе, қауіпсіздік, дабыл құрылғыларын сатып ала алмайтын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін техника тарату ісін мықтап қолға алған. Былтыр облыстық төтенше жағдайлар департаменті жүздеген отбасыға иіс сезгіш аппараттарды тегін орнатып берсе, биыл осындай құрылғылар аудандық бюджет есебінен шешіледі деп күтілуде. Бұл шаңырақтардың өртке орануының алдын алуға шындап септесетіні анық.
Былтыр көгілдір отын пайдаланушылары газдың жылу бермейтінін айтып, шағымданғаны ұмытылған жоқ. «Газдың орнына ауа араластырып айдап жатыр» дегендердің сөзін жауаптылар теріске шығарса да, көңіл сенді. Себебі пеш 80 С суды айдап тұрса да, терезесіне аяз сурет салған үйлерді көзіміз көрді. Мұның нақты себебі көрсетіліп, дәлелденбесе де қыстан аман шықтық. Қазалылықтар бұл жағдай биыл да қайталана ма деп алаңдайды. Қазірдің өзінде ауа температурасы -20 С-ты көрсетіп тұр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ