Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу маусымына дайындық қалай?

Жылу маусымына дайындық қалай?

Күріш пісіретін он күндік аптап ыстықтан кейін ауа райы күрт суытып кетті. Мұндайда ауылдағы ағайын ошақтарын сайлап, көгілдір отынға қосылған үйлер газ аппаратының шаңын сүртетіні түсінікті. Бәрінен бұрын, аудандағы жылу маусымына жауапты азаматтар мекемелердегі отын қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етуге күш салады. Мектеп, балабақша, аурухана сияқты 160-қа жуық ғимараттың жеткілікті отын қоры аз уақыт ішінде нақтылануы тиіс. Осыған байланысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласып, отын бағасы мен қазіргі таңдағы көлемін білдік.
Бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтанның сөзіне сенсек, білім саласында 60, мәдениеттің 34, денсаулық сақтау саласының 34, спорт бөлімінің 7, басқару аппараттарының 24 ғимараты қыстың қамы үшін қызу дайындық жүргізіп жатыр. Мұның барлығын қажетті отын қорымен қамтамасыз ету үшін 16 мың тонна көмір, 2,3 мың тонна сұйық отын қажет. Қара отынның 3,5 мың тоннасы әлеуметтік нысандар сұранысын қанағаттандырса, 12,5 мың тонна халық қажеттілігіне жоспарланған. Өткен қыстан қалған 2500 тонна көмір қоймаларда сақтаулы тұрғанын да айта кету керек.
Бүгінгі күнге дейін мың тоннаға жуық қатты отын жергілікті қоймаларға жеткізілген. Тағы 17 вагон көмір теміржол арқылы тасымалданып жатыр. Көмір жеткізуші кәсіпкерлермен қатты отын бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігі екеуара меморандум жасағаны да белгілі. Аталған мәселеге байланысты өткен жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев: «Қысқы жылу беру маусымында ауданға 16 мың тонна көмір қажет деп жоспарлап отырмыз. Ауданымызға көмір Қарағанды, Павлодар облыстарындағы кеніштерден тасымалданатындықтан, өзіндік құнының жоғарылайтыны белгілі. Дегенмен біз халыққа қатты отынды қолжетімді бағада ұсынып, тапшылықты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет. Бүгін тиісті сала басшыларымен бірге осы мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылау үшін кездесіп отырмыз», – деген Мұхтар Әуесұлы көмір тасымалдаушы жеке кәсіпкерлерге қатты отын бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсырды. Бұл қымбатшылық қысқан халыққа жәрдем болады деген үміт бар.
– Қазіргі уақыттағы тас көмір 14 мың, ағаш көмір 19000 теңгеден сатылып жатыр. Бұл баға қыс мезгілінде өзгермеуі тиіс. Ал әлеуметтік-мәдени нысандар мен басқару аппараттарына отын қорын жасақтау үшін 687,5 млн теңге қаржы қаралған. Мұның 512,6 миллион теңгесі білім беру ұйымдарына бағытталған. Мекемелердегі жылу қазандықтары мен ошақтарға 208 от жағушы операторлар маусымдық жұмысқа қабылданатыны анық. Бұл бағыттағы жұмыстар да өз ретімен жүріп жатыр, – дейді бөлім басшысы.
Әдеттегідей «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы арқылы 100 мекеме, 74 көп қабатты және 204 жеке тұрғын үйді жылумен қамтитын болады. Аталған мекеме көгілдір отынды негізгі отын ретінде пайдаланғанымен резервтік қорда 288 тонна мазут сақтап отыр. Осы және жөндеу жұмыстары үшін 36 миллион теңге бөлініп, қажетті қондырғыларды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетейік, ауданда 14514 тұрғын үйдің 58 проценті табиғи газбен жылытылады.
Біраз уақыт бұрын Жалаңтөс батыр, Құмжиек, Басықара ауылдарын газдандыру жұмыстары басталған. Күн суытып, қар түскенше 3 елді мекендегі 823 тұрғын үй табиғи газға қосылуы тиіс. Тек қатты отынмен жылынатын 5 мектептің жайы алаңдатып отыр. Дегенмен жауапты бөлім басшысы №104, 146, 103, 238, 258 мектептегі температураны жайлы ұстау үшін 15,8 миллион теңгеге шарт жасалып, қыркүйектің 15-іне дейін 1228 тонна көмір жеткізілетінін айтып отыр. Сол сияқты №3, №17, №23 балабақшалардың қажеттілігі бүгіннің өзінде қанағаттандырылғаны белгілі. Ақсуат ауылындағы №100 мектеп сұйық отынға бейімделуіне байланысты өткен маусымнан қалған 300 тонна көмір балабақшаларға үлестірілген.
Ақыры айтқасын, сұйық отын жайын да баяндай кетейік. Биыл 23 мектеп үшін 944 тонна отынға қосымша қаржы қаралып, шілде айындағы сессиямен бекітіліп, сатып алу конкурсы жүргізілуде. Отынның осы түрін тұтынатын 7 балабақшаға қаңтар-сәуір аралығындағы жылу кезеңінде пайдаланылған 47,5 миллион тг қарыз шығындары шілде айында ғана өтелсе, алдағы жылу маусымына қажетті 56,5 миллион тг қаржы шешімін таппаған. Бұл балабақшалардың отын қорын мерзімінде жасақтамау қаупін көрсетеді. Оның үстіне орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған білім нысандары үшін жоспарланған 150,7 миллион теңгеге қосымша 36, 8 миллион теңге қаржы керек.
Аудандық тұрғын үй комуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген ақпарға сүйенсек, Қазалы қаласындағы музей ғимаратын газ отынына бейімдеуге конкурс өтіп жатыр. Құрылыс құны – 1,6 миллион теңге. Бұдан бөлек Қ.Пірімов ауылындағы пайдалануға берілген спорт кешенін облыстың коммуналдық меншігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, нысандардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын беру жұмыстары 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жүргізіледі.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
13 қыркүйек 2022 ж. 481 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031